Accessibility links

Қазақстан сепаратистік Z таңбасын қолданғандарды қалай жазалайды?


Украинаға қолдау білдіріп, соғысқа қарсы акцияға шыққан адамдар. Алматы, 6 наурыз 2022 жыл.
Украинаға қолдау білдіріп, соғысқа қарсы акцияға шыққан адамдар. Алматы, 6 наурыз 2022 жыл.

Алматы, Қостанай, Орал, Шымкент пен Байқоңырда Z белгісі жапсырылған көліктер байқалған. Қазақстандықтар бұл таңбаны неге пайдаланады? Бұл үшін жазалау керек пе? Кінәлілерді жауапқа тартуға қандай бап қолданады?

Ресейдің Украинаға басқыншылығын айыптайтын азаматтар "нацистердің жаңа белгісі" деп атайтын Z әрпі соғыстың алғашқы күні – 24 ақпанда пайда болып, аз уақыттың ішінде украиндардың басындағы қасірет символына айналды. Латын әліпбиіндегі Z мен V әріптері алғаш рет Украина жеріне басып кірген ресейлік әскери техниканың сыртынан байқалған. Әскери сарапшылар бұл әріптер "Батыс" және "Шығыс" (батыс және шығыс әскери округі) деген мағына беретінін айтады. Ақылға сыймайтын, негізсіз конспирологиялық теорияларға сенетіндер бұл таңбаны Украина президенті Владимир Зеленскийдің (Vладимир Zеленский) атымен байланыстырады. Бұл теорияға сенсек, латын әріптері Ресей президенті Владимир Путиннің басты жауын көрсетіп, оның көзін жою керек дегенді меңзейді-мыс.

Шығу тарихы белгісіз символика Ресей қоғамында тез тарады: адамдар оны көлігінің сыртына жапсырып, қабырғаға салды, кремльшіл ақпарат құралдары материалдарының бас тақырыбына қосты. Ресейдің Қырымды аннексиялағанына сегіз жыл толуына орай, Мәскеудегі "Лужники" стадионында өткен митинг-концертке қатысқандар Z формасында бүктелген Георгий лентасын тағып жүрді.

Ресей президенті Владимир Путин (ортада) Ресейдің Қырымды аннексиялап алғанына сегіз жыл толуына орай өткізілген концертте. Мәскеу, Ресей, 18 наурыз 2022 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин (ортада) Ресейдің Қырымды аннексиялап алғанына сегіз жыл толуына орай өткізілген концертте. Мәскеу, Ресей, 18 наурыз 2022 жыл.

Z таңбасы Қазақстанды да айналып өтпеді: тұрғындар соғыс белгісі жапсырылған көліктерді Алматы, Қостанай, Орал, Шымкент, 2050 жылға дейін Ресейге жалға берілген Байқоңырдан да көрген. Көлік сыртындағы Z таңбасына қарсы күресті қазақстандықтар ғана емес, полиция да жүргізе бастады: енді қалада осындай жапсырмамен жүрген азаматтар айыппұл төлейді. Айыппұл символика үшін емес, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 590-бабы бесінші бөлімі ("Көлік құралдарын пайдалану ережесін бұзу") бойынша салынады.

"СЕПАРАТИСТІК СИМВОЛИКАҒА ҚАРСЫ КҮРЕСТЕН ТӘЖІРИБЕМ БАР"

Журналист әрі қоғам қайраткері Арман Шораев алғашқылардың бірі болып Facebook-тегі оқырмандарын Z таңбасы бар көліктерді тоқтатып, жүргізушіден "соғыс" белгісін алып тастауды сұрауға үндеген. Ал егер көлік жүргізуші сөзіне құлақ аспаса, полиция шақыруға кеңес берген.

– Сепаратистік символикаға қарсы күрестен тәжірибем бар. 2014 жылы Донбасс оккупацияланған кезде Қазақстанда "Сыпайы адамдар" деген жазуы бар жапсырма қағаздар пайда болды. Белсенді жігіттердің арқасында бұл үрдісті дереу тоқтаттық. Сепаратизм – соғыстың алғышарты. Украина мысалынан соны көріп отырмыз, – дейді Шораев.

Ол өз оқырмандарын әскери символикаға жедел реакция білдіруге шақырып қана қоймай, өзі де көлігінің сыртына Z таңбасын жапсырып алған жүргізушілерге хабарласып, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Шораев осындай телефон әңгімелерінің бірін видеоға жазып алып, әлеуметтік желідегі парақшасына салған.

– Алло, қайырлы күн!

Арман Шораев әңгімесін телефонның ар жағындағы Ақмола облысы Ерейментау қаласында тұратын Сергей есімді азаматпен амандасудан бастайды. Наурыздың басында белсенділердің бірі Сергейдің көлігінің сыртынан Z таңбасын көріп, видеоға түсіріп алған.

– Сергей, маған сіздің көлігіңіздің сыртына Z таңбасы жапсырылғаны туралы видео келді.

– Ал сіз кімсіз?

– Мен Қазақстан Республикасының азаматымын, атым – Арман. Көлігіңізден Z таңбасын дереу алып тастауға кеңес беремін.

– Алып тастадым.

– Алып тастадыңыз ба? Мұндай таңба жапсыру арқылы Қазақстанда ұлтаралық араздық туғызатыныңызды білесіз бе?

– Алып тастадым. Болды, түсіндім.

– Маған осы нөмірге көлігіңіздің сыртында Z таңбасы жоғын растайтын сурет жіберіңізші.

Ары қарай Шораев Сергей жіберген көліктің суретін көрсетеді: жүргізуші Z таңбасын алып тастаған.

Ресей шабуылдаған Украинаны қолдап, соғысқа қарсы митингіге шыққан адамдар. Алматы, 6 наурыз 2022 жыл.
Ресей шабуылдаған Украинаны қолдап, соғысқа қарсы митингіге шыққан адамдар. Алматы, 6 наурыз 2022 жыл.

– Алғашқы күннен бастап түсіндіру жұмыстарын жүргізбесек, Z әрпі жапсырылған көліктер әлдеқайда көп болар еді: оларды тез тауып, тоқтатып, әскери белгіні алып тастауға көндірдік. Райынан қайтпаса, полиция шақырдық. Олардың талабы бірден орындалады, – дейді Арман Шораев.

Әлеуметтік желіде кей қолданушылар Шораевты Украинаны жақтап, Путинге қарсы позицияда болғаны үшін "русофоб" деп атайды. Ол бұлай деуге еш негіз жоқ деп есептейді.

– Орыс мәдениетін менен артық жақсы көретін адамды таба алмайсыз. Мамандығым – орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі. Есенин, Бунин, Достоевский, Булгаковтардың шығармашылығымен жақсы таныспын. Ресей Федерациясында тұратын қатардағы азаматтармен салыстырғанда орыс әдебиетінен көп туындыны жатқа оқи аламын. Оның үстіне, бір маңызды дүниеге назар аудару керек: Ресейді қылмыскер Путин мен оның қандықол режимінен бөліп қараймын, – дейді Шораев.

Арман Шораев пен оның жақтастары қанша көліктен Z таңбасын алғызып тастағаны жөнінде есеп жүргізбейді. Бірақ ол белсенділер дер кезінде реакция білдірмесе, бұл таңба жүздеген көліктің сыртында жүрер еді деп топшылайды. "Қазақстанның ішінде ондаған мың сепаратистік көңіл-күйге бүйрегі тартатын адам барын түсіндік. Олардың арасында пропагандаға санасы уланған әртүрлі ұлт өкілі көп" дейді қоғам қайраткері.

"Z ӘРПІНІҢ ДЕ, БОЛЫП ЖАТҚАН ОҚИҒАЛАРДЫҢ ДА ЕШ МӘНІ ЖОҚ"

Оралдық журналист Лұқпан Ахмедияров та Ресей пропагандасы мен Z таңбасына қарсы күреске қосылған. Ол туған қаласынан Путинді жақтайтын символиканы көріп, бірден іске кіріскен.

