Accessibility links

Ұлыбританияда Ресей уына шалдыққан әйел қайтыс болды


Полиция қиын жағдайда табылған жергілікті тұрғындардың үйінің маңайын тексеріп кезінде. Эймсбери. 6 шілде, 2018 жыл
Полиция қиын жағдайда табылған жергілікті тұрғындардың үйінің маңайын тексеріп кезінде. Эймсбери. 6 шілде, 2018 жыл

Ұлыбританияның Солсбери қаласындағы ауруханада "Новичок" уына шалдығып уланды делінген 44 жастағы әйел Дон Стерджес қайтыс болды деп хабарлады Лондон полициясы. Дон Стерджес ауруханаға 30 маусымда жатқызылған. Ол Солсбериден бірнеше километр қашық Эймсбери қаласында тұрған.

Полиция әйелдің қазасынан соң "кісі өлтіру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Әйелдің серігі Чарли Роули ауруханада әл үстінде жатыр. Екеуі де улы затты ұстап уланып, есінен танған күйде табылған. Кейін британ билігі олардың "Новичок" уынан уланғанын мәлімдеген.

Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэй Дон Стерджестің туыстарына көңіл айтты.

Британдық Porton Down химиялық зертханасының мамандары өткен аптада зардап шеккен екі адамның "Новичоктан" уланғанын растаған.

Британия контртеррористік полициясының басшысы Нил Базу удан болған адам өлімі "трагедия" деп танитынын айтты. "Донның артында жанұясы, үш баласы қалды. Біз осындай қиын шақта дұға қыламыз, олармен жанымызбен біргеміз",- деген Базу.

Наурыздың басында Солсбериде Ресей Сыртқы барлау қызметінің бұрынғы қызметкері Сергей Скрипаль мен қызы Юлия Скрипаль уланған. Лондон олардың СССР тұсында жасалған "Новичок" уынан уланғанын айтып, қастандықты Кремльден көреді. Мәскеу бұған қатысы барын жоққа шығарады.

3 шілде күні The Sun газеті Лондон полициясындағы дереккөздеріне сілтеме жасап, Скрипальдерді улауға екі адамның қатысы бар болуы мүмкін екенін және олардың қастандықтан бірер тәуліктен соң Ұлыбританияға кетіп қалғанын хабарлаған. Басылым күдіктілердің аты-жөнін жарияламағанымен, олардың "Ресеймен байланысы барын" және үстілерінен қылмыстық іс қозғалғанын жазған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG