ЖАҢАЛЫҚТАР
Ұлттық қордан бөлінген қаржының қайда жұмсалғанын бақылайтын комиссия жұмысын қайта бастады

Қазақстанда ұлттық қордан бөлінген қаржының қайда жұмсалғанын бақылайтын комиссия жұмысын қайта бастады. Бұл туралы 24 ақпанда Жоғары аудиторлық палата ресми сайтында хабарлады.
Комиссия 2014 жылы құрылғаннан бастап Ұлттық банк қарамағында істеген. 2020 жылдан бері оның жұмыс органы Жоғары аудиторлық палата болып өзгерген.
Палатаның ақпаратынша, комиссияның қызметі жаңа форматта және құрамда жалғасады. 21 ақпанда аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов комиссия отырысын өткізген.
Смайылов "ұлттық қордан алынатын трансферттерден экономикалық қайтарым болуы қажет. Ұлттық қор мемлекеттік маңызды емес міндеттерге пайдаланылмауға тиіс" деп мәлімдеген деді палатаның баспасөз қызметі.
Палатаның хабарлауынша, ұлттық қордан ел экономикасына жеңілдетілген шарт бойынша бөлінген қаржы тексерілмек, бұдан бөлек, қор қаржысын басым бағыттарға қайта бөлуге немесе оларды қайтаруға ұсыныстар беріледі.
Былтыр Халықаралық валюта қоры Қазақстан үкіметі бюджет тапшылығын жабу үшін Ұлттық қорға тым көп арқа сүйейді деген мәлімдеме жасаған. Ұлттық қордан ақша ала беру тәуекелдерді арттырып, экономикаға соққы болып тиюі мүмкін, Халықаралық валюта қоры Астанаға "дискрециялық шығынды азайту үшін" тәуелсіз қазыналық кеңес құруды ұсынған.
Қазақстандағы Халықаралық валюта қоры миссиясының жетекшісі Николя Бланше мемлекеттің жобаларын қаржыландыру үшін бұрын да Ұлттық қордың резервтері жұмсалатын, бірақ қазір ол бұрынғыдан көп көлемде шығындалып жатыр деп айтқан.
Австралия мен Жаңа Зеландия Ресейге жаңа санкциялар салды

Австралия мен Жаңа Зеландия Ресейдің Украинаға басып кіргеніне үш жыл толғанына орай Мәскеу мен оның одақтастарына жаңа санкциялар салды.
Австралия билігі "қара тізімге" Ресей қорғаныс министрінің орынбасарлары Анна Цивилеваны, Павел Фрадковты, Виктор Горемыкинды және Андрей Булыганы қосты. Бұдан бөлек, Ресей мемлекеттік кеңесінің хатшысы Алексей Дюмин мен Ресей президентінің көмекшісі Владимир Мединский санкцияға ілікті.
Жалпы Ресейдің 70 азаматы мен 79 мекемесіне, соның ішінде "Россотрудничество", Ресей ұлттық гвардиясы ("Росгвардия") мен бірқатар әскери кәсіпорынға жеке санкция салынды.
Бұған қоса, жаңарған "қара тізімде" Беларусь әскери-өнеркәсіп комитеті мен Солтүстік Корея қарулы күштеріндегі жоғары лауазымды тұлғалары да бар.
Жаңа Зеландия Ресейдің 52 азаматы мен мекемесіне санкция салды.
21 ақпанда жаңарған тізімде Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровтың анасы, Ахмат Қадыров атындағы қордың басшысы Аймани Қадырова, ресейлік стратегиялық авиацияның бірнеше ұшқышы, газ өндіретін "Новатэк" компаниясы, "Вектор" деп аталатын әскери кәсіпорын мен тағы басқалары бар.
Жаңа Зеландияның "қара тізіміне" Солтүстік Кореяның әскери саладағы бірнеше шенеунігі енген, бұған Украинадағы соғысқа байланысты Солтүстік Корея әскерін Ресейге тартқаны себеп болған.
Биыл ақпанда Әзербайжан билігі Мәскеуге Ресейдің "Россотрудничество" агенттігі қызметін ел аумағында тоқтататыны жайлы ресми нота жіберген. Әзербайжан СІМ "Бакудегі "Орыс үйі" заңды тұлға ретінде тіркелмеген" деді. Молдова билігінің де шешіміне сәйкес, ел ішіндегі Ресейдің ғылым және мәдениет орталығы ("Орыс үйі") жабылатын болды. Бұған Ресей дрондарының Молдова аумағына түсуі себеп болған.
"Орыс үйі" – "Россотрудничество" федералды агенттігіне қарайды. Ол – Ресей сыртқы істер министрлігіне бағынышты орган. Ұйым шетелдегі ресейліктермен жұмыс істейді, өзінің сайтында "Ресейдің әлемдегі гуманитарлық ықпалын күшейту" және "қазіргі Ресей туралы шетелде объективті идеяның таралуына" ықпал етуді мақсат етеміз деп жазған.
Сарапшылар бұл ұйымды шетелдегі Кремль идеясын жүргізетін "жұмсақ күшке" жатқызады. Ресей 2022 жылғы 24 ақпанда Украинаға басып кірген соң Еуроодақ "Россотрудничество" ұйымына санкция салған.
БАҚ: Рязань мұнай өңдеу зауытына бір жылда үшінші рет дрон шабуылдады

Ресейдегі Рязань мұнай өңдеу зауытына бір жылда үшінші рет дрон шабуылдаған. Ресейлік telegram-арналар кәсіпорын аумағында өрт болып жатқаны көрінетін видеолар жариялады.
Мұнай өңдеу зауытындағы өрт туралы әзірге ресми ақпарат жоқ. Зардап шеккендер туралы дерек берген жоқ. Ресей қорғаныс министрлігі дрон шабуылына тойтарыс бергені туралы жаңа ақпаратында Рязань облысын да атаған, ол жақта екі дронды атып түсіргенін айтты.
Ресей Орлов облысында – 16 дронды, Брянск облысында – үш дронды, аннекcияланған Қырымда бір дронды атып түсіргенін хабарлады.
Бұған дейін Рязань зауытына 24 қаңтарда және 26 қаңтарда шабуыл жасалғаны хабарланған. Бірінші жолы мұнай өңдеу зауытының өзі шабуылға ұшыраған, ол Ново-Рязань жылу электр орталығы маңында орналасқан.
26 қаңтардағы екінші шабуылды Украина қарулы күштерінің бас штабы растап, нысанаға алынған кәсіпорын Ресей армиясына қажет дизель және реактивті отын өндіреді деп мәлімдеген, зауыт аумағында жарылыс және өрт болғанын хабарлаған.
ASTRA басылымының есебінше, Украина қарулы күштері бір жылда Ресейдегі 27 отын-энергетика нысанына шабуыл жасаған. Көбіне дрон ұшырған, зымыран да қолданған. Рязань мұнай өңдеу зауыты мен Воронеж облысындағы мұнай базасы бірнеше рет шабуылға ұшырады.
Рязань мұнай өңдеу зауыты 1960 жылы пайдалануға берілген, қазір ол "Роснефть" бақылауында.
Германиядағы парламент сайлауында "Христиан-демократия одағы" мен "Христиан-социалистер одағы" озды

Германиядағы парламент сайлауының (Бундестаг) алдын ала ресми мәліметіне сәйкес, Фридрих Мерц бастаған "Христиан-демократия одағы" және "Христиан-социалистер одағы" (ХДО/ХСО) блогы өзгелерден озған. Оңшыл, популист "Германия үшін балама" (AfD) партиясы өз тарихында бұрын-соңды болмаған дауыс жинап, екінші орынға шыққан. Германияның қазіргі канцлері Олаф Шольцтың солшыл-центрист Социал-демократиялық партиясы үшінші орынға табан тіреді, бұл – партия тарихындағы нашар нәтиже болды деп жазды BBC.
Германияның федералды сайлау комиссиясының алдын ала мәліметі бойынша, Мерц бастаған оңшыл-центрист ХДО/ХСО блогы 28,6 пайыз дауыс жиған.
Бұған дейін әлеуметтанушылар сайлауда ХДО/ХСО блогы жеңіске жетеді деп болжаған еді, кейін экзитполдар оны растады. Ал Мерц болса, 23 ақпан кешке "Христиан-демократия одағы" және "Христиан-социалистер одағы" жеңді деп мәлімдеді.
"Бүгін кешке [жеңісті] тойлап, ертеңнен бастап жұмыс істеп бастаймыз", – деді Мерц жексенбі күні Берлинде жақтастарының алдында сөйлеген кезде.
Орталық сайлау комиссиясының есебінше, Алис Вайдель басқаратын "Германия үшін балама" партиясын сайлаушылардың 20,8 пайызы қолдап дауыс берген. Бұл – "Германия үшін балама" тарихындағы ең жақсы нәтиже. Сайлау қорытындысына сәйкес, бұл партия ел парламенті – Бундестагтағы депутаттарының санын екі есе арттыра алады.
Олаф Шольц бастаған социал-демократтар бұл жолғы сайлауда өз тарихындағы ең нашар нәтижемен үшінші орынға тұрақтады. Оларды дауыс бергендердің 16,4 пайызы қолдаған. Шольц сайлауда жеңілгенін мойындап, партия үшін оның нәтижесі "ащы" болғанын айтты.
"Жасылдар" партиясын сайлаушылардың 11,6 пайызы, солшыл партияны – 8,8 пайызы жақтап дауыс берген.
Алдын ала мәліметке сәйкес, солшыл-националист "Сара Вагенкнехт одағы" және еркін демократтардың оңшыл-либерал партиясы 5 пайыз межені еңсере алмаған.
Германиядағы парламент сайлауына тіркеуде тұрған сайлаушылардың 84 пайызы қатысып дауыс берген. Бұл – 1990 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш.
Еуропа елдерінде Украинадағы соғыстың үш жылдығына орай демонстрациялар өтті

Еуропа елдерінде Ресейдің Украинаға қарсы кең көлемді басқыншылық соғыс ашқанына үш жыл толуына орай демонстрациялар өтті. Оған қатысқандар Ресей агрессиясына қарсы күресіп жатқан Украинаға қолдау білдірді.
23 ақпанда Брюссельде бейбіт демонстрация өтті деп хабарлады Азат Еуропа/Азаттық радиосының тілшісі Олена Абрамович. Бірнеше мың демонстрант Украинаның әнұранын шырқап, "Ресей жауап беруі керек!", "Жасасын Украина!", "Еуропаға – бейбітшілік, Украинаға – жеңіс!" деп ұрандатты.
Демонстрация кезінде әуе дабылын қосты, Украина тұрғындары сирена дауысын Ресей шабуыл жасаған сайын естиді.
23 ақпанда Чехия астанасы Прага қаласында да Украинаны қолдау шеруі өтті. Мыңдаған адам қала орталығындағы алаңға жиналды. Чехия президенті Петр Павел де жиналғандар алдында сөз сөйледі, ол Ресей Украина жеріне басып кіріп, агрессорға айналды және халықаралық құқықты бұзды деп мәлімдеді.
Кейінгі бірнеше күнде Киевті қолдау акциясы әлемнің жүздеген қаласында өтті.
Зеленский: Киев табиғи ресурстар туралы келісімге қол қоюға дайын емес

Украина президенті Владимир Зеленский Киев табиғи ресурстар туралы АҚШ ұсынған келісімге қол қоюға дайын емес деп айтты. Ол келісім шартын әділетсіз деп атап, Вашингтонның бұған дейін Украинаға берген ақысыз көмегін қарыз деп танудан бас тартты.
23 ақпандағы баспасөз мәслихатында Зеленский ресурстар туралы келіссөз Киев ұсынған "Украинаның жеңіс жоспарындағы" пайдалы қазбаларды бірге өндіру туралы ұсыныстан басталған деді.
"Сіз өндіретін боласыз, біз бөлісеміз, бірақ біз үшін әділдікті қалпына келтіруге бәрін істеңіздер. Мына соғысты аяқтаңыздар, Путинді мәжбүр етіңіздер, – деді Зеленский Киевтің ұсынысы туралы. – Онда тежейтін қару, әуе қорғаныс жүйесі және тағы басқалары болды. Бұл кешенді ұсыныс болған еді, бізге қауіпсіздік кепілі қажет, оның ішінде әскер мен әуе қорғанысын күшейту керек, Украина аспанын жүз пайыз қорғай алуы керек".
Зеленскийдің сөзіне қарағанда, АҚШ-пен ресурстарды теңдей бөлу ұсынылған.
"Бұған қол қоймаймыз дедім. Алда не күтіп тұрғанын білмей, теңдей бөле алмаймыз. Тіпті басып алынған нәрсенің бәрін бөлісейік, біз сізге қалпына келтіруге көмектесеміз, бөлісейік деген сұрақ туындаса, бұл тақырыптық талқылау болар еді".
Зеленскийдің сөзінше, Вашингтонның екінші жоспары Киевтің 500 миллиард доллар қарызбын деп мойындағанын көздейді. Оның айтуынша, Киев Вашингтоннан тек 100 миллиард доллардың көмегін алған. Зеленский оны Вашингтонға қайтару керек деп санамайды, өйткені "олар қайтарымсыз деп берілген" деді.
Украина президентінің сөзінше, Киевке алдағы уақытта берілетін көмекті пайызсыз қайтару мүмкін болмаса, оны төлеуге дайын. Алайда бұл екі еселенген соманы қайтару деген сөз емес деді ол. "Бірақ менің сұрағым бар. Логикалық. Ол сұраққа маған ешкім жауап бере алмай отыр. АҚШ Израильге, Қатарға, Сауд Арабиясына, Біріккен Араб Әмірліктеріне қару сатқанда, олардан 100 пайыз табыс таба ма?", – деді ол.
"Бәрі жақсы, мен президент Трамппен сөйлескім келеді… Украиндердің 10 ұрпағы төлейтін [келісімге] қол қоймаймын", – деді Зеленский.
Зеленскийдің сөзінше, оны диктатор деп атаған АҚШ президенті Дональд Трампқа реніші жоқ. Ол егер еліне бейбітшілік әкелетін немесе Украинаны НАТО мүшесіне айналдыратын болса, онда қазіргі атқарып отырған Украина президенті лауазымынан кетуге дайын екенін мәлімдеді.
Астанадан Ақтауға ұшқан ұшақта жолаушының сөмкесі өртенген

23 ақпанда күндіз Астана-Ақтау бағыты бойынша ұшқан FlyArystan әуекомпаниясының ұшағында (FS 7375 рейсі) үстіңгі жүк бөлікте тұрған жолаушының рюкзагы өртенген. Бұл жөнінде әуе компанияның баспасөз қызметі хабарлады.
FlyArystan мәліметінше, бортсеріктер өртті жылдам өшірген.
"Ұшақ бортында 182 жолаушы болған. Ұшақ ұшып шыққан орынға қайта оралған, штатты жағдайда қонған. Оқиғаның жай-жапсары толық анықталғаннан кейін қосмыша ақпарат беріледі" деп хабарлады әуекомпанияның баспасөз қызметі.
Рейс Астана уақыты бойынша 17:10-ға ауыстырылған. Жолаушылардың барлығына билеттерді тегін ауыстыру немесе қайтару мүмкіндігі берілген.
Bloomberg: Украина пайдалы қазба бойынша келісімнің шарттарын қабылдамады

Украина АҚШ ұсынған 500 миллиард долларлық бірлескен қор құруды қарастыратын пайдалы қазба өндіру жөніндегі жаңа келісімнің шарттарын қабылдамады. Бұл жөнінде дереккөзге сүйенген Bloomberg хабарлады.
Ақпаратқа қарағанда, осы қор Ресей басқыншылығы басталғалы бергі АҚШ-тың Украинаға берген қаржылай көмегін өтеуі керек. Дегенмен де Украина жағының айтуынша, Американың іс жүзінде берген көмегі жоғарыда айтылған сомадан бес есе аз яғни, 90 млрд доллардан астам қаражат.
Агенттік дереккөзінің сөзінше, Украинаның келіспеуінің тағы бір негізгі себебі - АҚШ Украинаға болашақ әскери және қаржылай көмекке қатысты ешқандай кепілдік бермеген.
Дереккөзге сүйенген Radio NV жазуынша, Украина АҚШ-қа өзінің ұсыныстарын - мысалы, қор мөлшерін 100 млрд долларға дейін азайту қажеттігін айтқан. Украина шенеуніктері ұсынысты АҚШ-тың Украина және Ресей бойынша арнайы уәкілі Кит Келлогқа берген.
Бұған дейін The New York Times Украина АҚШ-тан келісімнің жаңа нұсқасын алғанын, бірақ ондағы бірқатар шарттар алдыңғы нұсқасына қарағанда қатайтылғанын жазған. Жаңа келісім Украинадан табиғи ресурс (мұнай, газ, порт және өзге инфрақұрылымнан түскен кіріс) кірісінің жартысынан бас тартуды талап етеді.
Жаңа құжат жобасына сәйкес, Украина шикізаттан түскен кірісті АҚШ-қа тиесілі қорға жіберіп отыруға тиіс болады, Украина ол жаққа 500 млрд доллар қаражат жиналғанға дейін ақша құюы керек. АҚШ президенті Дональд Трамп Киевтен дәл осындай соманы талап етіп отыр.
- Қаңтар айында қызметіне кіріскеннен бері Дональд Трамп сыртқы саясатқа қатысты көзқарасын түбегейлі өзгертіп, Кремльге қарай дипломатиялық қадамдар жасап, Украинадан Джо Байден бастаған бұрынғы АҚШ әкімшілігінен алған әскери көмектің орнын толтыру мақсатында табиғи ресурс, соның ішінде сирек кездесетін металдарды беруді талап етті.
- Украина Трампты соғыс қимылдарына қолдау көрсетуге көндіру үшін табиғи ресурстарды игеру бойынша АҚШ-пен әріптестік орнатуға келіскен. Президент Владимир Зеленский де Украина қауіпсіздігіне кепілдік беруді талап етіп отыр, алайда әзірге келісімге бұл шарт әлі енгізілмеген.
Ауруханада жатқан Рим папасы Францисктің жағдайы ауыр екені айтылды

Демікпеге шалдыққан Рим папасы Франциск 14 ақпаннан бері ауруханада жатыр. Дәрігерлер оның жағдайын ауыр деп бағалады. Ол есін біледі, бірақ қиналып жатыр деді Ватиканның баспасөз қызметі.
Понтификтің тыныс алуына көмектесу үшін дәрігерлер оны жоғары ағынды оттегі аппаратына қосқан. Науқасқа қан да құйылған.
Кардинал Джанфранко Равазидің айтуынша, егер Франциск денсаулығына байланысты қызметін орындай алмаса, ол тақтан бас тартуға мәжбүр болады.
88 жастағы Франциск өкпе инфекциясымен ақпан ортасында Римдегі Джемелли клиникасына жатқызылған. Компьютерлік томография одан екіжақты пневмонияны анықтаған. Кейінгі күндері оның денсаулығы нашарлаған.
- Рим папасы Франциск (туғанда қойған аты Хорхе Марио Бергольо) католик шіркеуінің басы болып 2013 жылы сайланған. 88 жастағы Франциск тарихтағы ең үлкен папалардың бірі. Жас кезінде оның өкпесінің бір бөлігін алып тастаған, сондықтан тыныс ауруларына тез шалдығады.
Ресей Киев, Сумы облысы мен Кривой Рогты атқылады. Бір адам қаза болды

Жексенбіге қараған түні Ресей әскері Киевке дронмен жаппай шабуыл жасады. Бірнеше үй бүлініп, кейбір жерден өрт шықты деп хабарлады қала мэрі Виталий Кличко.
Кривой Рог қаласы ракета шабуылына ұшыраған. Бір адам қаза болды, төрт адам жараланды.
Бұған қоса, Сумы облысында атқылаудың салдарынан төрт адам зардап шеккен. Жеке үйлер қираған.
Одесса облысында дрон шабуылының салдарынан бір жеке үй өртенген. Үш адам зардап шеккен. Оқиға орнында құтқару қызметі жұмыс істеп жатыр.
Ресей Украинаны күн сайын-дерлік атқылап келеді. Ресей қорғаныс министрлігі тек әскери нысандарды ғана атқылайтынын айтады. Бейбіт азаматтардың қаза болуы және азаматтық инфрақұрылымның қирауына қатысты Мәскеу түсініктеме бермейді.
Францияның шығысында полицейлерге пышақпен шабуыл жасалды

Францияның солтүстік-шығысындағы Мюлуз қаласында 22 ақпан күндіз шабуыл салдарынан бір адам қаза болып, екі полицей ауыр жарақат алған. Тағы үш полицей жеңіл жарақаттанды деп жазды AFP.
Күдікті қамауға алынған. Тергеу болжамынша, 37 жастағы ер адам терроризм бойынша күдіктілер тізімінде болған. Бірқатар дереккөзге сүйенсек, ол Алжирде туылған. Осыған дейін оны үйқамаққа жіберіп, Франциядан шығару туралы шешім болған.
Ақпаратқа қарағанда, шабуылдаушы "Аллаху Әкбар" деп айқайлап, бастапқыда муниципалды полиция қызметкеріне тап берген. Сол маңнан өтіп бара жатқан адам полицейге көмектеспек болып жүгіріп келген кезде күдіктінің қолынан ауыр жарақаттанып, сол жерде жан тапсырған. Ол Португалия азаматы болып шыққан.
Франция президенті Эммануэль Макрон оқиғаны "діни теракт" деп атап, бұған шүбә болмасын деді.
Оқиға қаланың жұрт көп жүретін аумағында – Конго демократиялық республикасын қолдау демонстрациясы кезінде болған. Полиция осы акцияға байланысты айналаны бақылаған.
AFP дереккөзі: Зеленский АҚШ-пен пайдалы қазба бойынша келісімге қол қоюға дайын емес

Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ-пен пайдалы қазбаны игеру бойынша келісімге қол қоюға дайын емес деп жазды сенбі күні Украина билігіндегі дереккөздерге сүйенген France-Presse агенттігі.
АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік бойынша кеңесшісі Майкл Уолтц жұма күні Зеленский "жақын арада келісімге қол қояды" деп мәлімдеген еді. Дональд Трамптың өзі сенбі күні Мэрилендте консерваторлардың жиынында АҚШ "келісімге қол қоюға жақындады" деп айтқан. Ол АҚШ миллиардтаған доллар әскери көмекті қайтарғысы келетінін қайталаған. Вашингтон сирек металл түрлерін, мұнай немесе "алуға болатын нәрсенің бәрін алғысы" келеді деді Трамп. Бір мезгілде ол келісімді Украинадағы соғысты тоқтатуға талпыныс қадамдарының бірі деп атады.
"Украина президенті жобаны қазіргі қалпында қабылдауға дайын емес. Біз әлі де өзгерістер енгізуге тырысамыз" деді жағдайдан хабары бар дереккөз AFP агенттігіне.
The New York Times басылымының жазуынша, Украина АҚШ-тан келісімнің жаңа нұсқасын алған, бірақ ондағы бірқатар шарттар алдыңғы нұсқасына қарағанда қатайтылған. Жаңа келісім Украинадан табиғи ресурс (мұнай, газ, порт және өзге инфрақұрылымнан түскен кіріс) кірісінің жартысынан бас тартуды талап етеді. Мұндай талаптар алдыңғы нұсқада да болған.
Жаңа құжат жобасына сәйкес, Украина шикізаттан түскен кірісті АҚШ-қа тиесілі қорға жіберіп отыруға тиіс болады, Украина ол жаққа 500 млрд доллар қаражат жиналғанға дейін ақша құюы керек. АҚШ президенті Дональд Трамп Киевтен дәл осындай соманы талап етіп отыр.
The New York Times басылымының жазуынша, келісімнің жаңа нұсқасында Украинаның қауіпсіздігіне кепілдік беру бойынша нақты міндеттеме жазылмаған. Жобада АҚШ Украинаға экономикалық тұрғыда дамуына көмектесу үшін ұзақмерзімді қаржылай көмек бермек деп жазылған.
АҚШ қаржы министрі Скотт Бессент сенбі күні Financial Times басылымындағы мақаласында Вашингтон мен Киев арасындағы экономикалық әріптестік екі елге бірдей пайдалы деді.
- Қаңтар айында қызметіне кіріскеннен бері Дональд Трамп сыртқы саясатқа қатысты көзқарасын түбегейлі өзгертіп, Кремльге қарай дипломатиялық қадамдар жасап, Украинадан Джо Байден бастаған бұрынғы АҚШ әкімшілігінен алған әскери көмектің орнын толтыру мақсатында табиғи ресурс, соның ішінде сирек кездесетін металдарды беруді талап етті.
- Украина Трампты соғыс қимылдарына қолдау көрсетуге көндіру үшін табиғи ресурстарды игеру бойынша АҚШ-пен әріптестік орнатуға келіскен. Президент Владимир Зеленский де Украина қауіпсіздігіне кепілдік беруді талап етіп отыр, алайда әзірге келісімге бұл шарт әлі енгізілмеген.
- АҚШ пен Украина арасындағы келіссөздер екі ел басшыларының барған сайын қатқыл мәлімдемелері тұсында жүріп жатыр. Жақында Трамп Зеленскийді «диктатор» деп атаған. Ол сонымен бірге Украинадағы бейбіт келіссөздерге Зеленскийдің қатысуы аса маңызды емес деп мәлімдеген. Зеленский Трамптың «жалған ақпарат кеңістігінде» өмір сүріп жатқанын айтқан. Жағдайға Киев пен Еуропа елдері алаңдап отыр.
AP баспасөз жиынына кіргізбегені үшін Трамп әкімшілігін сотқа берді

Америкалық Associated Press жаңалықтар агенттігі президент қатысатын шараға кіргізбегені үшін Дональд Трамп әкімшілігіндегі үш шенеуніктің үстінен сотқа арыз түсірді. Агенттік тілшісі өзін жиындарға кіргізуді, шенеуніктердің әрекетін баспасөз еркіндігін бұзу деп тануды және келтірілген шығынды өтеуді талап етті.
Ақпан айында Ақ үй AP журналистеріне президент қатысатын ірі шараларға қатысуға тыйым салған. Президенттің кабинеті, ұшағы, Трамптың Флоридадағы жеке резиденциясына әдетте журналистер кіргізілетін. Бұған AP агенттігінің хабарламаларында Мексика шығанағының жаңа атауын пайдаланудан бас тартуы түрткі болған. Қаңтарда Трамп Мексика шығанағын Америкалық шығанақ деп атау туралы жарлық шығарған еді. Агенттік журналистерге шығанақтың тарихи атауын пайдалануға, бірақ Вашингтонның да ұстанымын ескеруге кеңес берген.
"АҚШ-тағы баспасөз және барлық азамат үкіметтің қудалауынан қорықпай сөз орамын таңдауға құқылы», - делінген AP сайтында жарияланған шағымда. — Конституция үкіметке сөз бостандығын бақылауға мүмкіндік бермейді. Мұндай бақылауға жол беру және оны бұзғаны үшін жазалауға рұқсат беру әрбір америкалықтың бостандығына қауіп төндіреді".
Шағым Вашингтондағы аймақтық сотқа түсірілді. AP мәселе кеңейтілген сот алқасында қаралсын деп отыр. Трамп әкімшілігі шағымды "ақылға қонымсыз" жайт деп бағалаған.
Ақ үйдің коммуникация жөніндегі директоры Стивен Чунг АР журналистерін "идеологияға ұшыраған" тілшілер деп атаған.
Чунг әкімшіліктің сотта жеңетінін айтты. 20 ақпанда президент Трамп республикалық губернаторлармен кездесуде сотта жеңілуі мүмкін екенін айтқан, бірақ бұл «маңызды емес» деді.
Reuters: АҚШ Украинаға Starlink-ті өшіреміз деп сес көрсеткен

АҚШ Украинамен табиғи ресурстар бойынша келісімді талқылаған кезде елде Starlink спутниктік интернетін өшіру мәселесін де қозғаған. Бұл жөнінде келіссөз процесінен хабардар үш дереккөзге сүйенген Reuters жазды.
Мәселе Украина аумағынан Starlink-ке қосылуды өшіру жөнінде болып отыр ма, әлде АҚШ-тың Starlink қызметін төлеуден бас тартуы жөнінде болып отыр ма, белгісіз. Bloomberg агенттігінің жазуынша, ай сайын Пентагон Starlink пен Украина арасындағы келісімшарт үшін 2,3 млн доллар қаражат төлейді.
Reuters-дің жазуынша, Зеленский Ақ үй ұсынған келісімге қол қоюдан бас тартқаннан кейін АҚШ Starlink-ті өшіреміз деп сес көрсеткен.
Украинаның Вашингтондағы елшілігі, Ақ үй, АҚШ қорғаны министрлігі, SpaceX компаниясы Reuters-тің сұрақтарына жауап бермеді.
АҚШ Украинаға ұсынған және Зеленский қол қоймаған алдын ала келісім жобасын британдық The Telegraph газеті қайта жариялады. Басылымның мәліметінше, келісім тек пайдалы қазбалар ғана емес, сонымен қатар мұнай мен газ ресурстарын, порттар мен Украинаның басқа да инфрақұрылымдарын қамтиды. Ол сонымен бірге болашақта қандай салалар мәміле нысанасы болуы мүмкін деген сұрақты да ашық қалдырады. Болашақта ресурстарды монетизациялау үшін АҚШ Украинаның ресурстарды өндіруден түсетін қазіргі кірісінің 50% және «үшінші тарапқа берілген барлық жаңа лицензиялар» құнының 50% алуды жоспарлап отыр. Яғни, АҚШ пайдасына қарай «осындай табысқа салық» енгізіледі. The Wall Street Journal мәліметінше, екі жақ келісімге бүгін қол қоюы мүмкін.
Мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров Сеулдегі Төрт құрлық чемпионатында алтын иеленді

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров Сеулде өткен Төрт құрлық чемпионатында алтын медаль иеленді. Ол қысқа және негізгі бағдарламасын таза орындап, 285,10 ұпай жинады.
20 жастағы спортшы негізгі бағдарламасында қиын элементтердің бірі үш аксель+төрт сальхов секірді. Бұл элемент қазір басқа мәнерлеп сырғанаушылардың бағдарламасында жоқ.
Сеулдегі жарыстың күміс медалі Джунхван Чха (Оңтүстік Корея, 265.02 ұпай), қоланы америкалық Джимми Ма (245.01 ұпай) алды.
2015 жылы Денис Тен осы жарыста чемпион болған еді. Араға он жыл салып, Қазақстан Төрт құрлық чемпионатында алтын иеленді.
Төрт құрлық чемпионатында Азия, Оңтүстік Америка, Австралия және Африка мәнерлеп сырғанаушылары қатысады. Бірақ негізгі бәсеке Азия мен Америка, Канада спортшылары арасында болады.
ПІКІРЛЕР