Accessibility links

Алматыда «Азия қоғамының» халықаралық бизнес конференциясы басталды


Сәрсенбі күні Алматыда «Қазақстан инвестицияның жаңа толқынын тартуда; диверсификация және тұрақты өсім стратегиясы» атты халықаралық бизнес жиыны басталды. Бұл жиынға 50-ден астам елдің 400-ге жуық өкілдері, оның ішінде АҚШ дипломаты Ричард Холбрук пен Джордж Сорос қатысып отыр.

Маусымның 15-күні өз жұмысын бастаған Алматы форумын АҚШ-тың белгілі саясаткері, Нью-Йоркте орналасқан «Азия қоғамы» атты ұйымның президенті Ричард Холбрук ашып сөз сөйледі. Ол сөзінде бұл форумда Қазақстанның экономикалық дамуы туралы, Қазақстанның Орталық Азия аймағындағы рөлі жөнінде, сондай-ақ мұнайдан түсетін кірісті қалай тиімді пайдалану жолдары, орта және шағын кәсіпкерлікті дамыту, шетел инвестициясын көбірек тарту арқылы өндірісті өркендету, ғылыми зерттеу жұмыстарын қаржыландыру, жаңа технологияны енгізу секілді тақырыптар бойынша кең түрде пікірталастар өтетіндігін мәлімдеді.

Бұдан соң сөз алған Қазақстан сыртқы істер министрі Қасымжомарт Тоқаев осы уақытқа дейін Қазақстанға шетелдерден құйылған 27 миллиард доллардың инвестициясының тең жарымы, яғни 50 проценті АҚШ-тың үлесіне тиесілі екенін айта келе, Қазақстан үкіметі өз тарапынан АҚШ-тың Қазақстандағы экономикалық және қаржылық мүддесін құқықтық және саяси тұрғыдан қорғайтын болады деп сендірді.

Сондай-ақ, Қазақстандағы демократия мәселесіне тоқталған Қ.Тоқаев елдегі демократияның алға басуына АҚШ үкіметі мен сондағы азаматтық институттар және ашық қоғамдармен арадағы ашық әңгіме диалогтың маңыздылығын атап өтті. Министр Тоқаев Қазақстандағы демократия жағдайына қолдау көрсеткені үшін АҚШ үкіметіне ризашылығын білдірумен қатар, кейбір мәселелерге АҚШ тарапы түсіністікпен қараса деген тілегін де жеткізді.

Конференция барысында сөз алған белгілі қаржыгер Джордж Сорос Қазақстанда жаңа мұнай-газ көздерінің ашылуына байланысты ел экономикасының алдағы уақытта да шарықтай беретіндігін атай келе, биылғы жылы осы мұнай-газдан ел экономикасына 15 миллардтан астам доллардың қаржысы құйылатындығын айтты.

Сонымен бірге алдағы 5 жыл ішінде бұл көрсеткіштің екі есеге өсетіндігін мәлімдеген Дж.Сорос, Қазақстан басшылығы соңғы айларда Грузия мен Украинадағы жағдайдан үрейлендей, елдегі оппозицияны қуғындап, оппозициялық басылымдарды жауып, оппозиция лидерлеріне қарсы сот істерін бастап жатыр деп сынады. Ол, сонымен бірге, ел ішіндегі қоғамдық ұйымдар мен халықаралық ұйымдар тарапынан қарсылыққа ұшыраған «Экстремизм туралы» заңның қабылдануына және де «Ұлттық қауіпсіздік туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілетіндігіне және үкіметтік емес, бейресми ұйымдарға бақылауды күшейту туралы заңға өзгеріс кіргізілмек болып отырғанына өз алаңдаушылығын білдірді. Сорос мұны «демократиядан кері кету» деп бағалады.

Алайда, конференция барысында Қазақстан сыртқы істер министрі Қасымжомарт Тоқаев Дж.Соростың әлгі айтқандарымен өзінің келіспейтіндігін білдірді. Оның айтуынша, Қазақстан әлі жас мемлекет әрі Ресей, Қытай, Өзбекстан секілді мемлекеттермен шекараласып жатыр. Сондықтан да Қазақстанға демократияны бірден орната салу қиын, бұған ақырындап жету керек деген уәж айтты министр Қ.Тоқаев.

Халықаралық конференцияның жұмысы жұмаға дейін жалғасады.
XS
SM
MD
LG