Accessibility links

Астана қаласында қажы әйелдер ұйымы құрылды


Қазақстанның қажылар қауымдастығы жанынан Астана қалалық әйел қажылар ұйымы құрылып отыр. Қазіргі таңда Астанада Мекеге қажылыққа барып келген 44 әйел тұрады екен.

Әйел қажылар ұйымын құрушылардың бірі Бақыт Ержанқызының айтуынша, аталған құрылым негізінен діни тәрбие жұмыстарымен шұғылданатын болады. Қазақстан қажылар қауымдастығының төрағасы Марат Сәрсенбаевтың айтуынша, республикада он мыңға жуық қажы бар екен. Соңғы жылдары әйелдер арасында да қажыға барушылар көбейіп келеді. Бұған дейін Астанада қажылар қауымдастығы құрылса, енді әйел қажылар да ұйымға бірігуді жөн көріпті.

Астана қалалық қажылар қауымдастығының сайлауымен әйел қажылар ұйымының төрайымы болып Меккеге екі мәрте қажылыққа барып келген астаналық Бақыт қажы Ержанқызы сайланды. Аталған ұйым жас қыз-келіншектердің арасында имандылық сабақтарын жүргізіп, қоғамдық ұйымдармен жұмыс жасамақшы. Астаналық Рыскелді қажы Әбілсейтқызының айтуынша, ол өмір бойы аңсаған арманы - қажылыққа биыл, 68 жасында барыпты.

- Қажылық сапар жалпы дүниедегі мұсылман қауымының бесінші парызы болып саналғанымен, Қазақстанда оған ден қойып жатқандар аз. Сондықтан, жастар арасында түрлі діни ағымдарға ілесушілер мен бой алдырушылар көп, - дейді ол.

«Ислам өркениеті» газетінің редакторы Сейсенхан Махамбеттің айтуынша, қазіргі Қазақстанда мұсылмандардың саны 70 пайызды құрайды.

- Алайда, мемлекет олардың діни-сенімімен санасып отырған жоқ деп санайды. Сондықтан, жергілікті жерлерде қажы әйелдердің ұйымдарын құру арқылы жас әйел-аналардың, келіншектер мен қыздардың тәрбиесін дұрыс жолға қоюдың бұл да бір ғасырлар сынынан өткен әдісі, - деп есептейді Сейсенхан Махамбет.

Қазақстан қажылар қауымдастығының төрағасы Марат Сәрсенбаевтың айтуынша, қазір республикада 1700 мешіт бар болса, олардың жүздегені ресми тіркеуден өткізілмеген екен. Ондағы имам-молдалардың білімі жайлы айтылған сындар естіліп жатады. Соған байланысты қажылар қауымдастығы Қазақстан мұсылмандары діни бірлестігімен бірге діни орындардың жетекшілерінің білімін жетілдіру және ислам негізі аясында тәрбие беру ісіне көп көңіл бөлуді көздеп отырған көрінеді.
XS
SM
MD
LG