Accessibility links

Ресей президентінің «дерттері»


Смоленскіге сапары кезінде Владимир Путин жергілікті дәрігерге қаралды. 25 тамыз 2011 жыл.
Смоленскіге сапары кезінде Владимир Путин жергілікті дәрігерге қаралды. 25 тамыз 2011 жыл.

Владимир Путин аутизмнің бір түріне немесе қатерлі ісік дертіне шалдыққан ба? Әлде «нарцисс мегаломаньяк» адам ба?

Кремль насихаты президент Владимир Путинді жойғыш ұшақты ұршықша үйіріп, жолбарысты қолға үйрете алатын батыр ретінде көрсетеді. Бірақ оның денсаулығына қатысты соңғы жылдары көп тараған қауесетке сенсек, ол – денсаулығы нашар, психологиялық кінәраты бар адам.

Путиннің денсаулығына қатысты тараған кейбір болжамдар.

Аспергер синдромы

2015 жылы ақпанның 4-і күні USA Today газеті Пентагонның 2008 жылы жүргізген зерттеуіне сүйенген сарапшылар «Путиннің бүкіл шешімдерінен Аспергер синдромының кейбір белгілері, яғни аутизмге шалдыққан адамға тән қылықтар байқалады» деген ұйғарымға келгені туралы мақала жариялады.

АҚШ қорғаныс министрлігі жанынан құрылған бағдарламаларды жан-жақты бағалау басқармасы осындай ұйғарымға келген. Болжам Путин қатысқан видеоматериалдарға негізделген.

Ақпанның 6-сі күні Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков бұл болжамдарды «комментарий беруге тұрмайтын сандырақ» деп атады.

Ұйқы безінің қатерлі ісігі

Қазан айында АҚШ-тың The New York Post таблоиды белгісіз дереккөзге сілтеме жасап, «Путин айықпас дерт – ұйқы безі қатерлі ісігіне шалдыққан» деп хабарлады. Басылымның жазуынша, бұл ақпаратты Путинді емдеген қарт неміс дәрігері берген.

Мәскеу мақаладағы диагнозды жоққа шығарды, ал Дмитрий Песков журналистерге «Дәмеленбесін! Тілдеріне теріскен шықсын. Путиннің денсаулығы мықты» деп мәлімдеген.

Нарцисс-мегаломаньяк

1977-1981 жылдары АҚШ президенті Джимми Картердің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі болған Збигнев Бзежинский 2014 жылдың сәуірінде АҚШ-тың The National Interest журналына Путиннің бойында да Адольф Гитлер мен Бенито Муссолини сияқты «нарцисс-мегаломаньяк» адамға тән қылықтар бар деп мәлімдеген.

Владимир Путин. Тамыз, 2012 жыл.
Владимир Путин. Тамыз, 2012 жыл.

Бұл тақырыпқа The Atlantic журналы да пікір жариялады. Басылымның пікірінше, Путиннің мачо-жігіттер сияқты күш-қайратын көрсеткісі келіп тұратын қылықтары (дайвинг, ұшақ басқару, жарыс болидін жүргізу, жекпе-жек күресте күшін таныту және ат үстінде денесін жалаңаш көрсетуі) нарциссизм деп аталатын «тұлғаның ауытқу» дертіне шалдығуы мүмкін деген ойға итермелейді.

Автор «Путин клиникалық тұрғыдан нарцисс дертіне шалдықсын, шалдықпасын, мейлі, бірақ оған қарап дәл осындай ой келеді» деп қорытады.

Жұлын рагы

2014 жылдың қаңтарында АҚШ-тың тағы бір журналы The Week «Путин ауыр науқас екен, жұлын рагына шалдығуы мүмкін» деген қауесет тарағанын хабарлады. Журналистер дереккөз ретінде «тәжірибелі сарапшыларды» атаған. Олар Ресей президентінің экс-олигарх Михаил Ходорковскийге рақымшылық жасап, кеңпейілдік танытқанын «күнәсін жуып-шайғаны» деп болжайды. Басылым «өз дұшпандарынына кек алуға келгенде сицилиялықтардан қалыспайтын Путиннің мінезіне мұндай кеңпейілділік қасиет мүлде тән емес» деп жазады.

Жалғыздыққа бейім адам

2013 жылдың қыркүйегінде Путин мектеп тақтасына жұрт «Мысық.Ту сыртынан қарағандағы көрініс» атап кеткен сурет салып, елді таң қалдырды.

Владимир Путин тақтаға сурет салып тұр.
Владимир Путин тақтаға сурет салып тұр.

Ресейліктердің көбі президент салған суретті баланың қылығына балағанымен, олай ойламайтындар да бар болып шықты.

«Дождь» телеарнасы эфирінде дәрігер-психолог бұл сурет Путиннің «жұртпен жұғыса алмайтын» адам екенін көрсетеді деп мәлімдеді. Ол Путин – «тұйық, жалғыздыққа бейім әрі сезімін онша көрсеткісі келмейтін жан» деп болжайды.

Арқа жарақаты

2012 жылдың қарашасында күтпеген жерден Путин өзінің әлсіздігін көрсетіп алды. «Арқасын жарақаттап алды» деген болжаммен оның жұмыс кестесін өзгертіп, жоспарланған шетелдік сапарларынан бас тартуына тура келгені хабарланған.

Кремль «президенттің жарақаты жұрт ойлағандай қауіпті емес» деген сыңай танытты. Песков «түймедейді түйедей етіп жүрген жұрттың қауесеті» деп мәлімдеді.

Reuters агенттігіне ресейлік әріптесінің дзюдомен шұғылданып жүріп омыртқасын зақымдап алғанын хабарлаған Беларусь президенті Александр Лукашенко: «Ол дзюдоны жақсы көреді. Қарсыласын лақтырған кезде, омыртқасына күш түсіріп алды» деп айтқан еді.

Ботокс ізі

2010 жылдың қазанында Украинада өткен баспасөз жиынында жұртқа Путиннің көзінің асты көгеріп қалғандай көрінді, оны тіпті косметика да жаба алмаған. Президентпен жақын араласатын журналист Андрей Колесников «дзюдо жаттығуы кезінде көгеріп қалған болар» деп болжам жасаған. Ал Украина ақпарат құралдары «Путин жас әрі дені сау адам көрінгісі келіп ботокс екпесін жасатқан» деп жазған.

XS
SM
MD
LG