Accessibility links

Көшпенділер ойыны брендке айналды ма?


Екінші Дүниежүзілік көшпенділер ойыны кезіндегі этно-ауыл. Қыршын шатқалы, Ыстықкөл облысы, Қырғызстан. 9 қыркүйек 2016 жыл.
Екінші Дүниежүзілік көшпенділер ойыны кезіндегі этно-ауыл. Қыршын шатқалы, Ыстықкөл облысы, Қырғызстан. 9 қыркүйек 2016 жыл.

Қырғызстан басталуына екі айға сәл жетпейтін уақыт қалған үшінші Дүниежүзілік көшпенділер ойынына дайындалып жатыр. Биліктің есебінше, ұлттық спорт түрлері олимпиадасы саналатын сайыс елдің жаңа бет-бейнесін танытанын ойынға айналуы тиіс болған. Қырғызстан көшпенділер ойынын ойдағыдай дамытып, ел брендіне айналдыра алды ма?

Ұйымдастырушылар "этноолимпиада" ойын аясында өтетін өз шараларына тіпті онша көп турист тарта алмағанның өзінде, елді жарнамалауға үлкен септігін тигізеді деп санайды.

"Туристердің көбі елімізді атауы бойынша емес, Nomad games арқылы тани бастады. 2011-2012 жылдары Қырғызстанға 2,2 миллион шетелдік турист келсе, 2016 жылы бұл көрсеткіш 4,2 миллионға жетті. Туризм саласының миллиардтаған кіріске кенелуі – көбінесе осы көшпенділер ойынын өткізудің арқасы" деп санайды жоба авторлары мен жетекшілерінің бірі, Ыстықкөл облысының бұрынғы басшысы Асхат Ақыбаев.

Үшінші Дүниежүзілік көшпенділер ойыны туралы проморолик:

2014 жылы өткен алғашқы Дүниежүзілік көшпенділер ойынына 19 елден 600 спортшы қатысса, 2016 жылғы екінші ойынға 62 елден 1200 спортшы қатысқан болатын. Ұйымдастырушылар үшінші ойынға 80 елден кемінде үш мың адам қатысады деп жоспарлап отыр. Туризм департаменті болжамынша, көшпенділер ойынын ішкі туристермен қоса есептегенде, кем дегенде 60 мың адам тамашалауға ынтық.

- Оның қаншасы шетелдік қонақтар болатынын болжау қиын, - дейді департамент директоры Азамат Жаманқұлов.

Азаттықтың Қырғыз қызметі жүргізген сауалнамалар мен сараптамалық талдау деректері Дүниежүзілік көшпенділер ойынына шетелдіктердің ықыласы онша емес екенін көрсетеді. Азаттықтың Прагадағы кеңсесінен бүкіл әлем БАҚ-тарын үзбей шолып отырған тілшілердің сөзінше, Қырғызстанда өткелі отырған ірі мәдени-спорттық оқиға туралы шетелдік басылымдар мүлде жазып жатқан жоқ деуге болады.

Google Trends сараптамалық сервисі дерегінше, биыл Көшпенділер ойыны туралы ақпаратты ағылшын тілінде іздеу жүйесінен көбінесе мамырдың аяғында іздеген, ол кезде бір аптада 100 сауал тіркелген – бірақ олардың бәрі желіге Қырғызстаннан кірген қолданушылар болып шықты.


Әйткенмен Қырғызстандағы ең ірі туристік компаниялардың бірі – Kyrgyz Concept фирмасының турлар бойынша маманы Эльвира Жолдошева шетелдік туристер көшпенділер ойынына біршама қызығушылық танытып отыр дейді.

Иә, бұл шара – жақсы жарнама. Бірақ тіпті өтетін күнін де уақытында белгілей алмасақ, бұдан пайда не?

- Көбінесе еуропалықтар сұрап жатыр, аптасына кемі 3-4 адам сұрайды. Бірақ олардың 95 пайызы ойын туралы бұл шараны шетелде жарнамалап жатқан туроператорлардан естіген дер едім. Бір қиыны, ұйымдастырушылар ойын өтетін күнді кештеу хабарлайды. Өтетін күнін ылғи олардан өзіміз сұрауға тура келеді. Біз ойынның қашан, қайда өтетінін, тіпті наурызда да білген жоқпыз. Иә, бұл шара – жақсы жарнама. Бірақ тіпті өтетін күнін де уақытында белгілей алмасақ, бұдан пайда не? Жұмысқа байлаулы қарапайым турист өзінің демалыс сапарын әдетте кемінде бір жыл бұрын жоспарлайды ғой, - дейді ол.

Қырғызстан билігі үшінші Дүниежүзілік көшпенділер ойыны өтетін мерзімді 2018 жылғы ақпанда жариялаған. Ойын биыл қыркүйектің 2-сі мен 8-і аралығында өтеді деп белгіленген. Туризм департаменті директоры Азамат Жаманқұлов "жарысқа дайындық жоспарға сәйкес жүріп жатыр" деп хабарлаған. Бірақ ойынға қатысушылар мен әріптестердің түпкілікті тізімі мен ойын аясында өтетін іс-шаралар бағдарламасы шілденің аяғына қарай ғана бекітілмек.

Мұның алдындағы Дүниежүзілік көшпенділер ойынынан Euronews, NHK, Al Jazeera, China TV, Deutsche Welle, Russia Today агенттігінің «Менің планетам» жобасы, Reuters, National Geographic, China Daily, Associated press, Sputnik, Синьхуа тәрізді ірі БАҚ-тар хабар таратқан болатын. Дүниежүзілік көшпенділер ойыны хатшылығы өкілдерінің есебінше, бірінші ойынның телетрансляциясы 230 миллион, ал екінші ойынның трансляциясы – 500 миллион адамды қамтыған.

2016 жылы өткен екінші ойыннан Al Jazeera телеарнасы түсірген сюжет:

Жоба авторлары мен жетекшілерінің бірі Асхат Ақыбаев Қырғызстанға көшпенділер ойыны брендін қалыптастырудың сәті түсті деп санайды.

- Меніңше, қазір көшпенділер ойынын өзіміз дұрыс бағалай алмай отырмыз. Әлемде мұндай сипатта өтетін жобалар өте көп, бірақ олар жайлы ешкім білмейді. Ал бізде өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойыны этноспорттық ойындардың ең үлкен алаңына айналды. Қазақстан 2021 жылы этноолимпиада өткізуді жоспарлап отыр, Түркияда дүниежүзілік этнофестивальдер өте бастады. Бұлардың бәрі біздің ойыннан кейін болып жатқан дүниелер, - дейді ол.

Бұған қоса, Ақыбаев Қырғызстан үшінші ойынды өткізуді ұйғарып, дұрыс шешім қабылдады деп санайды. Оның пікірінше, Дүниежүзілік көшпенділер ойыны әлі қалыптасу сатысында тұр, сондықтан оның бастамашысы ретінде Қырғызстан процесті аяғына дейін жеткізуі тиіс.

Қырғызстан көшпенділер ойынын 2010 жылдан бері ұйымдастырып келеді. Жарыс екі жылда бір рет өтеді. Ойынға Қазақстан да тұрақты түрде қатысады. Жарыс бағдарламасына бәйге, қазақша және қырғызша күрес, тоғызқұмалақ, садақ ату сынды спорт түрлері енген. 2010 жылғы ойындарға 20 ел қатысып, Қырғызстан 16 алтынмен жалпы есепте бірінші орын алды. Екінші орынды 10 алтын жеңген Қазақстан, үшінші орынды үш алтынмен Түркіменстан иеленген.

2014 жылғы ойындарға 40 ел қатысқан. Олардың арасында Қытай, Бразилия, Аргентина, Эквадор, АҚШ, Иран, Үндістан, Польша бар. Жарыс қорытындысы бойынша, жалпы есепте 25 алтын иеленген Қырғызстан бірінші, 15 алтын ұтқан Түркіменстан - екінші, 12 алтын еншілеген Қазақстан үшінші орын алған.

(Мақала Азаттықтың Қырғыз қызметінің материалдары негізінде әзірленді.)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG