Accessibility links

БҰҰ жұмыс тобы қарақалпақ белсендісі Дәулетмұрат Тәжімұратовтың ісін қарады


Қарақалпақ белсендісі Дәулетмұрат Тәжімұратов Ташкенттегі Жоғарғы сот залында тұр. 5 шілде, 2023 жыл.
Қарақалпақ белсендісі Дәулетмұрат Тәжімұратов Ташкенттегі Жоғарғы сот залында тұр. 5 шілде, 2023 жыл.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Негізсіз ұстау жөніндегі жұмыс тобы (Working Group on Arbitrary Detention) былтыр қарашада Қарақалпақстандағы Нөкіс оқиғасына қатысты сотталған Дәулетмұрат Тәжімұратовтың ісін қарап, белсендіні қамау және соттау кезінде бостандығы шектелді деп тануды ұйғаруы мүмкін екенін жазған. Сонымен қатар, сот кезінде ол ұлты мен саяси көзқарасы негізінде кемсітілген болуы мүмкін деген.

Жұмыс тобы іс бойынша есепті биыл 10 наурызда жариялаған. Құжатта БҰҰ сарапшыларының Өзбекстан билігіне Тәжімұратов ісі бойынша өз позициясын білдіруіне алты ай уақыт бергені, бірақ ресми Ташкенттен әзірге жауап келмегені жазылған.

1991 жылы құрылған жұмыс тобы 5 тәуелсіз сарапшыдан тұрады және олар 6 жылға тағайындалады. Адам құқықтары жөніндегі сарапшылар әлемнің әртүрлі аймағынан, географиялық тепе-теңдік сақтала отырып таңдалады. Жұмыс тобы жылына үш рет Женевада бас қосып, келіп түскен істерді қарайды. Сосын қорытындыларын жариялап отырады.

Дәулетмұрат Тәжімұратов ісін Жаңа Зеландия, Украина, Малайзия, Эквадор және Замбия елдерінен барған сарапшылар қараған.

ЗАҢСЫЗ ҰСТАУ

БҰҰ-ның Негізсіз ұстау жөніндегі жұмыс тобы Тәжімұратов кейсін келіп түскен шағым бойынша 11-15 қараша аралығында қараған. Есепте дереккөз аты аталмайды.

Дереккөз Тәжімұратовты бостандығынан айыру кезінде БҰҰ Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы және Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакт ережелері бұзылғанын мәлімдеген.

Дәулетмұрат Тәжімұратов Қарақалпақстандағы жиында сөйлеп тұр. Нөкіс, Қарақалпақстан. 2022 жылдың шілде айы.
Дәулетмұрат Тәжімұратов Қарақалпақстандағы жиында сөйлеп тұр. Нөкіс, Қарақалпақстан. 2022 жылдың шілде айы.

Дереккөз 2022 жылғы 1 шілдеде Өзбекстанның құзырлы орган қызметкерлері Тәжімұратовты ордерсіз, не үшін ұсталғанын түсіндірмей үйінен алып кеткенін айтқан. Қарақалпақ белсендісі сол күні Нөкістегі бас мешіт алдына барып, Конституцияға Қарақалпақстанның автономия статусын жоятын өзгеріс енгізу жоспарын сынаған.

Дереккөздің айтуынша, Тәжімұратовтың басына қап кигізіп, Нөкістегі полиция бөліміне апарып, ұрып-соққан. Нөкісте наразылық күшейгенде сол күні кешке Тәжімұратов босап шығады. Бірақ үш күннен кейін оны жергілікті полиция тағы ұстап, тікұшақпен Нөкістен 160 шақырым жердегі Үргеніш қаласына алып кеткен. Екінші рет қамаған кезде де оған құзырлы орган қызметкерлері қандай айып тағылғанын түсіндірмеген.

Үргенішке жеткізілгеннен кейін белсенді мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің тергеу изоляторына қамалған. 5 шілдеде оған жергілікті сот "Өзбекстанның конституциялық құрылымын бұзуға тырысты", "билікті басып алу мақсатында сөз байласты", "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды" деген айыптарды таққан.

"САЯСИ КӨЗҚАРАСЫ ҮШІН БОСТАНДЫҒЫ ШЕКТЕЛДІ"

Дереккөздің мәліметінше, Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының 7, 13, 14, 18, 19, 20 және 21-баптары мен Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің 12, 18, 19, 21, 22, 25, 26 және 27-баптары кепілдік беретін негізгі құқықтарын пайдаланғаны үшін қарақалпақ белсендісінің бостандығы шектелген. Атап айтқанда, Тәжімұратовтың пікір білдіру, сөз еркіндігі, бейбіт жиын мен бірлестік құру бостандығы, қоғамдық істерге араласу және ұлттық не діни аз топ өкілдерінің өз мәдениетін сақтау құқығын пайдаланғаны үшін қудаланған.

"[Саяси құқықтар туралы халықаралық пактідегі] пікір білдіру құқығының ауқымына саяси пікір, қоғамдық істер туралы ой айту және адам құқықтарын талқылау да кіреді. Ал бейбіт жиналу ұғымына митинг өткізу ғана емес, сонымен қатар оған дайындық, ақпарат тарату, қатысушылардың арасындағы байланыс орнату және ресурстарды жұмылдыру сынды іс-әрекеттер де жатады" деп жазылған есепте.

Өзбекстанның Қарақалпақстан автономиялы облысындағы наразылық акциясы. 2022 жылғы шілде айының басында әлеуметтік желіде жарияланған видеодан скриншот.
Өзбекстанның Қарақалпақстан автономиялы облысындағы наразылық акциясы. 2022 жылғы шілде айының басында әлеуметтік желіде жарияланған видеодан скриншот.

Азаматтық және саяси құқықтар пактісінің 25-бабында азаматтар қоғамдық істерге қатысуға "қоғамдық пікірталас пен диалог арқылы ықпал етуге" құқылы екені нақты көрсетілген. Бұл құқық саяси оппозиция өкілдері мен құқық қорғаушылар үшін үлкен маңызға ие.

Дереккөз Даулетмұрат Тәжімұратов өзінің пікір айту, бейбіт жиналу, қоғамдық іске араласу және халқы аз ұлт өкілі ретінде мәдениетін қорғау құқығын пайдаланғанын айтқан. Ол Қарақалпақстан автономиясын шектейтін конституциялық өзгерістерге қарсы сөз сөйлеген және тұрғындарды бейбіт наразылыққа қатысуға шақырған. Дереккөз сол үшін оған Өзбекстан Қылмыстық кодексінің 159, 244 және 244-бабының 1-тармағы бойынша айып тағылып, 16 жылға сотталғанын айтқан.

КІНӘСІЗДІК ПРЕЗУМПЦИЯСЫ

Дереккөздің пайымынша, Өзбекстан билігі Дәулетмұратов ісінде халықаралық құқық нормаларын, оның ішінде әділ сотқа қол жеткізу құқығына қатысты талаптарды бұзған.

Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының 11-бабы, ал пактінің 14-бабы және Өзбекстан Конституциясының 26-бабы бойынша әр азамат соттың заңды шешімі шыққанға дейін кінәсіз саналады. Десе де, дереккөз қарақалпақ белсендісі дербес сараптамасыз қоғамға қауіп төндірді деген риторикамен қамауға алынды дейді.

Есепте Тәжімұратовтың сотқа дейін қамауға алынғаны, туыстары не адвокатына хабар беруіне мүмкіндік берілмегені жазылған.

Дереккөз Тәжімұратов ісінде судья тек айыптаушы тарап бекіткен сарапшыларға жүгінгенін айтқан. Сарапшылар Тәжімұратовты "сепаратизмге үгіттеді" деген. Бірақ ешқайсысы қарақалпақ тілін білмеген. Тәжімұратовтың адвокатына сотталушының айтқан сөзін сарапшыларға түсінікті өзбек тіліне аударып берген маманның компетенттілігін тексеруге судья рұқсат бермеген. Одан бөлек, сот барысында қарақалпақ белсендісі құзырлы орган қызметкерлерімен жүргізген диалог таспасын көрсетуге де рұқсат ала алмаған.

Дереккөздің мәлімдеуінше, Тәжімұратов соты ашық өткенімен, ол уақытша ұстау изоляторындағы азаптау туралы айтқанда тікелей эфир өшірілген.

Өзбекстанның адам құқығы жөніндегі уәкілінің өкілі қамауда отырған Дәулетмұрат Тәжімұратовпен (оң жақта) кездесіп отыр. 2023 жылдың мамыр айында жарияланған сурет.
Өзбекстанның адам құқығы жөніндегі уәкілінің өкілі қамауда отырған Дәулетмұрат Тәжімұратовпен (оң жақта) кездесіп отыр. 2023 жылдың мамыр айында жарияланған сурет.

Дәулетмұрат Тәжімұратовқа 16 жыл түрме жазасынан бөлек, 228,8 миллион сум (20 мың доллардан астам) көлемінде шығынды өтеу міндеттелді. Ол қазір Науаи облысындағы №11 түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатыр. Дереккөздің мәлімдеуінше, белсенді түрмеде дер кезінде медициналық көмек ала алмай, ақпарат көздері мен кітапхана ресурстарынан қағылған. Мекеме әкімшілігі Өзбекстан ұлттық әнұранын айтудан бас тартқаны үшін белсендіні жазалаған.

БҰҰ-ның жұмыс тобы 2024 жылдың қарашасында Өзбекстан билігіне Тәжімұратовтың азаттығын шектеуге қатысты дереккөздің айтқанын теріске шығаруға мүмкіндік бергенін жазған. Сарапшылар хат жолданған сәттен алты ай ішінде хабар күтетінін де білдірген. Жауап болмаған жағдайда жұмыс тобы Тәжімұратовтың азаттығы заңсыз шектелді деп танып, белсендіні босатуды, оның құқығын шектегендерге қатысты тергеу жүргізіп, белсендіге келтірілген залал бойынша өтемақы төлеуді қарастыруды талап ететінін жазған.

Азаттық Дәулетмұрат Тәжімұратов және Нөкіс оқиғасына қатысты сотталған өзге де азаматтық белсенділер туралы жиі айтып келеді. Редакция бұл жөнінде Өзбекстанның Қазақстандағы елшісіне, елдің бас прокуратурасы мен ішкі істер министрлігіне және адам құқықтары жөніндегі омбудсменіне ресми сауал жолдаған. Бірақ жауап ала алмаған.

Құқық қорғаушылар Дәулетмұрат Тәжімұратовты саяси тұтқын деп санайды. Алайда ресми Ташкент елде саяси тұтқын барын мойындамайды. Өзбекстан билігінің өкілдері 2023 жылы қазанда Польша астанасы Варшава қаласында өткен Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының адами өлшемдер саласындағы міндеттемелерді қарау бойынша кезекті мәжілісіне қатысып, "жиында ашықтық жоқ" деп, қарақалпақ мәселесіне қатысты сайд-ивенттен шығып кеткен.

Былтыр күзде адвокат Сергей Майоров қорғауындағы Тәжімұратовтың түрмеде азаптау көргенін айтып, сотқа арыз түсірген. Өзбекстанның ішкі істер министрлігі қызметтік тексеру жүргізіп, көрсетілген дәлелдер расталмағанын хабарлаған. Құзырлы орган тексеруіне жүгінген Ташкент соты Майоровтың арызын қанағаттандырмай қойды.

Сергей Майоров қарақалпақ белсендісінің денсаулығы нашарлағанын, ас қорыту жүйесі әлсіз екені жөнінде Азаттыққа айтқан. Адвокат белсендіні басқа түрмеге ауыстыруды да сұраған. Бірақ "оған негіз жоқ" деген жауап алған.

"Қазір біз [Дәлетмұрат] іште төбелесіп, жарақат алып, содан қайтыс болды, деген хабар аламыз ба деп қорқамыз", – деді белсендінің қарындасы Мария Тәжімұратова.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG