Accessibility links

Нұрсұлтан Назарбаевтың алғаш президент болып сайланғанына 15 жыл толды


1990 жылы сәуірдің 24-інде Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі, Қазақ ССР-інде мемлекетті басқару жүйесіне жаңадан енгізілген президент қызметіне сол кезде республика жоғары кеңесінің төрағасы әрі Қазақстан коммунистік партиясының 1-хатшысы болып отырған Нұрсұлтан Назарбаевты сайлаған еді. Содан бері 15 жыл бойы ол Қазақстанды үздіксіз басқарып отыр.

Осыдан тура он бес жыл бұрын, 1990 жылы сәуірдің 24-і күні қабылданған шешімдер мен заңдар мемлекеттің алға жылжуына айтарлықтай оң әсер етті дейді Қазақстан коммунистік партиясының жетекшісі Серікболсын Әбділдин.

- Дәл осы күні Жоғары Кеңестің мәжілісі басталған еді. Ол кезде совет одағының заманы болатын, біз - депутаттар таңертеңгі сағат 10-нан түнгі 12-ге дейін жұмыс істедік. Себебі, сол кездегі республика Жоғары кеңесінің төрағасы әрі Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысы бойынша, елде президент болу керек деген заң қабылдануы қажет еді, содан кейін ол кісінің кандидатурасы талқыланды, Конституцияға сол кезде өзгеріс енгізілді. Сол жұмысты бір күнде аяқтау үшін біз үзіліссіз жұмыс істедік.

Бүгінде Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп отырған саясатын сынап келе жатқан қазақстандық оппозиция қайраткерлерінің бірі Серікболсын Әбділдин осыдан 15 жыл бұрын қабылдаған шешіміне өкінбейді.

- Себебі, дәл сол кезде президенттікке бірден-бір лайық адам - Нұрсұлтан Назарбаев болған еді, ал бірақ, ол ендігі кезекті жастарға беру керек, - дейді Қазақстан Коммунистік партиясының төрағасы Серікболсын Әбділдин.

Ол бұдан он бес жыл бұрын Қазақстанды басқару жүйесіне енгізілген жаңа қызметке сайланған адам кейін сол билікті өз ыңғайына бұрды деп сынайды:

- Менің өз бағам бойынша, сол кездегі жұмыстың барлығы мемлекеттің іргесін қалауға атсалысқан жұмыс болды. Бірақ, өкінішке орай, кейіннен бірінші қабылданған Конституцияны бұзып, басқа Конституция қабылданып, елбасы өз саясатын жүргізді, оның ішінде көптеген қате жіберді. Сол себептен, менің қазіргі пікірімше, Н.Назарбаев мемлекетті 15 жыл басқарды, енді біз жаңа адамдарды тауып, билікті солардың қолына беруіміз керек.

Ресми Астана жүргізіп отырған саясатты сынап жүрген тағы бір қазақстандық оппозиционер Әміржан Қосанов, Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев 15 жыл бұрын халыққа берген уәдесін күні бүгінге дейін орындамай отыр деп санайды.

- Себебі, сол кездегі Негізгі заңға байланысты 5 жылдан бір мерзім артық отыруға болмайды. Одан кейінгі Конституцияда да бір адам екі рет қатарынан отырғаннан кейін, үшінші рет сайлауға түсуге болмайды деп жазылған еді. Бірақ, бізде сол Конституциялық қағидалар бұзылып отыр.

Ал Қазақстанның «Азаматтық» партиясының жетекшісі Азат Перуашевтің пікірі өзгеше. Ол мемлекет басына Нұрсұлтан Назарбаев келгеннен бері, соңғы 15 жылда, елде орын алған оқиғаларды еске ала отырып, республикадағы жағдайдың оңды өзгергеніне елбасының сіңірген еңбегі көп деп атап көрсетеді:

- Еліміздің жағдайы жыл сайын жақсарып келе жатыр деуге болады. Әрине, бұл нәтижеге жетуімізге тек республика президенті Нұрсұлтан Назарбаев ғана үлес қосқан жоқ, бұл іске халықтың да үлесі бар. Алайда, осылай ел бекітуге, осындай нәтижеге жетуге ең алдымен мемлекетіміздің тұрақтылығы, экономикамыздың дамуы ықпал етті. Сондықтан, меніңше, осы 15 жыл ішінде Қазақстанның жағдайы, халықтың жағдайы жақсарды деп айтуға болады және болашаққа деген сеніміміз мол.

Бұл ойға қарама-қайшы пікірді «Ақ жол» партиясының бұрынғы мүшесі Сейдахмет Құттықадам білдіріп отыр.

- Жыл өткен сайын Қазақстандағы жағдай төмендеп бара жатыр. Негізінен, үкімет басына ресми келген уақыттан есептер болсақ, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға 21 жылдан бері басшылық етіп келе жатыр. Осы уақыттан бері біздің жағдай нашар болып бара жатыр.

Қырғызстанда орын алған оқиғалардан кейін кейбір бақылаушылар мұндай оқиғаны Қазақстан мемлекеті де басынан кешіруі мүмін деген ой айта бастады. Қазақстандық кейбір саясаткерлердің пікірінше, бұл оқиғаның болу-болмауы Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың әрекетіне байланысты болмақ. Азаттық радиосына берген сұхбатында Қазақстан Коммунистік партиясының жетекшісі Серікболсын Әбділдин:

- Егер президент сайлауында Нұрсұлтан Назарбаев қателік жасамаса, онда ол әріптесі Асқар Ақаевтың тағдырын қайталамауы мүмкін, - дегенді айтты.
XS
SM
MD
LG