– Орталыққа бара жатыр едім. Көлікте кенже қызым отырған. Тұрғын үйге қарай бұрыла бергенімде дүкен жанында тұрған көлікті көрдім. Көлік жуылмаған екен, бірақ Z әрпі жапсырылған тұсын тазартып қойыпты. Таңбаны суретке түсіріп алып, үйге барып, қызымды қалдырып, көліктің жанына қайта келдім. Жолай полицияға хабарласып, Украинадағы әскери қимылды насихаттайтын, агрессор мемлекеттің белгісі саналатын Z таңбасы бар көлік көргенімді айттым. Көлікте бір әйел отыр екен. "Мына таңбаны неге жапсырдыңыз?" деп сұрадым. Ол таңба туралы білмейтін болып шықты: көліктен түсіп, Z әрпін көріп, "Күйеуім жапсырған ғой, ақымақ!" деп, жапсырма қағазды жұлып алып тастады. Осымен тарқастық, – дейді Лұқпан Ахмедияров.

Оралдық журналист Лұқпан Ахмедияров көріп қалып тоқтатқан, сыртына Z белгісін жапсырып алған жеңіл көлік. Лұқпан Ахмедияров Facebook-парақшасында жариялаған сурет.
Оралдық журналист Лұқпан Ахмедияров көріп қалып тоқтатқан, сыртына Z белгісін жапсырып алған жеңіл көлік. Лұқпан Ахмедияров Facebook-парақшасында жариялаған сурет.

Журналист көлігіне Z таңбасын жапсыратын адамдарды Ресейдің Украинаға шабуылын, Қырым аннексиясы мен Украинаның оңтүстік-шығысында өзін-өзі жариялап алған сепаратистік "ЛДХР республикаларының" құрылуын қолдайтын ресейлік мемлекеттік арналар жүргізіп отырған пропаганда құрбаны деп санайды.

– Қазір кей адамдар көлігіне Z әрпін жапсырып жатса, олардың мұны назар аудару үшін жасайтынын түсіну керек. Олар мұның қандай белгі екенін, басқалар бұл әрекетін неге сынайтынын, өзіне неге назар аударғысы келетінін жақсы біледі. Осы арқылы "Путин мен оның әскерін қолдау үшін осылай жасадым" дегенді көрсеткісі келеді, – дейді Лұқпан Ахмедияров.

Журналист полиция дер кезінде реакция білдірмесе, Қазақстанда Z таңбасы бар көліктер көбейер еді деп есептейді.

– Бұл Z таңбасын жапсырған адамдардың мәдени коды мен саяси көзқарасын айқын көрсетеді. Мұндай адамдар өз позициясын қорғайтын азаматтық қадам жасай алмайды. Яғни, олар әкімшілік қамауға алу былай тұрсын, өз іс-әрекеті үшін айыппұл төлеуге де дайын емес. Бұл айдан анық, – дейді журналист.

Терезесіне Z белгісін жапсырып алған жеңіл көлік. Волгоград, Ресей, 6 наурыз 2022 жыл.
Терезесіне Z белгісін жапсырып алған жеңіл көлік. Волгоград, Ресей, 6 наурыз 2022 жыл.

Азаттық Z таңбасы туралы қазақстандық танымал өнертанушы Валерия Ибраевамен де сөйлесіп көрді. Өнертанушы бұл белгіде ешқандай мән-мағына жоғын айтады.

– Кез келген үлкен, саналы әрекеттің бір белгісі болады. McDonald’s компаниясының логотипіндегі "М" әрпі немесе Гитлерлік нацизмнің символы саналатын свастика сияқты. Қазіргі соғыстан да, Z таңбасынан да еш мағына көрмеймін. Бұл таңбаны көлігіне жапсырып жүргендер шын мәнінде не болып жатқанын, оның салдарын түсінбейді. Тағы да қайталаймын: Украина халқының күресінен басқа, болып жатқан оқиғалардың да, Z әрпінің де еш мәні жоқ! – дейді Валерия Ибраева.

"ҚАЗАҚСТАН НАҚТЫ ПОЗИЦИЯ БІЛДІРМЕЙ, ҮНСІЗ КҮТУДЕН БАСҚА ЕШТЕҢЕ ІСТЕЙ АЛМАЙДЫ"

Қазақстан билігі біраз уақыт бойы Z таңбасына да, әлеуметтік желіде Ресейдің Украинаға шабуылын қолдаған кей қазақстандықтардың жазбаларына да мән бермей келді. Бірақ 28 наурызда бас прокуратура кей қазақстандық қолданушылар әлемде болып жатқан оқиғалар жайлы пікірінде тәуелсіз елдің территориясының тұтастығына қатысты сепаратистік үндеулер жасағанын айтып, азаматтарға заңда сепаратизм үшін қылмыстық жауапкершілік, тіпті 10 жылға дейін бостандығынан айыру жазасы қарастырылғанын ескертті.

Дегенмен Қазақстан билігінің қоғамдағы сепаратизм көрінісі мен Z таңбасына қатысты әрекетіне нақтылық жетіспейді: сепаратистік таңба қолданған азаматтар жол жүру ережесі заңына сәйкес жауапқа тартылады. Яғни, мемлекет бұл мәселеге байланысты позициясын ашық айтуға қорқатын сияқты. Саясаттанушы Димаш Әлжанов қазіргі саяси режим Қазақстанға ұлттық мүддесін нақтылап, оны билік органдары арқылы сыртқы саясатта көрсетуге мүмкіндік бермей отырғанын айтады.

– Мұның негізінде Қазақстанның 1990-жылдардан бергі даму траекториясымен байланысты бірнеше мәселе жатыр: өкінішке қарай, мемлекет жеке дара тұлғаның билігі режимін құру жолына түсті. Яғни, тәуелсіздіктің отыз жылында біртұтас мемлекет қалыптастыра алмадық, сондықтан биліктің саясаты да ұлттық мүддеге негізделмейді, – дейді Димаш Әлжанов.

Саясаттанушы Димаш Әлжанов.
Саясаттанушы Димаш Әлжанов.

Саясаттанушының сөзінше, кей интеграциялық процестердің, оның ішінде Еуразия экономика одағын құру идеясының авторы [Қазақстанның бұрынғы президенті] Нұрсұлтан Назарбаев болған. Әлжанов Қазақстан қазір Ресеймен экономикалық интеграцияға баса мән беріп, ұлттық қауіпсіздік концепциясына тиісті көңіл бөлмеген бірінші президент саясатының "жемісін" көріп отыр деп есептейді.

– Қазақстанның не дербес экономикасы, не шағын болса да, елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ете алатын әскері жоқ. Көп мәселеге келгенде Ресейдің алдындағы жағдайымыз қиын. Қазір Тоқаев қолындағы картамен Украинадағы соғыс пен Еуразия экономика одағының болашағына қатысты нақты позиция білдірмей, әліптің артын бағып үнсіз отырудан басқа ештеңе істей алмайды, – дейді саясаттанушы.

Ресей Украинаға басып кіргелі бір айдан асты. Осы уақыт ішінде мыңдаған адам: әскерилер, бейбіт тұрғындар, қарттар, әйелдер мен балалар қаза тапты. Ондаған елдімекен, оның ішінде Мариуполь, Харьков сияқты ірі қалалар қирады. Қазақстан бұл соғыста бейтарап позиция ұстануға тырысып келеді: Нұр-Сұлтан соғыс бастаған Мәскеуді де айыптамайды, Украинаға да гуманитарлық көмек жіберіп, қолдау көрсетеді. 24 наурызда БҰҰ-ның Украинадағы соғысты тоқтату туралы қарары бойынша дауыс беру кезінде Қазақстан тағы да ашық позиция білдірмей, екінші рет "қалыс қалды".

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG