Accessibility links

"Мемлекеттік тапсырыс, ішкі цензура, билікке жалтақтау". Елдегі баспасөз еркіндігі қандай?


Полиция өкілі Азаттық тілшісі Манас Қайыртайұлының сұрағына жауап бермей тұр. Алматы, 10 маусым 2019 жыл.
Полиция өкілі Азаттық тілшісі Манас Қайыртайұлының сұрағына жауап бермей тұр. Алматы, 10 маусым 2019 жыл.

3 мамыр – Дүниежүзілік баспасөз бостандығы күні. Халықаралық құқық қорғау ұйымдарының есебінде сөз және баспасөз бостандығын шектейтін елдер арасында Қазақстан да үнемі аталады. Азаттық қазақстандық журналистердің баспасөз бостандығы жайлы пікірін білді.

"Шекарасыз тілшілер" (Reporters Without Borders, RSF) халықаралық ұйымының өткен айда жариялаған есебінде "Бүкіләлемдік баспасөз бостандығы индексінде" Қазақстан 180 мемлекеттің арасында 155-орында тұр. Былтырғымен салыстырғанда екі орынға көтерілгенімен, Қазақстан баспасөз еркіндігі шектелетін, тәуелсіз басылымдар мен журналистерге қысым жасалатын ел ретінде аталған. Ұйым Қазақстан билігі "репрессия әдістерін жетілдіріп жатқанын" айтады.

"Мемлекет интернетті толық бақылауға алып, жаңалық сайттарына, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерге түрлі шектеу қояды, блогерлерді түрмеге қамайды я психиатрия клиникасына күштеп жатқызады" дейді "Шекарасыз тілшілер".

Freedom House халықаралық құқық қорғау ұйымы да Қазақстанды саяси бәсеке мен пікір алуандығын тежеп, негізгі саяси бостандықтар мен азаматтық құқықтарды таптап-жаншыған диктаторлар билігіндегі "шоғырланған авторитарлы режим" орныққан елге жатқызады. "Ұлттық және жергілікті билік органдары халыққа есеп бермейтін мұндай режимнің демократиядан ауылы алыс. Азаматтық қоғам үнемі биліктің шамадан тыс шектеуі мен қуғын-сүргініне кез болады, ал пікір еркіндігі басып-жаншылады" деп жазды ұйым биылғы есебінде.

Қазақстанның кейбір өңірінде бұқаралық ақпарат құралында еңбек етіп жүрген журналистер баспасөз еркіндігі, билік пен БАҚ қатынасы және өзге де мәселелер туралы ой-пікірін бөлісті.

"ЖУРНАЛИСТИКАНЫ ҚҰРДЫМҒА КЕТІРЕТІН ШЕКТЕУ"

Есенжол Елекенов – Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласында шығатын "Уральская неделя" газетінің тілшісі. Оның сөзінше, қаржы жағынан жергілікті әкімдікке күні қараған басылымда жұмыс істейтін журналист билікке жақпайтын ой-пікірін тіпті әлеуметтік желіде жариялай алмайтын күйге түседі.

– Мысалы, журналист өз ой-пікірін газетке жарияламақ түгілі, әлеуметтік желідегі жеке парақшасына да ашып жаза алмайды. Өйткені редактор "әлеуметтік желіге әкімдікке қатысты ештеңе жазбаңдар. Әкімдіктен, ішкі саясаттан тендер алып отырмыз. Газетке жазылу науқаны басталғанда олар бізге көмектеспей қояды" деп шектеп отырады. Қандай да бір аудандық газеттің тілшісі әлеуметтік желіге пікірін жазатын болса, арада бір сағат өтпей редактор әкімнің алдына шақырылады. Ондайды көзіммен көргенмін, – дейді Елекенов.

Ол жергілікті басылымда көкейкесті мәселе қозғап жүрген кейбір журналистердің басшы я билікке жақын қызметке ауысқан соң үні естілмей кеткенін де айтты.

– Бізде аудандық басылымдардың көбінің аузы буулы болса да, арасында мәселе көтеріп, айтып жүрген жас журналистер бар еді. Өткен жолы [парламент мен жергілікті мәслихат сайлауы кезінде] солар "Нұр Отан" партиясы ұйымдастырған праймеризге қатысты. Одан соң сол жастардың бірі редактор болды. Енді бірі партияға қабылданды. Қазір солар үнсіз қалды, – дейді журналист.

Есенжол Елекенов жұмыс істейтін "Уральская неделя" - оқырманға тәуелсіз газет ретінде танымал басылым.

– Жалпы, тәуелді ме, тәуелсіз бе, кез келген басылымда шығармашылық еркіндік болуы керек. Қазір кейбір басылым басшылары өздері пропагандамен айналысып жүргесін, қарауындағы журналистеге еркіндік бермейді. Қит етсе журналистерге "Газеттің қандай саясат ұстанып отырғаны білесің бе?" деп ескерту айтады. Мұндай шектеу қоя берсе, журналистика біржола құрдымға кетеді деп ойлаймын, – дейді оралдық журналист.

"НЕСИЕ АЛЫП, АЙЛЫҚ ТӨЛЕЙДІ"

Ақтөбедегі tilshi.kz сайтының жетекшісі Асқар Ақтілеу өңірдегі оқырманға астаналық газеттен гөрі жергілікті мәселені қозғайтын аймақ басылымы қызық деген пікірде.

– Өңірде шығатын басылымда әйтеуір оқырманды қызықтыратын бір жаңалық шығады. Ал астанада – паркет журналистика. Әріптестер Ақорда мен үкімет төңірегінен шықпайды. Кейбір тәуелсіз басылымдар митингіден ақпарат таратады. Шындығында қазір халыққа митингі де қызық емес. Ресми жаңалыққа екі бастан қызығушылық жоқ, – дейді ол.

Асқар Ақтілеудің сөзінше, аймақтағы басылымдардың басым көпшілігі мемлекеттік тапсырысқа тәуелді. Ол журналистика деңгейінің төмендеуіне әсер етіп отырған өзге де жайттар барын айтады.

– Цензура, мемлекеттік тапсырыс, мәжбүрлеп жаздыру, оқыту. Міне, осылардың кесірінен журналистердің қадірі кетіп бара жатыр. Көпшілік журналистерді мойындамайды, сыйламайды... Көптеген газеттің беті азайды. Сайт контенті де әлсіреген. Жарнама да, басылымға жазылу да жоқ. Бәрі әрең отыр. Қайсыбір редакциялар журналистерінің айлығын банктен несие алып төлеп жатыр, – дейді Ақтілеу.

Ол Ақтөбе облысында әсіресе аудандық басылымдардың жағдайы қиындап кеткенін айтады.

– Өз басым басылымдардың мемлекеттен қаржы алуына қарсымын. Сонда да жеке меншікке беруді аудандық басылымдардан бастамау керек еді. Неге десеңіз, Алматы, астана немесе облыс орталығындағы газеттер жарнама тартып, демеуші іздеп, тауып, әйтеуір күнін көре алады. Ал балық аулап, бақша еккеннен басқа ештеңесі жоқ аудандағы басылымдардың жағдайы мүшкіл, – дейді Асқар Ақтілеу.

"АҚША ҚУҒАНДАР ЖУРНАЛИСТИКА СТАНДАРТЫН ОЙЛАМАЙДЫ"

Жамбыл облыстық "Aq jol" газетінде он жылдан астам уақыт жұмыс істеп жүрген журналист Маржан Рақай өңірлік басылымдар өзін қаржыландырушыға кіріптар жағдайда отырғанын айтады.

– Жасыратыны жоқ, қай заманнан бері облыстық басылымдарды жергілікті әкімдік қаржыландырады. Ал қисынға салсақ, кім қаржы бөлсе, сол тапсырыс береді емес пе? Дейтұрғанмен басылым басшылығы өз "өнімінің" абыройы үшін жұмыс істей алатынын көзімізбен көргенбіз... Ал кейінірек, өкінішке қарай, әкімдіктің тапсырысы мен талғамына сай еңбек етіп кеткеніміз жасырын емес. Тіпті газеттегі мақалалар жазылып, беттеліп болғаннан кейін облыстық ішкі саясат басқармасына, облыс әкімінің баспасөз қызметі "бір қарап шығып", тек солардың рұқсатынан соң ғана баспаханаға жіберілетін. Ондайда сөз бостандығы, журналистік еркіндік туралы әңгіме қозғаудың өзі артық, – дейді журналист.

Ол қазіргі кезде облыста бір ЖШС құрамына біріктірілген, жұмыс бағыты бір үш басылымнан бөлек, журналистика стандартын сақтауды емес, "тапсырысты орындап, тендер ұтуды" көздегендер пайда болғанын айтады.

– Кейбір журналистер өзі жеке сайт ашып алып, қалайда әкімдіктен ақша алу үшін, тіпті билікке жағымпаздана жұмыс істейді. Олар сөз еркіндігі, баспасөз бостандығы, ақпарат ашықтығы туралы ойламайды да. Қандай тапсырма түссе, солай жазып, нәпақа тауып жүр. Мүмкін ел арасындағы журналистерге де жемқор, екіжүзді сатқын ретінде қарау осындай жағдайлардан соң пайда болған шығар, – деп қынжылады журналист Маржан Рақай.

ШЕНЕУНІКТЕРДЕН АҚПАРАТ АЛУ ҚИЫНДЫҒЫ

Өскемендегі "Altai" облыстық телеарнасының редакторы Меруерт Расулованың сөзінше, редакция әзірлейтін материалдың басым бөлігі мемлекеттік тапсырыс бойынша жасалады.

– Яғни біздегі хабарлардың дені мемлекеттік жобалардың жүзеге асуы жайында. Дегенмен проблемалық материалдар да шығып тұрады. Оған біреулер тосқауыл қояды деп айта алмаймын. Кейде ондай материалға әкімдік немесе басқа да құрылымдар араласады. Бірақ ондай жағдай сирек болады, – дейді Меруерт Расулова.

Полиция өкілі шеруден хабар әзірлеуге келген журналистердың құжаттарын тексеріп тұр. Алматы, 9 мамыр 2019 жыл.
Полиция өкілі шеруден хабар әзірлеуге келген журналистердың құжаттарын тексеріп тұр. Алматы, 9 мамыр 2019 жыл.

Ал Ratel.kz сайтының Талдықорған қаласындағы тілшісі Әлия Ахмедиева болса шенеуніктердің шамадан тыс сақтық танытып, ақпарат сұраған БАҚ өкілдерінің сауалы көбіне жауапсыз қалатынын айтады.

– Қазіргі шенеуніктер сарапшы ретінде сөйлеуге дайын емес. Олар қорқып қалған. Көбіне шенеуніктер пікірінің әлеуметтік желіде талқылануынан қауіптенеді. Жедел ақпарат түсініксіз ресурстар мен әлеуметтік желілерде жиі жарияланатын болды. Оның рас-өтірігін анықтау үшін, мысалы полицияға немесе жемқорлықпен күрес қызметіне хабарлассаң, олар білмейтінін айтады. Ал ақпараттан оның жедел хабар екені көрініп тұрады. Бірақ мемлекеттік органдар ол жайлы пікір бермейді. Есесіне, әдетте, ондай ақпарат бір аптадан кейін кешігіп барып расталады. Яғни, бұдан БАҚ зиян шегуі мүмкін. Жыл өткен сайын ішкі цензура күшейе түскенін сезінемін, – дейді Әлия Ахмедиева.

Қазақстанның адам құқықтары мен бостандықтарын құрметтеп, құқыққа мойынсұнатын демократиялық, зайырлы мемлекет құратыны туралы тәуелсіздік декларациясын жариялағанына биыл 30 жыл толады. Құқық қорғаушылар елде сөз және баспасөз бостандығы шектелетінін, тәуелсіз журналистер мен басылымдар қысым көретінін айтып, Қазақстан үкіметін мойнына алған міндеттемесін орындауға үндеп келеді. Билік болса журналистерге қысым жасалатынын теріске шығарып, елде бес мыңға жуық БАҚ ресми тіркелгенін баспасөз бостандығының көрсеткіші ретінде алға тартады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG