Accessibility links

Билік Қазақстан жерін қытай шаруаларына беру туралы ақпаратқа қатысты пікір білдірді


7 мың гектар қазақ жерін қытай шаруаларына беру туралы ақпарат шындыққа сай емес. Сыртқы істер министрлігі мен Жер ресурстарын басқару жөніндегі агенттік Парламент Мәжілісінің депутаты Уәлихан Қалижанұлының өткен жылдың желтоқсан айының 24-і күні жолдаған депутаттық сауалына осылай деп жауап берген.

Бұл жайында депутат қаңтардың 7-і күні журналистермен болған кездесуінде мәлім етті.

Естеріңізге сала кетсек, депутат Уәлихан Қалижанұлы, өткен жылдың желтоқсан айының 24-і күні Қазақстанның Сыртқы істер министрі Қасымжомарт Тоқаевқа, Бас прокурор Рәшид Түсіпбековке және Жер ресурстарын басқару жөніндегі агенттік төрағасы Бақыт Оспановқа сауал жолдаған болатын. Онда «Рейтер» агенттігінің мәскеулік бюросының Қытайдың ақпарат құралдарына сілтеме жасап, Қазақстан Республикасының «Алакөл» көлі аумағынан 3 мың қытай шаруаларына 7 мың гектар жерді жалға беру туралы келісімге қол қойылғаны жайында таратылған ақпараттың анық-қанығы сұралған болатын.

Депутат Қалижанұлының айтуынша, Сыртқы істер министрлігі мен Жер ресурстарын басқару жөніндегі агенттіктен түскен жауаптар аталған ақпараттық шындыққа сай еместігін көрестіп отыр.

- Қазақстан Үкіметі мен Қытай Халық Республикасы арасында ешқандай келісім шартқа қол қойылмаған. Қазақстан аумағында қытай шаруаларына ешқандай жер беріліп отырған жоқ. Бұқаралық ақпарат құралдары туралы жаңа заң Мәжілістен өтті, Сенатта қабылданады. Болашақта сол заң қабылданғаннан кейін осындай алыпқашпа әңгімелерге тыйым салынады деп ойлаймын, - дейді ол.

Қазақсанның жер ресурстарын басқару жөніндегі Агенттігі өткен жылдың желтоқсан айының 18-і күні қытайдың бұқаралық ақпарат құралдарына сілтеме жасап, «Рейтер» агенттігінің мәскеулік бюросы таратқан ақпараттың негізсіздігін және аталғандай келісім Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының бірде бірімен, қай деңгейде болса да бұрын-соңды қарастырылмағаны жөнінде «Рейтер» агенттігінің мәскеулік бюросының электронды адресіне хабарлама жіберген.
XS
SM
MD
LG