Accessibility links

ASPI: Қытай Шыңжаңда лагерьлерді көбейтіп жатыр. Өлкеде 380 "орталық" бар


Шыңжаңдағы лагерьлер қандай? 3D көріністерді ұсынамыз
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:00 0:00

Шыңжаңдағы лагерьлер қандай? 3D көріністерді ұсынамыз

Австралиялық зерттеушілер Қытайдың Шыңжаң өлкесінде лагерьлер саны артқанын анықтап отыр. Бұған дейін Пекин Шыңжаңдағы "тәрбиелеу орталықтарында" ұйғырлар, қазақтар және басқа да мұсылмандар қалмады деген еді.

Австралия стратегиялық саясат институтының (ASPI) 24 қыркүйекте жариялаған зерттеуінде Қытайдың Шыңжаң өлкесіндегі мұсылмандарды ұстайтын лагерьлердің 40 пайызға артқаны айтылады.

БҰҰ есебінше, Қытай билігі 2017 жылдан бері Шыңжаңда 1 миллионнан астам ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылмандарды қамаған. Қытай билігі биыл Шыңжаңдағы "қайта тәрбиелеу орталықтардағы" адамдардың бәрі шыққанын айтқан (Қытай бұл орталықтарды кәсіп меңгеріп, тіл үйренетін "қайта тәрбиелеу орындары" дегенді алға тартады. Ал халықаралық ұйымдар орталықтарды саяси лагерь дейді).

Шыңжаңдағы орталықта отырып шыққан қазақтар, ұйғырлар ол жерді лагерь мен түрмеге теңеп, қорлық көріп, азапталғанын мәлімдеген.

ASPI спутник суреттерін, куәгерлердің сөзін, медиа ақпараттарын және ресми тендер құжаттарын пайдалану арқылы Шыңжаңнан 380-нен аса "лагерьге ұқсас" ғимаратты анықтаған.

ASPI картасы: Шыңжаңда лагерьлер орналасқан жерлер.
ASPI картасы: Шыңжаңда лагерьлер орналасқан жерлер.

"2019 жылдың шілдесі мен 2020 жылдың шілдесі аралығында Шыңжаңда кем дегенде 61 лагерь жаңадан салынған. 2020 жылы әлі 14-тен аса лагерь салынып жатыр" деп жазылған ASPI зерттеуінде.

Институт Шыңжаңдағы 380 лагерьді күзет деңгейіне байланысты төрт деңгейге бөлген. 1-2 деңгейге күзеті орташа, саяси оқытуға арналған орталықтар енген. Ал 3-4 деңгейге түрмеге ұқсас, күзеті қатаң орталықтар кірген.

ASPI мәліметінше, 1-2 деңгейге енетін 70 шақты орталықта "өзгергендіктен я жабылғандықтан" қоршаулары алынған. Бірақ 3-4 деңгейдегі "түрмеге ұқсас" орталықтар қайта жаңартылып, тармақтала бастаған.

Жақында АҚШ Шыңжаңнан келетін мақта-мата, киім-кешек, шашқа арналған заттар мен компьютер құрылғыларын импорттауға тыйым салған еді. АҚШ бұл тауарларды өндіру кезінде Қытай билігі лагерьде отырғандарды мәжбүрлеп жүмыс істетіп, еңбегін қанаған деп санайды.

АҚШ заң шығарушылары Шыңжаңнан келетін импорт өнімдері мен тауарларға тыйым салған. Жақында Қытай билігі Шыңжаңда жүргізген саясатын қорғап, онда кәсіпке үйрету бағдарламалары мен жұмыс істеу жағдайы жақсарды, бұл орталықтардан 2014-2019 жылдары 7,7 миллион адам "кәсіп меңгерді" деген.

2017 жылы көктемде Қытай билігі Шыңжаң өлкесінде саяси лагерьлер ашып, сол аймақта тұратын мұсылмандарды қамап жатқаны жайлы ақпарат тарай бастады. Қытай басында Шыңжаңдағы әрекетін жоққа шығарған, бірақ кейін бұл ісін "терроризммен күрес", ал лагерьлерді "кәсіп меңгеретін орталық" деп атаған.

Қазақстандағы этникалық қазақтардың құқықтарын қорғайтын ұйымдар Шыңжаңдағы "саяси үйрету лагерьлерінде" қамалып жатқан қазақтар туралы жиі мәселе көтереді. Олар туыстарының Қазақстанға өте алмай отырғанын, лагерьлерге ешқандай айыпсыз қамалғанын айтады.

Лагерьде отырып шыққандардың сөзінше, жабық мекемелерде адамдарды қорқытып-үркітіп, діннен бас тартуға (Шыңжаңдағы түркітілдес ұлттар ислам дінін ұстанады) және қытай тілін үйренуге мәжбүрлейді.

Халықаралық құқық қорғаушы ұйымдар да Қытай билігін Шыңжаң өлкесінде тұратын ұйғыр, қазақ, қырғыз және басқа да мұсылмандардың құқығын шектейді және оларды күштеп ассимиляциялап, аборт жасатып, тілін, мәдениетін жойғысы келеді деп сынайды.

Қазақстан билігі Қытайдың Шыңжаңдағы әрекетіне қатысты нақты ресми ұстанымын білдірмеген. Бірақ 2019 жылы желтоқсанда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев германиялық DW телеарасына берген сұхбатында "Халықаралық ұйымдар ұсынып жатқан көптеген ақпарат шындыққа жанаспайды. Қалай болғанда да этникалық қазақтарға қатысты осы тақырыптың айналасында әдейі шу шығарып жатқан сияқты" деп мұны АҚШ пен Қытай арасындағы геосаяси ойынның бір бөлігіне балаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG