Дүйсенбі, 25 қарашада DHL компаниясының жүк таситын ұшағы Литвадағы Вильнюс әуежайы маңындағы екі қабатты үйдің жанына құлады. Апаттан соң өрт шықты. Бұл туралы Delfi порталы әуежай өкілдері мен Литва полициясына сілтеп хабарлады.
Ұшақта төрт адам болған – екі ұшқыш және компанияның екі қызметкері. Delfi мәліметінше, ұшқыштардың бірін құтқарған, ол есін біледі. Бір адам қаза тауып, зардап шеккен екі адам ауруханаға жеткізілді деген ақпарат бар.
Литва полициясының дерегінше, апаттан соң төрт пәтері бар екі қабатты үй өртенген. Өрт сөндірушілер 12 адамды эвакуациялаған, тұрғындар зардап шекпеген.
Құлаған ұшақ Лейпцигтен (Германия) ұшып шыққан. DHL оны SWIFT Air компаниясынан жалға алған деп хабарлады Delfi. Flightradar24 мәліметінше, ол Boeing 737 атты жүк таситын ұшақ болған.
Литваның ұлттық дағдарысты басқару орталығының басшысы Вилмантас Виткаускас Вильнюстегі ұшақ апатын жазатайым оқиға деп атады.
Қарашаның басында The Wall Street Journal газеті Батыс барлау деректеріне сүйеніп, шілде айында Лейпциг пен Бирмингемдегі DHL жүк жеткізу қызметінің логистика орталықтарында екі жарылыс болған деп хабарлаған. Тергеу массаж жасайтын электр құрылғыларында жанғыш зат болғанын анықтады.
Еуроодақтағы бірнеше елдің қауіпсіздік қызметкерлері логистика қоймаларындағы жарылыстар – Ресей барлау қызметінің АҚШ-қа баратын жүк рейстерінде жарылыс жасауға жаттығу амалы болуы мүмкін деп мәлімдеді.
Өткен айда Польша билігі өртенген жүк себептерін тергеу нәтижесінде төрт адам ұсталды деп хабарлады. Оқиға АҚШ пен Канадаға жеткізілуге тиіс жүкті Еуропаға апара жатқан кезде болған. Польша прокуратурасы жүк жердегі және әуедегі тасымал кезінде жанып я жарылып кетті деп мәлімдеді.
Батыс үкіметтері мен Еуропадағы барлау қызметтері бұған дейін Украинаның одақтастарында бейберекет жағдай туғызуға бағытталған Еуропадағы бірқатар өрт пен саботаж актінің артында Мәскеу тұруы мүмкін деді.
Мәскеу бұған қатысты пікір білдірмеді.
ПІКІРЛЕР