Accessibility links

Астанадағы екіқабатты тұрғын үйдің төбесі екінші рет опырылып түсті


Астанадағы төбесі екі қайтара опырылып түскен үйдің тұрғындары өз жағдайларына биліктің назарын бұру үшін енді 10-маусымда Есіл өзенінің екі жағын жалғастыратын көпірді жауып тастамақ.

Астанадағы Чехоев көшесіндегі дәл осы екі қабатты 28 пәтерлі №33-үйдің кіре берісі көкектің 17-інде опырылып түсіп, сол үйдегі 115 тұрғынның бірнеше күн бойына таныс-туғандарын сағалап, 20 бала мектептің спорт залын паналағаны жайлы Азаттық радиосы хабарлаған болатын. Енді міне сол үйдің кіре берісі маусымның 7-сі күні кешкісін екінші мәрте құлап, төбесі ашық қалды.

Үй төбесі алғаш құлаған кезде жас баласымен мектептің спорт залын паналаған Ләйлә Бейсованың осы жолы пәтерінің төбесі ортасына опырылып түсті. Ләйләнің көршісі Айнагүл Сахиқызының да пәтерінің төбесі опырылып, отбасы ашық аспан астында қалыпты.

Алдыңғы оқиға болған кезде қала әкімдігі жөндеу жұмыстарын кешеуілдеткен соң 9 мамыр мерекесі кезінде осы үйдің 115 тұрғыны Есілдің екі жағын жалғастыратын көпірге шығып, автокөлік жолын жауып тастамақ болған-ды. Оны қала әкімдігі екі жақты келісім негізінде мамырдың 16-сында тоқтатып, жөндеу жұмыстарын бастады.

Ал жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан «Гумер» компаниясының бригадирі Нұрлыбек Әбдиевтің айтуынша, құрылысшылар үйдің екінші қабатындағы бетон плитаны кранмен көтеріп жатқанда үй төбесі опырылып ортасына түскен. Апатты жағдайдағы үйдің тұрғыны Алтынай Әубәкірованың айтуынша, олар мамырдың басында пәтер иелерінің қалалық тұрғын үй департаментіне, қала әкіміне, Қазақстан президентіне хат жазғанымен оларға әлі күнге дейін жауап алмапты.

Енді олар маусымның 10-ына дейін қала әкімімен кездесуге тырыспақшы, одан түк шықпаса, басқаша жолды іздестіреміз деген ниетте. Ал, Астанадағы Сарыарқа ауданы әкімінің орынбасары Ерболат Қабылдин бұл үйде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқандығын айтады.

- Бұл Чехоев көшесіндегі үйдің тұрғындары жаңа пәтерлерге кіргілері келеді. Ол әзірге мүмкін емес нәрсе, - дейді әкім орынбасары.

Ал тұрғындар болса қала басшылығынан бұл үйде тағы апат болып, адам өлімі болмай тұрғанда, басқа баспанаға көшіруді талап етуде. Өйтпеген жағдайда олар Астанада жыл сайын қала күні мерекеленетін маусымның 10-ы күні наразылық митингісіне шығатындарын ескертті.

Есіл өзеніндегі көпірді жауып тастау жөніндегі бастамашыл топтың мүшесі Гүлбану Үсенованың айтуынша, оның келіні де, ұлы да мүгедек. Осыдан үш жыл бұрын қалалық тұрғын үй департаментінің пәтер алу кезегінде 1850-ші болып тұрса, сонан бері 230 адамға ғана жылжып, қазір сол тізімде 1620-сыншы болып тұрған көрінеді. Гүлбану Үсенова өздерін қала әкімі Өмірзақ Шүкеев қабылдамаған жағдайда көпірге шығамыз деп отыр.

Сарыарқа ауданы әкімінің орынбасары Ерболат Қабылдиннің айтуынша, қала бойынша тозығы жеткен үйлерді бұзып, орнына жаңа ғимараттар салудың арнайы бағдарламасы бар. Сол бағдарлама бойынша, апатты жағдайда тұрған 26 тозығы жеткен үй болса, оның оннан астамы Сарыарқа ауданы аумағында орналасқан екен.
XS
SM
MD
LG