Accessibility links

Washington Post: Иран Ресейге Украинадағы соғысқа қажет әскери дрондар жіберді


Иранның Shahed-136 ұшқышсыз аппараттары
Иранның Shahed-136 ұшқышсыз аппараттары

Иран ұшқышсыз әскери аппараттарының алғашқы легін Ресейге жөнелтті. Ресей армиясы бұл құралдарды Украинамен соғыста қолданбақ. Бұл жөнінде америкалық Washington Post басылымы хабарлады.

Басылымның жазуынша, Mohajer-6 және Shahed ұшқышсыз аппараттары Ресейге 19 тамызда жіберілген.

"19 тамызда ұшқышсыз аппараттың кемінде екі түрі тиелген транспорттық ұшақтар Ираннан ұшып шықты. Бұл аппараттар радар, артиллерия және басқа да әскери нысаналарға шабуыл жасауға қажет оқ-дәрі тасымалдай алады" деді басылымға ақпарат берген АҚШ барлау қызметіндегі дереккөз.

Оның айтуынша, ұшатын аппараттарды сынақтан өткізу барысында Ресей әскерилері біршама қиындыққа тап болған. Ресейліктер аппараттың жүйесіндегі қателіктерге "кейіс білдірген" дейді ол.

Болжам бойынша, Тегеран мен Мәскеу түрлі типтегі ұшқышсыз аппараттың жүздеген данасын жеткізу бойынша келісімге келген. Ресейге жіберілген Mohajer-6 және Shahed ұшқышсыз аппараттары – соның алғашқы бөлігі ғана.

Ақ үйдің мәліметі бойынша, Ресей делегациясы кемі екі рет Ирандағы аэродромға барған, бірақ қос тарап та Украинадағы соғысқа қажет дрон сату жайы талқыланды деген ақпаратты жоққа шығарып келеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG