Қазақстандық азаматтық белсенділер Ермек Нарымбаев пен Мөлдір Адилова бүгін Украина астанасы Киев қаласында баспасөз мәслихатын өткізді. Баспасөз жиынын жүргізіп отырған азамат, өзі де бұған дейін Қазақстаннан Украинаға кетіп қалған қоғамдық белсенді Айдос Садықов оларды «тұтқындалу қаупі туған соң отандарынан кеткен адамдар» деп таныстырды.
«САЯСИ ҚҰҚЫҚТАРЫМЫЗ ШЕКТЕЛДІ»
Ермек Нарымбаев сәуір айынан бастап Қазақстанның бірнеше қаласында жерге қатысты митингілер өткен соң өзінің қуғын көре бастағанын мәдімдеді. «Қорғалу құқығы бар куәгер» статусын алып, «кез-келген сәтті айыпталушыға айналу қаупіне іліккенін» айтқан белсенді соңғы кездері үнемі аңдуда болғанын баяндады.
Кейбіреулер ойлағандай, билікпен қандай да бір келісімге келгеніміз жоқ.
– Маған сот үкімі бойынша шетелге кетуіме тыйым салынған. Кейбіреулер ойлағандай, билікпен қандай да бір келісімге келгеніміз жоқ. Соңымыздан аңдыған қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері ауысып, сәл қаперсіз қалатын демалыс сәтте қашып шықтық. Көршілес елдің бірінің шекарасынан заңсыз өттік, – деді ол.
Биыл ақпан айында үш жылға шартты жазаға кесілген Ермек Нарымбаев Украинаға қашу себебін «Қазақстанда мұнан әрі өмір сүру мүмкін болмағанымен» түсіндіреді.
– Қазақстан конституциясында кепілдік берілген саяси құқықтарымды талап еткенім үшін бірнеше рет қылмыстық, әкімшілік жазаға тартылдым. Тіпті жақында мені террористер қатарына қосып қойды. Сөйтіп банктен өзіме тиесілі қаражатты алу мүмкіндігінен айырды. Сот шешімі бойынша маған бес жылға дейін қоғамдық жұмыспен шұғылдануға да тыйым салынды, – дейді ол.
Киевке барған екінші белсенді – биыл мамырдың 21-інде өтеді делінген митингі қарсаңында тұтқындалып, 15 тәулікке қамалған Мөлдір Адилова да «Қазақстанда саяси құқығым шектелді, дәл қазір маған қылмыстық іс қозғалу қаупі төніп тұр» деп санайды.
Ермек Нарымбаев пен Мөлдір Адилова Украинада қалуды жоспарлап отырғандарын, Киевтен саяси босқын мәртебесін сұрайтындарын мәлімдеді.
«АМАЛСЫЗ ҚАДАМ»
Осыдан екі-үш күн бұрын қоғамдық белсенді Ермек Нарымбаевты достары оның Facebook желісінде көрінбей кеткенін айтып, алаңдай бастаған еді. Нарымбаевтың Киевке келгенін шілденің 14-інде Украинада жүрген қоғамдық белсенді Айдос Садықов Facebook әлеуметтік желісінде хабарлаған. Кейін Ермек Нарымбаевтың өзі де бұл ақпаратты растап, Украинаға Мөлдір Адилова екеуі барғанын айтқан.
Ермек Нарымбаевтың Украинаға кетуін Қазақстандағы қоғамдық белсенділер мен әлеуметтік желі қолданушылары түрліше қабылдаған. Кейбірі оның бұл шешімін қолдамаса, кейбірі «амалсыздан жасалған қадам» деп есептейтінін білдірген.
Саясаттанушы Айдос Сарым Facebook желісінде «эмиграцияға адам мәжбүрліктен кететінін, бірақ онда өмір сүру де оңай емес екенін» айтады. Ол «бұл қадамның Ермек Нарымбаев үшін саяси, құқықтық салдары болуы мүмкін» екенін айтады.
Ермек Нарымбаев қайта оралса, бас бостандығынан айырылуы ықтимал.
Ал қоғамдық белсенді Aslan Kurmanbaev «шартты жазаға тартылған, Қазақстан аумағынан шығуға рұқсат етілмеген Ермек Нарымбаев қайта оралса, бас бостандығынан айырылуы ықтимал» дейді.
Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина «Енді қарсылық акциялары Киевте ұдайы өтетін болды. Украинада митингіге шығуға, өмір сүруге, еңбек етіп, ешбір үрейсіз шындықты айтуға болады» деп жазады.
Ермек Нарымбаев 2000-2001 жылдары Қазақстан президенті жанындағы стратегиялық зерттеулер институтында жұмыс істеген. Қазақ-өзбек шекарасын демаркациялаудан кейін Өзбекстанға берілетін Оңтүстік Қазақстан облысындағы Бағыс пен Түркістан ауылдарын қорғау жөнінде жастар қоғамдық комитетін құрған. 2009 жылы «Арман» қозғалысын құрып, ипотекалық несие алушылар құқығын қорғаумен көзге түскен. 2010 жылы қаңтарда өткен митингіде «Назарбаев, кет» деген ұран көтергені үшін 4 жылға бас бостандығынан айырылған. Жазасын жартылай өтеп шыққан соң да билікке «заңсыз талап қойғаны» үшін бірнеше рет әкімшілік жазаға тартылған. Нарымбаев биыл қаңтарда қылмыстық кодекстің 174-бабының 2-тармағы бойынша («әлеуметтік, ұлттық алауыздық тудыру») айыпталған. Ол тағы бір белсенді Серікжан Мәмбеталин екеуі әлеуметтік желіде авторы Мұрат Телібеков делінетін кітаптан үзінді келтіргені үшін айыпты болған. Апелляциялық сот Нарымбаевтың тергеу абақтысында өткізген уақытын ескеріп, оның сот кескен жаза мерзімін жеңілдетіп, үш жылға бас бостандығын шектеген.
Ал Мөлдір Адылова (Facebook-те Алтынай Адилова деп тіркелген) алғаш рет биыл – Алматыда жер мәселесіне қатысты шеру өтеді делінген 21мамыр қарсаңында ұсталған. Ол бірнеше адаммен бірге «әлеуметтікжеліде көпшілікті жер мәселесі бойынша митингіге шақырды» деген айыппен 15 күнге қамалған. Белсенді бұл айыппен келіспей,«Қазақстанның патриоты ретінде жер мәселесіне қатысты жеке пікірін білдіргенін» мәлімдеген.
Қазақстан билігі Нарымбаев пен Адилованың шетелге кетуі оқиғасына әзірше пікір білдірмеді. Ішкі істер министрінің тергеу ісі бойынша орынбасары Рашид Жақыпов бүгін Астана қаласында өткен брифинг кезінде Киевке кеткен белсенділер туралы сауалға «әзір жауап бере алмайтынын» айтты.