Accessibility links

Шетелден қайтқысы келген бұрынғы қазақстандықтарға оралман мәртебесін беру керек пе?


Мәжіліс депутаттары Валерий Котович пен Михайл Трошихинның 1990 жылдарың басында Қазақстаннан көшіп кеткен азаматтардың қайтып келгісі келетіндеріне оралмандармен теңестірілген жеңілдіктер жасау қажеттігі жөнінде мәселе көтеруі қоғамдық пікірге қозғау салды.

Бүгінгі таңда Парламент Мәжілісінің комитеттерінде депутаттар Валерий Котович пен Михайл Трошихиннің өткен ғасырдың 90-шы жылдары Қазақстаннан көшіп кеткен азаматтардың қайтып келгісі келетіндеріне оралмандармен бірдей мәртбе беру туралы ұсынысы қаралып жатыр. Аталған депутаттардың айтуынша, Қазақстанға қайтып оралғысы келетіндер аз емес. Бірақ, олардың ұсынысы кейбір әріптестерінің қарсы пікірін туғызып отыр.

- Қазақстан оралман қазақтардың жағдайын жөнге келтіре алмай отырғанда, бұл ұсынысқа келісуге болмайды, - дейді Мәжіліс депутаты Аманкелді Айталы.

Ал сенатор Светлана Жалмағанбетованың пікірінше, Қазақстанға келгісі келетіндерге жағдай туғызған дұрыс. Алайда, бұл жан-жақты зерттеуді қажет ететін күрделе мәселе дейді ол. Астана тұрғыны Асылхан Дәулетбаевтың ойынша, Қазақстаннан кезінде көшіп кетіп, қазір осында қайта оралғысы келетін барлық ұлт өкілдеріне бірдей жағдай жасалуы тиіс.

- Кезінде көптеген отбасылар Қазақстаннан үдере көшкен кезде көп нәрсені, дәстүрімізді жоғалтып алдық. Келгені жақсы, әрине, мен оны қолдаймын,- дейді астаналық тағы бір тұрғын Клара Сейдуалиева.

Парламент Сенатының депутаты Зәуреш Батталова болса, оралмандар мен Қазақстаннан бұрын кеткендерді бірге алып қарастыруға болмайды деп санайды.

- Жергілікті халықтың саны айқын басымдыққа жете қойған жоқ. Мұндай жағдайда, кезінде Қазақстаннан өз еріктерімен кетіп, басқа елдердің азаматтығын алғандарды Қазақстанға келуге ынталандыруға болмайды. Келгендері келсін, бірақ, оларды оралмандармен теңестірудің қисыны жоқ, - дейді сенатор Зәуреш Батталова.

Бір кездері Қазақстанда тұрып, кейіннен көшіп кеткен, бүгінде Ресейдің Астрахань қаласында тұратын Светлана Ханина өзінің Астанаға көшіп келгісі келетінін айтады:

- Ғұмырымның көбін Қазақстанда өткіздім. Менің балаларым да, немерелерім де осында. Мен басыма күн туғандықтан көшіп кеткен жоқпын. Қазақтар - өте мейірбанды халық, - дейді Светлана.

Бұдан біраз бұрын Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресейден қайта оралғысы келетін екі жүз мыңға жуық азаматтан өз атына өтініш-хаттар түскендігін айтқан болатын.
XS
SM
MD
LG