Accessibility links

Тоқаев ескертусіз оқ атуға бұйрық берді. Елдегі 7 қаңтардағы ахуал


Отқа оранған Алматы әкімдігінің 7 қаңтардағы көрінісі.
Отқа оранған Алматы әкімдігінің 7 қаңтардағы көрінісі.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев күштік құрылымдарға "террористерге" қарсы ескертусіз оқ атуға бұйрық берді. Бұған қоса, ол "елде конституциялық тәртіп орнады" деді. Ал ІІМ елде 3811 адам ұсталғанын, 26 "қарулы адам" өлтірілгенін, 26 адам жараланғанын мәлімдеді. 7 қаңтардағы оқиғаларды топтап шықтық.

ТОҚАЕВ ҮНДЕУІНДЕ НЕ АЙТТЫ?

Тоқаев үндеуінде Алматыға "20 мың содыр шабуыл жасады" деп мәлімдеп, елде "лаңкестерге қарсы операция жалғасып жатыр" деді.

"Біз қаруланған әрі дайындықтан өткен жергілікті және шетелдік содырлармен бетпе-бет келіп отырмыз. Нақты айтқанда, содырлармен және лаңкестермен. Сондықтан оларды жою керек. Бұл жуық арада жүзеге асырылады" деді ол.

Бұған қоса ол "шетелде тараптарға келіссөз жүргізіп, проблемаларды бейбіт жолмен шешуге шақырған сөздер айтылып жатыр. Не деген ақымақтық?! Қылмыскерлермен, қанішерлермен қандай келіссөз болуы мүмкін?" деп, Батыс елдері мен халықаралық ұйымдардың мәлімдемелерін сынады.

Мұның алдында АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Франция және Еуропа одағы Қазақстан билігін елдегі ахуал кезінде адам құқығын сақтауға, мәселені бейбіт жолмен шешуге шақырған еді.

Алматы көшесіндегі күзет. 7 қаңтар 2022 жыл.
Алматы көшесіндегі күзет. 7 қаңтар 2022 жыл.

Қазақстан президенті "террористердің", "қанышерлердің", "қылмыскерлердің", "дайындықтан өткен содырлардың" кім екенін ашып айтпай отыр.

Қазақстан басшысы елдегі ахуалға "шолақ белсенділер", "өзін еркін баспасөз құралымыз деп санайтындар", "сырттағы қайраткерлер", "демагогтар" айыпты деп санайды.

Ол былтыр қабылданып, қазақстандық және халықаралық құқық қорғаушылар "косметикалық өзгеріс" деп бағалаған азаматтардың бейбіт митинг өткізуі туралы заңды да еске салды.

"Құжатта митингілер мен жиналыстарды өткізу үшін рұқсат алудың қажет еместігі, тек билік органдарына ескерту жеткілікті екені қарастырылған. Жиынды еліміздің кез келген қаласының орталығында өткізуге болатыны көрсетілген. Алайда қай жерде жиналып, не айтсақ та құқымыз бар деп санайтын кейбір "құқық қорғаушылар" мен "белсенділер" өздерін заңнан жоғары қояды" деді ол.

Елде бейбіт митинг өткізу заңы өзгергенімен, жұрт әкімдіктен рұқсат алуы қиын. Белсенділер жергілікті билікке митинг өткізуді алдын ала ескертсе де, көбіне митингіге рұқсат берілмейді.

Тоқаевтың тұжырымы бойынша, "шолақ белсенділердің" кесірінен полиция "тәртіп сақтау қызметіне толық көңіл бөле алмайды".

"Елде интернеттің бұғатталуына, миллиондаған азамат пен бизнестің зардап шегуіне де солар кінәлі" деді ол. Қазақстан президенті елдегі интернеттің бұғатталуына басқаларды айыптағанымен, интернетті билік өшіріп отыр.

Тоқаев үндеуінде өзі айтқан "шолақ белсенділерді", "еркін баспасөз құралдарын", "сырттағы қайраткерлерді" нақты атамады.

Қазақстан басшысы бейбіт жолмен айтылған талаптар ескерілетінін, нақты жоспарды 11 қаңтарда мәжілісте жариялайтынын жеткізді.

Қазақстан билігінің сыншысы, шетелде тұрып жатқан экс-банкир Мұхтар Әблязов 7 қаңтарда Reuters агенттігіне "Тоқаев пен Мәскеу елдегі наразылықтың артында "шетелде жаттыққан террористер" тұр деп айту арқылы бұл толқуға үкіметтің кінәлі екенін жасырғысы келеді" деді. Қазақстан билігі Әблязовтың ҚДТ қозғалысын "экстремистік" деп танып қызметіне тыйым салған. Ал Еуропарламент ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атайды.

ІІМ: ҮШ МЫҢНАН АСА АДАМ ҰСТАЛДЫ

7 қаңтарда ІІМ күштік құрылымдар Алматыдағы әкімдік ғимаратын, президент резиденциясын және Республика алаңын бақылауға алғанын хабарлады. Ведомство елдегі қақтығыстың негізгі орталығы болған Алматыдағы Республика алаңы "қылмыстық топтардан тазартылды", "елде мемлекеттік органдардың барлық ғимараты бақылауда" деп мәлімдеді.

Бірақ 7 қаңтарда Алматыда атыс дауыстары естілгені де айтылды. Азаттық тілшілерінің сөзінше, Алматы көшелерінде тәртіпті бақылап жүрген орган өкілдері сирек, қираған және тоналған ғимараттардың біразы сол қалпы жатыр.

Азаттық дереккөзі 7 қаңтарда күндіз Алматының Республика алаңында үш адамның мәйітін өз көзімен көрген. Бірінші мәйіт Назарбаев даңғылы мен Сәтбаев көшелерінің қиылысындағы арыққа түскен көлікте жатыр. Марқұм көліктің жүргізушісі болған сияқты. Екінші мәйіт Байсейітова көшесіндегі 42-үйдің алдында жатыр. Ол ашық жерде тұрғанда оқ тигенге ұқсайды. Үшінші мәйіт Сәтбаев пен Желтоқсан көшелері қиылысындағы көлікте жатыр. Көліктің алдыңғы әйнегіне әскери оқ тигені байқалады.

Алматы көшесіндегі күзет. 7 қаңтар 2022 жыл.
Алматы көшесіндегі күзет. 7 қаңтар 2022 жыл.

ІІМ арнайы операция кезінде 26 "қарулы адам" өлтірілгенін, 26 адам жараланғанын мәлімдеді. Күштік құрылымдар ел бойынша кемі 3811 адамды ұстағанын да хабарлады.

ІІМ "бұзақы топтармен" қақтығыс кезінде Алматы мен Шымкентте 216 әскери жараланғанын айтты. 6 қаңтарда ведомство күштік құрылымның 18 қызметкері қаза тапқанын мәлімдеген. Билік "бұзақы топтар", "қылмыстық топтар" деген терминді қолданса да, олардың нақты қандай топтар екенін айтпай отыр.

Елдегі басылымдар мен куәгерлердің айтқан деректерінен қаза тапқандардың ресми статистикадан көп екені де аңғарылады. Бұған дейін, Шымкентте және Қызылорда да адамдар қаза тапқаны айтылған.

7 қаңтарда таңғы сағат 7-де Ақордада Тоқаев контртеррористік штабтың жиынын өткізіп, "негізінен елдің барлық аймағында конституциялық тәртіп қалпына келгенін" мәлімдеген еді. Бірақ ол "содырларды толық жойғанша контртеррористік шараларды жалғастыру керек" деген.

Кәсіпкерлердің ұлттық палатасы елдегі тәртіпсіздік кесірінен бизнеске 87,2 млрд теңге (200 млн доллар) шығын келгенін мәлімдеді. Бұл сома алда өсе түсуі мүмкін. Төтенше жағдайлар министрлігі елде 29 өрт сөндіру көлігі қирағанын да хабарлады. Елде 5 қаңтардан бері интернет өшірілген. Билік интернетті бірнеше сағатқа қосып, қайта өшіріп тастап отыр.

