Accessibility links

Өзбекстан аумағында қазақстандықтардың 92 үйі қалып қойған


Қазақ-өзбек шекарасын демаркациялау жөніндегі үкіметтік комиссия шекара маңындағы тұрғындарды "мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарауға" шақырады. Ал демаркациялық сызықты тартып болған соң Өзбекстан территориясында Қазақстан азаматтары тұратын 92 үй қалып қойған.

Қазақстан мен Өзбекстан шекарасын демаркациялау жөніндегі үкіметтік комиссия шекара бойында тұратындар арасында "шекара бағандарына малдарын байлап қоятындар, аты-жөндерін немесе басқа да сөздер жазып кеткендер, тіпті, бағанға қағылған мемлекеттік елтаңбаны да жұлып алған оқиғалардың" болғанын айтып отыр.

Үкіметтік комиссия мүшелері жергілікті тұрғындар «мемлекеттік шекара бағандарына мемлекеттік рәміздердің бірі ретінде үлкен сүйіспеншілікпен қарауы керектігін» айтып отыр.

Осы уақытқа дейін Қазақстан мен Өзбекстан шекарасын бөліп тұру үшін 6 шақырымдық жерге сым тартылып, Қазақстан жағы 400-ге жуық, ал Өзбекстан жағы 200-дей баған орнатқан. Шекараны демаркациялау жөніндегі үкіметтік комиссия мүшесі Бексейіт Дүйсебаев бүгінде шекара маңында тұратындардың арасында шекара бағандарына қол тигізуге болмайтын мемлекеттік рәміз деп қараудың орнына "мал байлайтын қазық ретінде пайдаланып жүргендер барын" айтады.

- Мемлекеттік рәміздеріміз - ту, елтаңба, әнұранымызға қалай қарасақ, шекаралық бағандарға да сондай құрметпен қарауға тиістіміз. Ал шекара маңындағы елді мекендерде тұратын азаматтар сол бағандарға сиырын, биесін байлайды, түрлі сөздер жазып кетеді, бетінде жылтырап тұрған елтаңбамызды жұлып алады. Тәуелсіздік алғанымызға 13 жыл болды, азаматтарымыз сол шекаралық бағандарға да құрметпен қараса. Егер де өзіміз шекара тәртібін бұзып, арғы бетке өтпейтін болсақ, ешқандай жанжал да, ұрыс та, атыс та болмайды, - дейді Бексейіт Дүйсебаев.

Оның айтуынша, өзбек-қазақ шекарасына тұрғызылған бағандардың бірі тексеру барысында жоқ болып шығады. Іздей келе әлгі баған орнатылған жерінен 15 метр қашықтықта Өзбекстан территориясынан табылған.

- Бұны істеген азамат кінәсін мойындап, кешірім сұрап бағанды өз орнына қайта орнатып қойды. Бұл арандату мақсатында жасалған нәрсе емес, қызулықпен, білместікпен жасалса керек, - дейді Бексейіт Дүйсебаев.

Шекара сызығын белгілеп, бағандар орнатудың мақсаты - екі мемлекет арасын бөліп тұру емес, қарым-қатынасты жақсарта түсу екендігін атап айтқан Бексейіт Дүйсебаев демаркациялық сызықты тартып болған соң Өзбекстан территориясында Қазақстан азаматтары тұратын 92 үйдің қалып қойғанын айтып берді.

- Ендігі біздің мақсатымыз - сол үйлерді бергі бетке көшіру, ол үшін үй салатын тиісті жер бөліп берілді, - дейді Қазақстан мен Өзбекстан шекарасын демаркациялау жөніндегі үкіметтік комиссия мүшесі Бексейіт Дүйсебаев.
XS
SM
MD
LG