Accessibility links

Галеотти: "Долы риториканың күні өтті"


Ресей президенті Владимир Путин
Ресей президенті Владимир Путин

Ресей мен Батыстың қарым-қатынасын зерттеп жүрген белгілі ұлыбританиялық саясаттанушы, Кремль саясаты бойынша сарапшы Марк Галеоттимен сұхбат.

Марк Галеотти - Прага Халықаралық қатынастар институтында аға зерттеуші, Еуропа қауіпсіздігі орталығының жетекшісі.

Азаттық: - Бұрынғы әскери тыңшыны Англияда улау дауына қатысты Ұлыбританияның Ресейге қарсы дипломатиялық шектеу әрекетін АҚШ белсене қолдап шықты. Орталық және Шығыс Еуропадағы кейбір еуроскептик ел басшылары да бірнеше ресейлік дипломатты кері қайтарды. Бұл нені білдіреді? Бұл жолы не өзгерді?

Марк Галеотти: - Бұл - жағдайды біржола өзгертетін сәтке айналып тұр. Ресейге болсын, я басқа елге болсын мұндай ауқымды әскери емес қысым жасалғанын ешқашан көрмеппіз. Оның себебі бұрынғы тыңшы Сергей Скрипальді өлтіруге тырысу әрекетінде ғана жатқан жоқ. Шыдамның шегін үзген, ақырындап қордаланған ресейлік авантюризмде жатыр. Мәскеу жасады деп күдік тағылған қастандықтарда жатыр. "Бұған қатысты бір шара қолдану керек" деп ойлайтын кез жетті. Осы жағынан қарағанда бұл - ұзақ процестің кульминациясы.

Көре отырыңыз: Сергей Скрипаль деген кім?

Азаттық: - Ресейге тағылған осы айыптауларға қатысты Батыстың ең ауыр санкциясы не болуы мүмкін?

Марк Галеотти, саясаттанушы
Марк Галеотти, саясаттанушы

Марк Галеотти: - Жағдайды бұлай ушықтыруға Мәскеудің басқару жүйесінің нашарлығы себеп болды. Ресейге жан-жақты экономикалық санкциялар салынатын күн тууы да мүмкін деп айтуға болады. Бірақ оның ауылы алыс сияқты. Көбіне саяси ишаралар жасалатынын көретін сияқтымыз. Өйткені бұл - ынтымақтаса жасалатын өте нәзік мәміле. Батыс Ресейге: "Мына қылықтарыңды енді көтермейміз, қымбатқа түседі" дегісі келеді. Бірақ Путинді "режиміме қатер төнді" деп ойлайтындай мүлдем тұйыққа тіреп тастағысы да келмейді. Ондай жағдайда Путин болжап болмайтын кесірлі әрекет жасауы мүмкін. Өйткені жоғалтатын нәрсесі аз. Сол себепті бәрібір ынтымақтасу бар.

Қырым бір себебі еді, Скрипальды улау жалғасы боп шықты. Сол себепті осындай жауап туды.

Ресейге қарсы дипломатиялық шектеу қолдануға Канададан Австралияға дейінгі аралықта біраз ел қосылды. Сөйте тұра біраз ел қосылған жоқ. Кейбір елдердің ашық түрде өздеріне тиісті рөл ойнаудан бас тартқанын көрдік. Қолда бар коалицияны бөлшектеп алмауға тырысып жатыр.

Біле отырыңыз: "Новичок" деген қандай у?

Азаттық: - Ресейдің дипломатиялық жанжалға қатысты алғашқы реакциясын көріп отырмыз. Кремль де шетелдік дипломаттарды елден кетірмек. Мәскеу бұл жағдайдан бір сабақ алды деп ойлайсыз ба?

Марк Галеотти: - Дәл қазір бірдеңе деу ерте. Ресейдің көкіректене жауап қайтаратынын білгенбіз. Басқаша жасай да алмайды. Басқа бірдеңе қылса, әлсіз болып көрінуі мүмкін. Ал ресейліктердің әлсіз боп көрінгісі келмейді. "Сахнаның артында не болып жатыр?" деген сауал туады. Өткен апта Мәскеуде болдым. Сол кезде Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэй Ұлыбританиядан ресейлк дипломаттардың алғашқы легі шығарылатынын хабарлап жатқан. Ресей дәл соншама британ дипломаттарын қайтарып жатқан. Ресейдің сыртқы саясат мекемесінде кіммен сөйлессем де, жанжал осымен бітті деп ойлайтынын байқадым. Сол себепті мына жағдай Мәскеуді есеңгіретіп тастайтын сияқты. Болған жағдайды қалай түсінді дегенге келсек. Бұны тек ишара көріп отыр ма? Жоқ әлде күшімізді шамалай алмай қалдық деп отыр ма? Батыстың реакциясын болжап білеміз, ойнай тұрамыз деді. Енді мұның қате екені көрінді. Өздеріне қарсы үлкен кампания басталды. Сондықтан қайта ойлануға мәжбүр. Бұдан Ресей Батысқа жақсы болып көрінуге тырысады деуге де болмайды. Қатая түсуіміз керек деуі де мүмкін. Бірақ саясатының өзгергенін көріп отырмыз. Долы риторикалы жауап қатудың күні өтті.

Оқи отырыңыз: Ресейдің "Скрипаль дауына" қатысты жауабы

Азаттық: - Қырымды аннексиялап алған кездегідей емес, Ресей бұл жолы Батыстың қаттырақ саяси қысымына ұшырады. Себебі не?

Марк Галеотти: - Бірнеше себебі бар. Қырымның аннексиясы халықаралық заңдарды қаншалықты өрескел бұзу болса да, бірқатар Батыс елдері белгілі бір мөлшерде мұны мойындады. Қырымдағы референдум заңсыз өтсе де, түбек халқының басым көпшілігі Ресейдің бір бөлігі болғысы келетінін түсінген сияқты. Тұтас хаос орнаған кезең еді ғой. Бірақ маңызды бір жайт - Қырымды аннексиялау мына процестің басына айналды. Ешкім ол кезде бұның әлдененің басы екенін білген жоқ. Одан бері Донбасты көрдік, басқа әрекеттерін көрдік, сайлауға араласуды көрдік. Мұның тізбекке айналғаны аңғарылды. Сол себепті мұны тоқтату үшін қатаң шаралар қолданылды. Қырым бір себебі еді, Скрипальды улау жалғасы боп шықты. Сол себепті осындай жауап туды.

XS
SM
MD
LG