Accessibility links

«Терроршылар жаңа әдіске көшті» дейді сарапшылар


Бостон марафоны кезіндегі жарылыс. АҚШ, 15 сәуір 2013 жыл.
Бостон марафоны кезіндегі жарылыс. АҚШ, 15 сәуір 2013 жыл.

The New York Times басылымында жарық көрген мақала «Террорлық шабуылдың алдын алуға бола ма?» деген сауалға жауап іздейді.

«11 қыркүйектегі жарылыстан соң Американың терроршыларға қарсы шарасы күшейгенін сезген «Әл-Қаида» АҚШ-тағы жанкештілерін жеке-дара жүріп шабуыл жасауға шақырып, оларды интернет арқылы оқыта бастады» деп бастайды Скотт Шейн 6 мамырда жарық көрген мақаласын.

Басылым «Әл-Қаиданың» Йемендегі филиалына қосылған америкалық терроршы Самир Ханның үгітін мысалға келтіреді. «Батыстағы әпке-бауырлардың бәріне Америкадағы өткен жарылыстарды қарап шығуға үндеймін» деп жазады 2011 жылы америкалық қарудан қаза тапқан терроршы. Оның пікірінше, құқық қорғау орындарына жеке шабуылдаушыны ұстау оңайға соқпайды.

ҮЙДЕ ЖАСАЛҒАН БОМБА

«Ханның нұсқаулығы бойынша өткізілді деп саналатын Бостон жарылысы жеке-жеке жүрген терроршылардың да қоғамға қаншалықты қауіп төндіретінін көрсетті. Ол оқиға «лаңкестер биліктің назарын аудармай-ақ күшті бомба жасай алады» дегенді әйгіледі. Осыдан кейін «Лаңкестерді теріс пиғылдарын жүзеге асырмай тұрып ұстаудың жолы бар ма?» деген сауал туындайды. 2001 жылы 3 мың адам көз жұмса, осы жолы 3 адам қаза тапты. Бірақ бұқаралық ақпарат құралдары көрсеткен адамдардың үрейлі жүздері терроршының мақсаты орындалғанын көрсетеді» деп жазады New York Times.

Автордың айтуынша, АҚШ федеральдық зерттеу бюросы «19 жастағы інісі Джохар Царнаевпен бірге жарылыс жасады деп айыпталған 26 жастағы Тамерлан Царнаев Ресейдің оңтүстігіндегі мазасыз Дағыстанда алты ай бойы арнайы дайындықтан өтті ме?» деген сауалға жауап іздеп жатыр. Ал АҚШ президенті Барак Обама «терроршылар өз бетінше әрекет етті» деп біледі. Ол өткен аптаның сейсенбісінде өткен баспасөз мәслихатында «мұның алдын алу қиын» деді.
Күдіктілер, ағайынды Царнаевтар. (ФБР видеосынан алынған көрініс)
Күдіктілер, ағайынды Царнаевтар. (ФБР видеосынан алынған көрініс)

Ағайында Царнаевтар жаттығу лагеріне бармай-ақ, үйде интернетке қарап отырып террор жасауға дайындалған деген жорамал бар. Басылым дерегі бойынша, олардың бомбасы сырт көзге күдік тудырмаймын арзан тұрмыстық заттардан – шеге, бытыра, фейерверк күкірті, ойыншықты алыстан басқару пультінен жасалған.

«Оқиға далада өткендіктен оларды ешкім тексермеді. Джохар Царнаевтың айтуынша, ағасы екеуі Inspire журналынан оқыған сценарийді негізге алған. Журналда Хан мен оның жетекшісі Анвар әл-Авлакидің жарылысқа қатысты нұсқаулығы жарияланған» дейді басылым.

ТАҒДЫРЫНА НАРАЗЫЛАР МЕН ЭКСТРЕМИСТЕР

Орталық барлау басқармасының бұрынғы қызметкері Филипп Муд барлау есебін оқитын адамдардың Бостондағы жарылысқа таң қалмағанын айтады. Ол беттерін бүркеуге де тырыспаған ағайындылардың қарапайым әрекетіне таң қалады. «Олар (Царнаевтар) идеологияның беткі қабатында жүрген, тағдырына наразы жандар» дейді ол.

Гарвард университетінің террорды зерттейтін психологы, доктор Рональд Схоутеннің ойынша, «Тамерлан Царнаев – экстремистердің үгітіне лайық классикалық портрет». «Ол олимпиада боксері бола алмады, колледжден шығып кетті. Өзінен түңілген жандар ашу-ызасын ақтайтын жолды іздейді» дейді ғалым.

Орталық барлау басқармасының бұрынғы қызметкері Джеральд Посттың айтуынша, «Әл-Қаида» соңғы уақытта жеке-дара әрекет еткен адамдарды үлгі ететін болған. Мысалы, 13 адамның ажалына айыпты Нидал Хасанның 2009 жылғы шабуылының видеосы «Әл-Қаиданың» сайтына салынған.

Кейбір мұсылман белсенділерінің ойынша, қауіпті адамдарды уақытында анықтау үшін құқық қорғаушылар мұсылман қауымдарымен тығыз жұмыс істеуі керек. «Сонда жас әсіредіншілдердің терроризмге қатысты көзқарасын анықтау мүмкіндігі артады. Солай істеген болса, мешіттегі имаммен дауласқан Тамерлан Царнаев та көзге түсер еді» дейді олар.

Мамандар «Царнаевтардың бомба жасауға кіріскенін анықтау мүмкін бе еді?» деген сұрақ жауап іздейді. «Тамерлан Царнаевтың фейерверк сатушыдан «Ең күштісі қайсысы?» деп сұрағаны да күдікті болуы мүмкін еді. Бірақ ер адамдардың 90 пайызы әдетте «Қайсысының дауысы қатты шығады? Қайсысы күшті?» деп сұрайды дейді Царнаев фейерверк сатып алған дүкеннің басшыларының бірі.
XS
SM
MD
LG