Елде наразылық басталып, кейін тәртіпсіздікке ұласқаннан бері Қазақстанды отыз жыл басқарған экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев жұрт алдына шықпады. Оның қайда екені белгісіз.

Ал Беларусьтің мемлекеттік агенттігі БелТА Беларусь режимінің басшысы Александр Лукашкенко 7 қаңтарда Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен телефон арқылы сөйлескенін хабарлады.

Бұл ақпаратты Лукшаенконың ресми хабарламаларын жариялап отыратын "Пул первого" телеграм каналы да шығарды.

Агенттіктің хабарлауынша, екеуі Қазақстандағы жағдайды талқылаған. Ресми агенттіктер екі тараптың тағы не айтқанын толық жазбаған.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЖАҒДАЙДЫҢ ҚЫСҚАША ХРОНИКАСЫ

2 қаңтарда Жаңаөзенде халық сұйытылған газ бағасының 60 теңгеден 120 теңгеге көтерілгеніне қарсы шыққан. Кейін Жаңаөзендегі наразылықты елдің басқа аймақтары да қолдады. Үкімет Маңғыстау облысында газ бағасы елу теңге болады деп шешім шығарса да, наразылық басылмады.

Наразылар елдегі қымбатшылықты айтып, биліктің отставкасын және 1993 жылғы Конституцияны қайтаруды талап қылған.

5 қаңтар түнде Алматыда мыңдаған адам Республика алаңына жиналды. Полиция оларға қарсы көзден жас ағызатын газ, резеңке оқ, шулы граната қолданды. Елдің басқа аймақтарында - Ақтау, Шымкент, Ақтөбе, Өскемен, Семей, Оралда да наразылық жалғасты.

5 қаңтар түске таман президент Тоқаев үкімет отставкасын қабылдады. Кейін Қауіпсіздік кеңесін басқаруды өз қолына алды. Бұл кеңесті елдің экс-президенті Назарбаев өмір бойы басқаратыны еді.

Алматыдағы Назарбаев қорының алды. 7 қаңтар 2022 жыл.
Алматыдағы Назарбаев қорының алды. 7 қаңтар 2022 жыл.

5 қаңтар түс ауа Алматыда тәртіпсіздік күшейіп, белгісіз адамдар тобы қала әкімдігінің ғимараты мен әуежайға басып кірді. Қала әкімдігінің өртке оранғаны көрінетін видеолар тарады. Алматыда ондаған сауда орындары, дүкендер, банктер тоналғаны хабарланды. Тоқаев 6 қаңтарда Қауіпсіздік кеңесі жиынында Алматыдағы шабуылға "террористік топтарды" айыптады. Бірақ ол айтқан "террористік топтардың" 2 қаңтардан бергі наразылыққа шыққандарға қатысы бар екеніне нақты дәлел жоқ. ​

Қазақстан президенті "террористік бандиттер" деп атаған адамдардың кім екені айтпады.

5 қаңтарда елде жағдай ушыққан тұста Тоқаев ҰҚШҰ-дан көмек сұрады. Ұйымға мүше Ресей, Армения, Беларусь Қазақстанға көмекке әскер жіберетіндерін мәлімдеді. 6 қаңтар кешкісін ресейлік әскерилер елге жетті. Тоқаевтың бұл шешімі ел ішінде наразылыққа ұшырады. Билік ҰҚШҰ әскерлері тек объектілерді күзететінін, тәртіпсіздікті басуға атсалыспайтынын айтты. Қазір елде 19 қаңтарға дейін төтенше жағдай жарияланған.

7 қаңтардағы жағдайға видеошолу

Тоқаев "террористерді құртпай тыңбайтынын" айтты. Бірақ "террористердің" кім екенін атамады
please wait

No media source currently available

0:00 0:10:51 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG