Accessibility links

Өзбекстанда «ел шағымын елемеген» ондаған шенеунік жұмыстан шығарылды


Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев (алдыңғы қатарда оң жақ шетте) елмен бірге трамвайға мініп жүр.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев (алдыңғы қатарда оң жақ шетте) елмен бірге трамвайға мініп жүр.

Өзбекстанда соңғы айда төрт әкім мен басшы қызмет атқаратын 30-дан аса шенеунік жұмыстан шығарылған.

Өзбекстан министрлер кабинетінің аты-жөнін атамаған шенеунігінің Азаттықтың Өзбек қызметіне айтуынша, жұмыстан кеткендер тізімінде Гулистан қаласы (Сырдария облысының әкімшілік орталығы), Ферғана облысының Бағдад ауданы, Ферғана облысының Қоқан қаласы және Бұхара облысының Вабкент ауданы әкімдері бар.

Кей шенеуніктердің үстінен Өзбекстанның әкімшілік жауапкершілік туралы кодексінің 43-бабы («Жеке азаматтар мен заңды тұлғалардың өтініштерін қарау заңдарын бұзу») бойынша әкімшілік істер қозғалған. Мұндай заң талабын бұзған лауазымды тұлғаларға елдегі ең аз жалақы мөлшерінің бірден үшке дейін көлемінде әкімшілік айыппұл салып, қызметінен босату қарастырылған.

– Қазір бұл мәселеге қойылатын талап өте қатал. Халықтың проблемаларына көңіл бөлмесе, жұмыстан шығарылатыны жайлы селекторлық жиналыстар кезінде әкімдерге үнемі ескертіледі. Сондықтан әкімшіліктер оларға жүгінген жұрттың проблемасын ден қойып тыңдап, мұқият зерттеп, бүкіл шаруасын шешіп беруі тиіс, – дейді Өзбекстан министрлер кабинетінің виртуалды қабылдау қызметіне жауапты шенеунігі.

Өзбекстандағы картоп тапшылығы.
Өзбекстандағы картоп тапшылығы.

2017 жылдың басынан бері Өзбекстанның бүкіл облыс және аудан әкімшіліктерінде халықтық қабылдау қызметі құрылған. Олар «халық пен мемлекеттік шенеуніктер арасында диалог орнату мақсатында құрылған» деп хабарланған.

Бірақ министрлері кабинеті шенеунігінің айтуынша, өтініш-шағымдарды қарау жергілікті хокимияттар (әкімшіліктер) мен тиісті органдардың құзырында екеніне қарамастан, шағымдардың 70-80 пайызы қаралмай қалады.

– Проблема сол жерде шешілуі тиіс. Бірақ өкінішке қарай, шағым-өтінішін жергілікті әкімшіліктерге тыңдата алмаған адамдар министрлер кабинетіне жүгіне бастайды. Ондай істерді біз жергілікті әкімшіліктерге қайта жолдағаннан кейін олар жұрттың шағымын бірден қарай бастайды. Шын мәнінде жергілікті әкімшіліктер жұрттың проблемаларын елемей қоймай, сол тұрғылықты жерінде шешуі тиіс, – дейді ол.

Өзбекстанда 1 мамыр мерекесі кезінде қыдырып жүрген жұрт.
Өзбекстанда 1 мамыр мерекесі кезінде қыдырып жүрген жұрт.

Өзбекстан президентінің виртуалды қабылдау қызметі сайтының хабарлауынша, кейінгі алты ай ішінде мемлекет басшысының виртуалды қабылдау қызметіне 750 мыңнан астам өтініш-шағым түскен. Олардың 680 мыңнан астамы, яғни бүкіл өтініш-шағымның 90 пайызы қаралған.

Азаматтар көбінесе жалақы мен оған теңестірілген төлемдерді мерзімінен кешіктіріп төлеу, газбен қамту және газ үшін қисынсыз қарыздар проблемасы, валютаны конвертациялау және денсаулық сақтау мәселелері бойынша шағымданады.

Өзбекстанның облыс, аудандары әкімдерінің виртуалды қабылдау қызметі сайттары да азаматтардан түскен шағымдардың 90 пайызы қаралғаны жайлы хабарлайды.

​Сурхандария облысына қарасты Сарыасу ауданы әкімдігі қызметкерінің Азаттыққа хабарлауынша, аудандық виртуалды қабылдау қызметіне жыл басынан бері түскен 692 өтініш-шағымның 632-сі қаралған.

Бірақ Сурхандария облысында тұратын фермер Чори Норбоевтің айтуынша, азаматтардың шағымдары қаралғанымен, жұрттың проблемалары бәрібіршешілмей қалады.

«Осынша өтініш-шағым түсті, оның осыншасын қарадық» деп мәлімдейді, бірақ бұл проблеманы шешпейді ғой.

– Олар «осынша өтініш-шағым түсті, оның осыншасын қарадық» деп үнемі мәлімдейді, бірақ бұл проблеманы шешпейді ғой. Біздің қышлақта газ жоқ, жұрт жалақысын уақытында ала алмайды. Өйткені қолма-қол ақша жоқ. Мұндай проблемаларды шешу үшін әкімшіліктерде халықтық қабылдау қызметін ашудың қажеті қанша? Әлгі проблемалар жайлы жылдар бойы айтып келеміз. Оларды әкімдік қызметкерлерінің өздері де жақсы біледі. Биліктің халықпен диалог орната бастағаны өте жақсы, бірақ әлгі диалогтан әлдебір нәтиже шығуы керек. Бірақ өкінішке қарай, нәтиже шығып жатқаны байқалмайды, – дейді сурхандариялық фермер.

Бірақ Ферғанада тұратын зейнеткер Очил «халықтық қабылдау қызметі» ашылғанына риза екенін айтады.

– Бұрын арыз-шағымдарымызды немесе шешілмеген мәселелер бойынша ұсыныстарымызды президентке тікелей жолдайтын мүмкіндігіміз жоқ еді. Қазір порталға жазсақ болды, бірден жауап аламыз. Президенттің виртуалды қабылдау қызметіне жүгінгеннен кейін зейнетақымызды уақытында бере бастады. Зейнетақымыз кешіксе, жергілікті билікке «президенттік порталға шағымданамыз» дейміз. Сол кезде олар зейнетақыны бірден әкеліп береді, – дейді ферғаналық зейнеткер қарт.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевтің виртуалды қызметі 2016 жылғы қыркүйектің 25-інен бері жұмыс істей бастаған.Сайттың хабарлауынша, азаматтар арыз, шағымдарын немесе ұсыныстарын жолдау арқылы бүкіл шешілмеген мәселелер бойынша президенттің виртуалды қабылдау қызметіне жүгіне алады.

XS
SM
MD
LG