Accessibility links

Терроризм және Арал мәселесі. Душанбеде не талқыланды?


Душанбе саммитіне қатысушылар. 15 маусым 2019 жыл.
Душанбе саммитіне қатысушылар. 15 маусым 2019 жыл.

15 маусымда Душанбеде Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің саммиті өтті. Жиынға Қазақстан, Ауғанстан, Иран, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркия, Ресей президенттері қатысты. Кеңеске мүше тағы 18 елден премьер-министрлер, вице премьер-министрлер және сыртқы істер министрлері келді. Бұл – кеңестің Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевсыз өткен алғашқы саммиті.

ТОҚАЕВ ТАҒЫ НАЗАРБАЕВ ЖАЙЛЫ АЙТТЫ

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Бішкектегі Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитінен кейін, 14 маусымда, Душанбедегі жиынға барды. Ол осы күні Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонмен кездесті. Кездесуде Тоқаев Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесін құруды Нұрсұлтан Назарбаев ұсынғанын айтты.

– Біздің бірінші президентіміз – елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1992 жылы БҰҰ мінберінде кеңесті құру туралы айтты. Бұл бастама қолдау тауып, содан бері дамып келеді, – деді ол.

Тоқаев (сол жақта) пен Рахмон Душанбеде. 14 маусым 2019 жыл.
Тоқаев (сол жақта) пен Рахмон Душанбеде. 14 маусым 2019 жыл.

Тоқаев саммит кезінде де Назарбаевтың кеңес құру идеясының авторы екенін қайталады. Жиыннан кейін қабылданған декларацияда Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі Назарбаевтың "ұйымды құрушы ретінде атқарған жұмыстарын жоғары бағалаған". Кеңес "Назарбаев ұйымды дамыту үшін алдағы уақытта да көмектеседі" деп сенеді.

САММИТКЕ КЕЛГЕН ПРЕЗИДЕНТТЕР НЕ АЙТТЫ?

Саммитте төрағалық еткен Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон экологиялық мәселелер туралы сөз қозғады.

"Біздің елде соңғы 40 жылда мыңнан астам мұздық еріп кетті. Осының салдарынан ұлттық экономикамыздың негізгі бөліктері – гидроэнергетика, ауыл шаруашылығына зардап шегіп жатыр" деді ол.

Рахмон "мұздықтардың еруі Орталық Азияның су ресурстарына кері әсер етеді" деп қауіптенеді.

Саммит қатысушылары Душанбеде.
Саммит қатысушылары Душанбеде.

Қытай жетекшісі Си Цзиньпин Азия елдері бір-біріне сенім арттыратын шаралар қабылдауды ұсынды. Ол Азиядағы елдер бір-бірінің мүддесін, аумақтық тұтастығын және тәуелсіздігін құрметтеу керек деп санайды.

Қазақстан президенті Тоқаев кеңес жұмысына серпін керек деп есептейді. Ол қақтығыстар, сауда соғысы мен санкциялар, терроризм күшейген тұста Азия елдері бірігуі тиіс деп есептейді.

«Серіктестерімізді кеңес жұмысының тиімділігін арттыру үшін бірігуге шақырамын. Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі толыққанды аймақтық ұйымға айналуы тиіс” деді Тоқаев.

Си Цзиньпин.
Си Цзиньпин.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев кедейшілік және экология, демография, миграция, білім саласындағы мәселелер – қақтығыстар мен терроризмге себеп. Ол жастардың “радикалдандып бара жатқанына алаңдайды”. Мирзияев саммитте Арал теңізінің мәселесін көтерді. Ол кеңес елдерін Арадың мәселесін бірігіп шешуге шақырды.

Ресей президенті Владимир Путин Ауғанстандағы жағдайды жайлы айтты. Ол Ирак мен Сирияда жеңілген экстремистік топтар Ауғанстанға келе бастағанын, сол үшін аймақтағы сақтық шараларын күшейту керегін жеткізді. Путин Сирияны қалпына келтіру жайлы да сөз қозғады

"Астана форумындағы келісімдерді Ресей, Иран және Түркия бірігіп орындап жатыр. Қазір біз Сирияда конституциялық комитет құру үшін бірге жұмыс істеп жатырмыз" деді ол.

Форумға қатысқан президенттер. Душанбе, 15 маусым 2019 жыл.
Форумға қатысқан президенттер. Душанбе, 15 маусым 2019 жыл.

Иран президенті Хассан Роухани Таяу Шығыстағы жағдай қиындап кеткенін айтты. Оның сөзінше, Таяу Шығыстағы іске басқа елдер араласып жатыр. Роухани АҚШ-тың Иран ядролық келісімінен шығуын және Вашингтонның санкцияларын “Тегеранға жасалып жатқан қысым” деп атады. Ол Тегеран “Иран ядролық келісімінің” кейбір бөлімдерін орындаудан бас тартатынын мәлімдеді.

Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбековтың айтуынша, Азия аймағында өзекті мәселелерді шешу үшін кеңес жұмысын жетілдіру қажет.

Саммит қорытындысы бойынша қатысушылар біріккен декларация қабылдады. Кеңес елдері Иранның ядролық келісімінің орындалғанын қалайтындарын жеткізді. Саммитке қатысушылар Палестинаның тәуелсіз ел құру құқығын қолдайтындарын, Иерусалим қаласының статусына қатысты бір жақты шешімдерге қарсы шығатынын мәлімдеді.

ДУШАНБЕ САММИТКЕ ҚАЛАЙ ДАЙЫНДАЛДЫ?

Душанбе Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің саммитін алғаш рет ұйымдастырды. Азаттықтың Тәжік қызметінің хабарлауынша, жиын өткен күні қалада адам аз жүрді, орталық көшелер жабылып, базар, сауда орындары жұмыс істемеді. Ел билігі оқу орындары мен мектептерде үш күн сабақ тоқтатты. Елде күзет күшейді. Саммит кезінде төрт мыңнан астам полиция қызметкері қауіпсіздікті қамтамасыз етті.

Азаттықтың Тәжік қызметінің дереккөздерінің сөзінше, милиция қызметкерлері "жоғарыдағылардың тапсырмасымен" қаланы қайыр тілегендерден және үйсіздерден "тазартқан".

Тәжікстан сыртқы істер министрлігі бесінше рет өткен саммитке 650 журналист аккредитация алғанын хабарлады.

Ұйым Азия құрлығының 90 пайызын алып жатқан 27 елді біріктіреді. Кеңестің саммиті төрт жылда бір рет өтеді. Кеңестегі шешімдер мемлекет және үкімет басшыларының саммитінде қабылданады. Кеңестің алғашқы отырысы 2002 жылы өткен. Кеңес құру идеясын Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған.

2018-2020 жылдары кеңеске Тәжікстан төрағалық етеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG