Accessibility links

"Мұраға қалған цензураны жоятын кез келді". RSF есебіндегі Қазақстан


Билікке қарсы бейбіт митингіде полиция қатысушылардың бірін ұстап, көлікке салған сәтті түсіріп жатқан журналистер. Алматы, 21 қыркүйек 2019 жыл.
Билікке қарсы бейбіт митингіде полиция қатысушылардың бірін ұстап, көлікке салған сәтті түсіріп жатқан журналистер. Алматы, 21 қыркүйек 2019 жыл.

"Шекарасыз тілшілер" (RSF – Reporters without border) халықаралық журналистер құқығын қорғау ұйымы 21 сәуірде Дүниежүзілік баспасөз еркіндігі индексін жариялады. Ұйым есебінде Қазақстан "баспасөз еркіндігі қиын жағдайдағы" елдердің қатарына енген.

"ҚАЗАҚСТАН ИНТЕРНЕТТІ БҰРЫНҒЫДАН БЕТЕР БАҚЫЛАУҒА АЛДЫ"

Дүниежүзілік баспасөз еркіндігі индексінде Қазақстан 180 елдің арасында 158-орын алып, бір жыл ішінде тек бір саты жоғарылаған.

"Шекарасыз тілшілер" есебінде Қазақстанды отыз жылдай басқарып, былтыр наурызда президенттіктен кеткен Назарбаев "ұлт көшбасшысы" (заңмен бекітілген бұл титулға сай, Назарбаев пен оның отбасы қылмыстық жауапқа тартылмайды) ретінде елді жоғарыдан бақылап, болашақ шешімдерге әсер етіп отырғанын жазды.

Ұйым "2019 жылы маусымдағы президент сайлауы кезінде елде сөз бостандығы алға жылжығандай болып, азаматтық қоғам үлкен наразылық шараларын ұйымдастырды, интернеттегі жаңалықтардың сапасы жақсарып, оқырман көбейді. Ал билік реформа туралы сөздерін іске асырып жатырмыз деп көрсеткісі келіп, сәл артқа шегінгендей болды. Бірақ Қазақстан билігі сөз бостандығына репрессияны жаңа түріне көшіп, әсіресе интернетті бұрынғыдан бетер бақылауға алды. Жаңалық сайттарын, әлеуметтік желілерді және хат-хабар алмасатын құрылғыларды бақылауды күшейіп, жиі бұғаттала бастады. Ал блогерлер түрмеге қамалып я жүйке аурулары ауруханасына жіберілді” деп мәлімдеді есебінде.

"Шекарасыз тілшілер" билік транзитіндегі Қазақстанда интернетті бұғаттау жиілегенін, әсіресе Азаттық радиосының сайты, Google өнімдері және Telegram мессенджері нысанаға алынғанын атап өткен.

RFS Қазақстан бұрынғы биліктен "мұраға қалған цензураны жоятын кез келді" деп санайды.

"Шекарасыз тілшілер" есебінде "Қазақстанның жаңа президенті Қасым-Жомарт Тоқаев реформа туралы айтса да, халықты онлайн мониторинг жасайтын құрылғы орнатуға тырысқанын" жазды.

“Былтыр жазда Қазақстанда интернет қолданушылары интернетке кіру үшін құрылғыларына "Қауіпсіздік сертификатын" орнатуға мәжбүр болды. "Сынақ" деп сипатталған "сертификат" кейін алынып тасталды. Бірақ ол толық жойылған жоқ, әлі де шпион ретінде қызмет атқаруы мүмкін" деп санайды ұйым.

"Қауіпсіздік сертификаты"

2019 жылы шілдеде қазақстандық қолданушылар ұялы байланыс операторларынан "интернетке кіру мәселесі туындамас үшін" QazNet Trust Network деп аталатын арнайы "Қауіпсіздік сертификатын" орнатуды ұсынған хабарлама ала бастаған. Қазақстан билігі оны "кибершабуыл мен заңсыз контентке қарсы құрал" деп түсіндірген. Кейін бұл "сертификат" қоғамда қарсылық туғызған. Apple, Mozilla сында компаниялар қазақстандық "Қауіпсіздік сертификатынан" қорғайтын шара қабылдағаны мәлімдеп, Qaznet Trust Network өнімін сенімді сертификаттар тізімінен алып тастады. Кейін 7 тамызда Тоқаев Twitter парақшасына өз тапсырмасы бойынша ҰҚК "сырттан жасалатын шабуылдан" қорғануға арналған сертификатты "сынақтан өткізгенін" жазған. ҰҚК Qaznet Trust Network сынағы "сәтті өткенін", болашақта кибершабуыл жасалған жағдайда сертификатты қолданатынын хабарлаған.

"Шекарасыз тілшілер" ұйымының есебінде "Қазақстан, Тәжікстан және Өзбекстан билігінің шетелдік ақпарат құралдарының тілшілеріне, оның ішінде Азат Еуропа/Азаттық радиосы журналистеріне аккредитация бермей, ақпарат алуға кедергі келтіріп, цензураны күшейтті" деп мәлімдеді.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі жыл басында Азат Еуропа/Азаттық радиосының Қазақ қызметінің екі тілшісі – Мария Мельникова мен Санат Орынәлиевке аккредитация бермеген. Тәжікстан билігі де Азат Еуропа/Азаттық радиосының Тәжік қызметінің бірнеше журналисіне аккредитация бермеді.

Азаттық журналистеріне кедергі көбейген жыл
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:43 0:00

"ПАНДЕМИЯ ӘЛЕМДЕ БАСПАСӨЗ ЕРКІНДІГІНЕ ҚАУІП ТӨНДІРДІ"

"Шекарасыз тілшілер" биылғы есебінде "коронавирус пандемиясы әлемдегі баспасөз еркіндігіне одан әрі қауіп төндіріп жатқанын" мәлімдеді.

"Коронавирус пандемиясымен күресті баспасөз еркіндігімен күреске пайдаланғандар да бар. Қытай (177-орында) мен Иран (173-орын) елдегі коронавирус жайлы ақпараттарға цензура қойды. Ал Ирак билігі (162-орын) елдегі коронавирус туралы ресми статистикаға күмән келтірген Reuters ақпарат агенттігінің лицензиясын үш айға тоқтатып тастады" деп жазды ұйым есебінде.

"Шекарасыз тілшілер" ұйымының 2020 жылғы Баспасөз еркіндігі индексінде Норвегия, Финляндия, Дания, Швеция, Нидерланд, Ямайка, Коста-Рика, Швейцария, Жаңа Зеландия, Португалия, Германия, Бельгия, Ирландия, Эстония "сөз бостандығы жақсы елдер" қатарына енген.

Постсовет елдері арасында Латвия – 22, Литва – 28, Грузия – 60, Армения – 61, Қырғызстан – 82, Молдова – 91, Украина – 96, Ресей – 149, Беларусь – 153, Өзбекстан – 156, Тәжікстан – 161, Әзербайжан – 168 орында тұр.

Ал индекстің соңындағы 179-180-орынды Түркіменстан мен Солтүстік Корея бөліскен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG