Accessibility links

Индонезиядағы жер сілкінісінен жүзге жуық адам қаза тапты


Ломбок аралында жер сілкінісінен қираған ғимарат. Индонезия, 6 тамыз 2018 жыл.
Ломбок аралында жер сілкінісінен қираған ғимарат. Индонезия, 6 тамыз 2018 жыл.

Тамыздың 5-і күні Индонезияның Ломбок аралында болған жер сілкінісінен жүздеген адам қаза тапқан.

Индонезияның Ломбок аралында қуаты 7 магнитудаға жететін жер сілкінісі болып, апаттан қаза тапқандар саны 98 адамға жетті.

Тамыздың 6-сы күні Астана уақыты бойынша 11-де апаттан мерт болғандар саны 91 адам деп хабарлаған. Түс ауа Индонезияның табиғи апаттар салдарын жеңілдету агенттігінің өкілі Сутопо Нугрохо баспасөз мәслихатын өткізіп, қаза болғандар саны жүзге жуықтағанын мәлімдеді.

Нугрохоның айтуынша, құтқарушылар кейбір қирандыларға әлі жете алмай жатқандықтан құрбандар саны әлі де өсе түсуі мүмкін.

Батыс Нуса Тенгара провинциясы әкімшілігінің хатшысы Росиади Союти Индонезияның Metro TV телеарнасына берген сұхбатында 142 адамның қаза тапқанын айтты.

Индонезия билігінің дерегінше, апаттан 200-ден астам адам жарақаттанған. Жер дүмпуінің 30 километр тереңдікте болған.

Зілзала болған аймақтың картасы.
Зілзала болған аймақтың картасы.

Reuters ақпарат агенттігінің хабарлауынша, жер сілкінісі болған аймақтан он мыңға жуық адам қауіпсіз жаққа көшірілген. Ел президенті Джоко Видодо эвакуациялық шараларды жеделдетуді тапсырды.

Индонезияда болған жер сілкінісінен қаза тапқандар мен зардап шеккендер арасында Қазақстан азаматтары жоқ деп хабарлады елдің Сыртқы істер министрлігі.

"Индонезияның Табиғи апаттармен күрес агенттігі Қазақстан консулына берген алдын- ала ақпаратына сәйкес, жер сілкінісі салдарынан зардап шеккендер мен қаза тапқандар арасында қазақстандықтар жоқ" деді министрліктің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров Азаттыққа.

Ломбок аралындағы туристер. 6 тамыз 2018 жыл.
Ломбок аралындағы туристер. 6 тамыз 2018 жыл.

Индонезия билігі зілзаладан Ломбок аралының солтүстігінде жүздеген ғимарат бүлінгенін мәлімдеді. Аралдың негізгі қаласы Матарамда көптеген ғимарат зардап шегіп, қаланың біраз ауданы электр қуатынан ажыратылған.

Индонезия билігі Ломбок аралына арнайы кемемен құтқарушылар және тағам, дәрі-дәрмек жіберіп жатқанын хабарлады. Жергілікті әуе компаниялар апат аймағында қалған туристерді қауіпсіз аймаққа әкету үшін жұмыс Ломбок аралына рейстерді көбейткен.

Ломбок аралындағы жер сілкінісінен зардап шеккен ғимарат. 6 тамыз 2018 жыл.
Ломбок аралындағы жер сілкінісінен зардап шеккен ғимарат. 6 тамыз 2018 жыл.

Зілзала дүмпуі Ломбокке жақын Бали аралында да сезілген. Бали аралында бір адамның қаза тапқаны хабарланды.

Туристер көп баратын Ломбок аралында бір апта бұрын да жер сілкініп, 16 адам қаза тапқан.

Әлемдегі ең үлкен архипелаг саналатын Индонезия жанартаулар иінінде және Тынық мұхитындағы тектоникалық аймақта орналасқандықтан жер сілкінісі жиі болады.

2004 жылы желтоқсанда Индонезияның батысындағы Суматра аралының жағалауында мұхитта болған жер сілкінісінен цунами тұрып, Үнді мұхиты жағалауындағы бірнеше елде 220 мыңнан астам адам қаза тапқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG