Accessibility links

 
Ахмат Қадыров культі. Рамзан Қадыров әкесінің жеке басын неге ұлықтап жатыр?

Ахмат Қадыров культі. Рамзан Қадыров әкесінің жеке басын неге ұлықтап жатыр?


Ахмат Қадыров (сол жақта) пен Рамзан Қадыров (оң жақта). 2004 жылғы сурет.
Ахмат Қадыров (сол жақта) пен Рамзан Қадыров (оң жақта). 2004 жылғы сурет.

Шешенстанда мектеп бағдарламасына президент Рамзан Қадыровтың әкесі Ахмат Қадыров (2004 жылы кісі қолынан қаза болған) туралы кітапты енгізді. "Жарық нұрына бөленген жол" деген кітапты полиция майоры жазған және бұл оқулықты жоғары сынып оқушылары оқуы тиіс. Жергілікті мұғалімдер мен құқық қорғаушылар бұл қадамды Қадыровтардың жеке басына табынудың тағы бір нышаны дейді.

"Кітапта Ахмат Қадыровтың саяси және рухани мұрасы жазылған". Грозныйдағы мемлекеттік арна сюжетінде кітап осылай сипатталады. Видеода кітап 9-11 сынып оқушыларына "Ресей тарихына қосымша материал ретінде қосылғаны" айтылады. Оқулық барлық мектепке жеткізілген.

Рамзан Қадыров әкесінің өмірін мектепте оқыту идеясын 2019 жылы наурызда Шешенстан Конституциясы күніне арналған жиында ұсынған. Ол америкалық "Тақтар таласы" сериалын көргенін, сериал Ичкерияның тарихына (Шешенстанның 1994, 1996-2000 жылдарғы атауы – Ред.) ұқсайтынын айтқан. Рамзан Қадыров сөзінде "бандалар" мен "хандық" туралы айтып, елдегі "бандаларды әкесінің арқасында жойғанын" сөз еткен еді.

"Мектептегі мұғалімдер, балабақшадағы тәрбиешілер екі-үш минутын, тіпті бес минутын бөліп, осы жолды түсіндірсе, осы күнімізге қалай жеткенімізді түсінер едік" деді ол жиында.

Кітаптың авторы Шешенстан ІІМ жемқорлықпен күрес басқармасының басшысы Амруди Эдилов деп көрсетілген. Оған Грозныйдағы ұлттық музей директорының орынбасары Тамара Эльбуздукаева мен Шешенстан ішкі істер министрі Руслан Алханов көмектескен.

Бір қызығы, кітапты электронды каталогтан табу қиын. Ал заң бойынша, Ресейдегі баспалар шыққан кітаптың бірнеше данасын елдегі кітап сақтау қорына жіберуі тиіс.

ҚАДЫРОВТАРДЫҢ ҚҰРМЕТІНЕ ӨТЕТІН КОНКУРСТАР

Шешенстандағы Гудермесс ауданы мектептердің бірінде директордың орынбасары болып жұмыс істейтін маман оқу орындарында Қадыровтардың жеке басына табыну элементтері бұрыннан барын айтады. Ал кітап соның кезектісі. Мектептерде Қадыров әулетінің құрметіне конкурстарды жиі өткізіп тұруды, желідегі постарда әулетті мақтайтын пікір жазуға міндеттейді.

"Пікір жазып, скриншоттар жасап, оны жоғары органдарға жібереміз. Бұл жасалған жұмыстың нәтижесі деп есептеледі" дейді ол.

Шешенстанда Рамзан Қадыровтың әкесі мен жақындарына арналған конкурстар жиі өтеді. Жыл сайын "Шешенстанның дамуы – балалардың көзімен" суретшілер конкурсы, "Балалар қаламы" шығармалар конкурсы ұйымдастырылады.

Биыл қыркүйекте елде Ахмат Қадыровтың, оның әйелі Аймани мен Рамзан Қадыровтың портреттеріне арналған конкурс болды. Бірінші орын алған суретшіге 500 мың рубль (2,9 млн теңге) берген.

"ҚЫЛМЫСЫН ЖУУДЫҢ АМАЛЫ"

Еуропадағы "Вайфонд" шешен құқық қорғау ұйымының жетекшісі Мухаммад Абдурахманов Ахмат Қадыровтың культін қалыптастыру Шешенстанның қазіргі билігіне ауадай қажет деп санайды.

"Қадыровтар Ленин мен Сталин заманындағыдай фактілерге емес, күшке сүйеніп отыр. Халықты қорқытып отыр. Жұрт өзі емес жақындары үшін алаңдайды. Қадыровтар үшін киелі ештеңе жоқ, оларға қой дейтін ешкім болмай тұр" дейді ол.

Еуропадағы шешендер қауымдастығының жетекшісі Аслан Муртазалиев "Қадыров отбасының культін қалыптастыру – қылмыстарын жасыру амалы" деп есептейді.

"Дін, салт-дәстүр, мәдениет адамдардың жігерін мұқату әдісі болып тұр. Қадыров күндердің күнінде Мәскеу оны өз халқының талауына тастайтынын түсінеді. Сондықтан ол әкесін ұлы тұлға деп көрсетіп, өзіне қорған жасағысы келеді" дейді ол.

Рамзан Қадыров. 7 қазан 2021 жыл.
Рамзан Қадыров. 7 қазан 2021 жыл.

Азаттық радиосының Кавказ.Реалии жобасы бұған дейін Шешенстандағы жеке басқа табыну жайлы талай жазған. Шешенстанда Ахмат Қадыровтың атында 300-ден аса көше бар. Грозныйдағы орталық алаңға, бақтарға, Шешенстан мемлекеттік университетіне, мектептерге, балабақшаларға, мешітке, "Росгвардияның" полкіне Ахмат Қадыровтың есімі берілген.

Аймақтағы Центарой ауылы Ахмат-Юрт деп өзгертілген. Шешенстанда "Ахмат" футбол клубы бар. Шешенстандағы Ахмат Қадыров атындағы қорға 2020 жылы желтоқсанда АҚШ қаржы министрлігі санкция салған еді. Грозный көшелерінде Қадыровтардың портреті де көп.

АҚШ мемлекеттік департаменті Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровқа адамдарды азаптап, заңсыз өлім жазасына кескені үшін, адам құқығын бұзғаны үшін санкция салған. Санкция оның әйелі Медни Кадыроваға, қыздары Айшат пен Каринаға (Хадижат) да салынған. АҚШ басқа елдерге де Қадыров отбасына санкция салуға шақырған.

Ахмат Қадыров 1995-1999 жылдары мойындалмаған Шешен республикасының муфтиі болған. Кейін ол оппозицияға кетіп, Ресей әскерін қолдаған. 2003 жылы Ахмат Қадыров Шешенстан республикасының президенті болып сайланды, бірақ 2004 жылы мамырда оны Грозный қаласында өлтіріп кетті.

Кавказ.Реалии мақаласы орыс тілінен ықшамдалып аударылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG