Accessibility links

АҚШ пен Қытай текетіресі тағы үдеді. Бұл жолы дау Конгресс спикерінің сапарынан туды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

АҚШ Конгресі өкілдер палатасының спикері Оңтүстік Азия елдерін аралап жүр. Сапар кезінде демократ спикер Тайваньға соғуы мүмкін. Бірақ Пекин мұндай лауазымды адамның аралға баруына түбегейлі қарсы екенін білдіріп, "қол қусырып отырмайтынын" айтады.

Сейсенбі, 2 тамыз күні АҚШ Конгресі өкілдер палатасының спикері Нэнси Пелоси Малайзияға барды. Бұл – оның Оңтүстік Азияға сапарындағы екінші мемлекет. Бұдан бөлек Оңтүстік Корея мен Жапонияға баратыны хабарланды. Дүйсенбі күні Сингапурден басталған бұл сапарда Пелоси Азия елдерімен сауда айналымын, коронавирус пандемиясын, климаттың өзгеруін, қауіпсіздік және демократиялық басқару мәселелерін талқыламақ.

Ресми мәлімдемеде Тайвань аталмағанымен баспасөз құралдары Пелосидің осы аралға да соққалы отырғанын жазып жатыр. Пелосидің Тайваньға баратынын Вашингтон да, Тайбэй де растаған жоқ. Бірақ сарапшылар АҚШ делегациясының әдетте Тайваньға сапарын діттеген жеріне жеткен соң ғана хабарлайтынын айтады. Тайваньдағы жергілікті БАҚ Пелосидің сапарынан гөрі алдағы сайлау мен әскери жаттығуға басымдық беріп келеді. Бірақ Қытай бұл бастамаға қатаң жауап танытты.

ҚЫТАЙДЫҢ РЕАКЦИЯСЫ

Пелоси Тайваньға баруы мүмкін деген әңгіме екі апта бұрын шықты. Содан бері Қытайдың мемлекеттік баспасөз құралдары АҚШ-ты сынауын үдетті. Кейінгі күндері Қытай дипломаттары да әлеуметтік желіде "Біртұтас Қытай" ұстанымы туралы жарыса жазды.

1 тамызда Қытай сыртқы істер министрлігі мәлімдеме жасап, Пелоси Тайваньға барса, Қытай әскері "қол қусырып отырмайтынын" айтты. Министрлік өкілі Чжао Лицзянь Пелосидің Тайваньға сапарының салдары ауыр болады деді.

Сапар алдында ғана Қытай әскері Тайваньға жақын маңда теңіздегі жаттығуын өткізіп, Батысқа сес көрсеткендей болды.

Сарапшылар қазір Қытайдың ішкі саясатында жағдай ушығып тұрғандықтан, Пекин Пелосидің сапарын Си Цзиньпин мен оның билігін қорлау деп қабылдап, бар күшін паш ететіндей жауап қайтаруы мүмкін дейді. Қытай Пелосидің сапарына кедергі келтіру үшін Тайвань әуесінен ұшып өтуге тыйым салуы мүмкін деп жатқандар да бар.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен БҰҰ-да сөйлеген сөзінде Пелоси Тайваньға барған жағдайда Қытайды ұстамды болуға шақырды.

АҚШ ПЕН ҚЫТАЙ АРАСЫ НЕ БОЛАДЫ?

Қытайдың БҰҰ-дағы өкілі Чжан Цзюнь Пелосидің Тайваньға сапары Вашингтон мен Пекиннің қарым-қатынасына кері әсер етеді деді.

Қытай президенті Си Цзиньпин АҚШ президенті Джо Байданмен телефон арқылы сөйлесіп, Қытайдың ішкі ісіне араласпауды сұрағаны хабарланды.

Ал Байден АҚШ-тың Қытайға қатысты саясаты өзгермеді деген.

АҚШ Пекиннің Тайбэйге билігін дипломатиялық тұрғыда мойындағанымен, Тайваньнің демократиялық үкіметін де қолдайды және оның статусын мәжбүрлеп өзгертуге қарсы. Ал Қытай АҚШ ресми өкілдерінің Тайваньға сапарын оның тәуелсіздігін мойындау белгісі ретінде қарастырады.

Тайбэйдегі Тайвань университетінің Қытай зерттеулері орталығының қызметкері Джордж Инь АҚШ стратегиялық дилеммаға тап болды дейді.

"Бір жағынан АҚШ Тайваньды қолдайтынын көрсетуі керек, себебі Қытай АҚШ-ты Тайваньға көмектесуге батылы жетпейтіндей көрсетеді. Екінші жағынан АҚШ Қытай ұстанымын әлі де ұстанатынын көрсетуі керек. Пелосидің сапары бұл стратегиялық тепе-теңдікті сақтауға қиындық туғызады" дейді ол.

Ал америкалық Гувер институтының Тайвань жөніндегі сарапшысы Харис Темплмен Пекиннің "АҚШ саясатын қате түсінгенін", тым қатты реакция танытып, екі жақты да қиын таңдаудың алдында қалдырғанын айтады.

"Олар қате нысанды таңдады. Байден спикерді немесе Конгрестің өзге де мүшелерін бақылай алмайды" деп жазды ол Twitter желісінде 31 шілде күні. "Өкілдер палатасының спикерін, практикалық мағынасы шектеулі, символизмге толы сапарды ақырғы сызық ретінде белгілеп алды. Енді Пелоси бармай қойса, немесе Си [Цзиньпин] елеулі жауап қайтармай қойса, саяси салдары болмақ".

ТАЙВАНЬ МЕН ҚЫТАЙ ШИЕЛЕНІСІ

Тайвань өзін тәуелсіз мемлекет санайды. Ал Қытай оны бөлініп кеткен аудан көріп, елге қайта қосуды көздейді

Тайвань мен Қытай 1949 жылы бөлінген. Сол жылы елде революция болып, билікке Мао Цзедун бастаған коммунистер келген. Ал бұрынғы билік Тайваньға қашқан.

Екі ел де Қытай мемлекеті атануға таласып, басында АҚШ тек Тайваньмен жұмыс істеген. Бірақ 1970 жылдары АҚШ дипөкілдігін Пекинге ауыстырды да, компартия басқаратын Қытаймен әріптестік орнатты.

Бірақ Тайвань өзін бөлек мемлекет деп санай берді. Ал Қытаймен қандай да бір байланысы бар мемлекеттер Тайваньды тәуелсіз мемлекет деп мойындаудан қашқақтайды. Сондықтан Тайвань халықаралық қауымдастықтан оқшауланып қалды.

Алайда АҚШ Тайваньды әлі де қолдайды. Тіпті оған арнайы заң аясында қару-жарақ та сатады.

Тайваньда 23 миллион адам тұрады. Қытай билігіне Си Цзиньпин келгенде, Пекин басқыншылық жасауы мүмкін деген қауіп арта түсті.

BBC, AP, The Guardian, Reuters ақпаратына сүйеніп жазылды

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG