Accessibility links

Мамырдың соңында Астанада екі жас кісі қолынан қаза тапқан


Олардың бірі өзінің жеке автоөкілігімен жолаушы тасып, қосымша нәпақы тауып жүрген 28 жастағы жігіт, енді бірі Астанадағы кәсіпорындардың бірінде жұмыс істеген 20 жастағы қыз бала болып отыр. Қазіргі уақытта күдіктілер ұсталып, тергеу амалдары жүргізілуде екен. Ұсталған күдіктілер 22 жастағы жігіттер.

Астана қаласындағы ішкі істер басқармасы бастығының бірінші орынбасары полиция полковнигі Марат Демеуовтің айтуынша, Астана қаласында қылмыстардың 55 пайызын негізінен сырттан келгендер жасайды екен. Оның айтуына қарағанда, 31-мамыр күні Астанадағы «Полиграфия» қоғамдық саяжайынан зорлық-зомбылық белгілерімен өлтірілген 28 жас шамасындағы аяқ-қолы байланған, 18 рет пышақталған ер адамның мәйіті табылған. Жедел тергеу-іздестіру тобы құрылған.

Жәбірленуші Астана қаласының тұрғыны екені анықталады. Ол Еуразия ұлттық университетінде сантехник болып жұмыс істеген және осы оқу орнының жатақханасында тұрған. «Мицубиси-галант» автокөлігі мен қол телефоны, ақшасы ұрланған. Іздестіру барысында төрт күдікті ұсталыпты. Олардың екеуі бұрын сотталған. Жастары 20-22-лерде екені анықталыпты.

Марат Демеуовтің айтуынша, екінші ауыр қылмыс 20 мамырда жасалған. Астана қаласындағы кәсіпорындардың бірінде қойма меңгерушісі болып жұмыс істеген 20 жастағы қыз түнгі он жарымда жұмыстан шығып, үйіне оралмаған. Қаладағы «Өндіріс» кентінде тұратын ол жұмыстан шығып келе жатырмын деп алдын-ала үйіне телефон шалыпты.

Әдетте, темір жол көпірінің келесі бетіне өткенде оны ата-анасы күтіп алатын болған. Алайда, сол күні ол қызды ата-анасы күтіп ала алмапты. Ал, қыз басқа бағытпен кеткен дейді полиция полковнигі Марат Демеуов.

- З1-мамыр күні қыздың мәйіті «Өндіріс» кентінен зорлық белгілерімен табылды. Оның ақшасы мен сумкасы және қол телефоны жоқ болды. Тергеу-іздестіру нәтижесінде Астанада уақытша тұратын екі адам ұсталды. Олардың бірі Қостанай, екіншісі Оңтүстік Қазақстан облыстарынан екені анықталды. Олар қызды жолай тоқтатып, қамыстың арасына күштеп апарып зорлап, тонап, суға тұншықтырған, - дейді Марат Демеуов.

Оның айтуынша, биылғы жыл басынан Астанада 23 кісі өлімі, 15 әйел зорлау қылмысы тіркелген. Парламент Сенатының депутаты Светлана Жалмағамбетова жастардың қылмысқа бармауы үшін оларды жұмыспен қамту керек деп есептейді.

- Алайда, басқа қалаларға қарағанда бұл жағдай Астанада жақсы шешілген. Бірақ, олардың еңбекақысы төмен, - дейді сенатор.
XS
SM
MD
LG