Accessibility links

 
Мәжіліс депутаттары президенттен конституцияға өзгеріс енгізуді құптауды өтінді

Мәжіліс депутаттары президенттен конституцияға өзгеріс енгізуді құптауды өтінді


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Астана, 6 наурыз 2009 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Астана, 6 наурыз 2009 жыл.

Бейсенбі, желтоқсанның 29-ы күні парламент мәжілісінің кезекті отырысында депутаттар президент Назарбаевтың атына үндеу жолдады. Үндеуде Қазақстан Республикасының конституциясына өзгеріс енгізу туралы заңды қабылдауды сұраған. Кейбір депутаттардың пікірінше, референдум өткізу туралы бастамашыл топтың қаулысы заңға қайшы болған.

Депутаттар жолдаған үндеуді мәжіліс төрағасы Орал Мұхаметжанов оқып шықты.

– «Сіз республикалық референдумда ҚР тұңғыш президенті елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың президенттік өкілеттігін ұзарту мүмкіндігін көздейтін ҚР конституциясына өзгеріс енгізу туралы заңды қабылдайсыз ба?» деген мәселені айтуды өтінеді. Біз, ҚР парламенті депутаттары, Қазақстанның бүкіл халқы сияқты еліміздің жарқын болашағын тек қана сізбен және сіздің есімімізбен байланыстырамыз. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, осы үндеуді қолдауыңызды өтінеміз, – деді мәжіліс төрағасы Орал Мұхаметжанов.



Президентке жолданған үндеу бойынша қаулы қабылданды. Оны жиынға қатысқан мәжіліс депутаттарының бәрі бір ауыздан қолдады.

Естеріңізде болса, Назарбаевтың өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту жөнінде референдум өзкізу туралы бастамашыл топ конституцияға ешқандай өзгерту енгізудің қажеті жоқ деген болатын. Сонымен бірге орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов бастамашыл топтың әрекеті «Республикалық референдум туралы» заңға сәйкес екені туралы бас прокуратураның ақпараты барын дүйсенбі күні журналистерге мәлімдеген.

Бірақ мәжіліс депутаты Ирак Елекеев Өскеменде қабылданған бастамашыл топтың референдум туралы қаулысы заңға қайшы болғанын жасырмады:

– Мен әлгі Өскеменде қабылданған қаулысын оқыдым. Онда айтылған, «елбасын 2020 жылға дейін қолдау керек деген». Ал енді оқып көрсем, заңгер ретінде айтайын дегенім – бұл жерде заңға қайшы болған сияқты. Ол үшін әуелі конституцияға өзгеріс енгізу керек. Ең бірінші. Осы «елбасы» деген сөзді негізінде конституцияға енгізу керек, – дейді мәжіліс депутаты Ирак Елекеев Азаттық тілшісіне.

Президентке жолданған үндеумен бірге ел конституциясына өзгеріс енгізу туралы Қазақстан Республикасының тиісті заң жобасы да қоса жіберілді. «Президент референдум өткізбес бұрын конституцияға енгізілетін осы өзгерісті қабылдауы тиіс» дейді депутаттар.

Орталық сайлау комиссиясы дүйсенбі күні, 27 желтоқсанда президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілетін 2020 жылға дейін ұзарту жөнінде референдум өткізу жайлы ұсыныс айтқан бастамашыл топты тіркеген болатын. Бастамашыл топ өкілдерінің айтуынша, референдум 2011 жылдың наурызында өтуі мүмкін.

– Қазіргі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілетін 2020 жылға дейін ұзарту жөніндегі бастаманы әлден-ақ 150 мың адам қолдап отыр, – деп хабарлады бастамашыл топтың жетекшісі, Семей университетінің ректоры Ерлан Сыдықов сәрсенбі, 29 желтоқсан күні ҚазТАГ агенттігіне.
XS
SM
MD
LG