Accessibility links

28 панфиловшы-қаһарман туралы аңыздың сейілуі парламент мүшелерінің шамына тиді


28 гвардияшы-панфиловшылардың ескерткіші. Алматы, 23 ақпан 2010 жыл.
28 гвардияшы-панфиловшылардың ескерткіші. Алматы, 23 ақпан 2010 жыл.

Қазақ парламентінің қос депутаты «өткен соғыстың қорытындысын қайта қарау» әрекетін тиюды талап етті. Сірә, әңгіме 1941 жылғы қараша айындағы 28 панфиловшы-батырлардың ерлігі жайлы аңызға қатысты Азаттық радиосының мақаласы жөнінде болса керек.


ТҮРЛІ ҰҒЫМ

3 наурыз, сәрсенбі күні Қазақстан премьер-министрінің атына сауал жолдаған парламент мәжілісінің депутаты Уәлихан Қалижан бұл депутаттық сауалды жолдауға «бұқаралық ақпарат құралдарында, атап айтқанда Интернетте, бұрынғы Совет одағы мемлекеттері мен Қазақстанның жекелеген зерттеушілерінің соғыстың рөлі мен маңызына күмән келтіре бастағандығы, белгілі бір оқиғалардың шынайылығына, атап айтқанда, олардың бірі 1941 жылы қараша айында Мәскеу үшін болған шайқаста Дубосеково разъезі түбіндегі 28 панфиловшы-батырларға қатысты күмән білдіруі» себеп болғанын мәлімдеді.

Депутат Уәлихан Қалижан Мәжілістің жалпы отырысында сауал жасап отыр. Астана, 3 наурыз 2010 жыл. Қазақстан парламентінің баспасөз-қызметінен алынған сурет.


Уәлихан Қалижанның пікірінше, «ресми тарихты қайта қарауға әрекеттену, панфиловшы-гвардияшылардың ерлігінің шынайылығына күмән келтіру, басқыншыларды Мәскеуге өткізбеген Панфилов дивизиясының ерлігін жоққа шығара алмайды».

Сауал ауторы өзі сынға алып отырған мақаланы 23 ақпанда шықты деп айтуына қарағанда әңгіме Азаттық радиосының сайтында 2010 жылғы 23 ақпанда жарық көрген «28 панфиловшылар жайлы аңыз әлдеқашан сейілгенімен Қазақстанда советтік насихаттың ықпалы әлі басым» атты мақала жайында болуы ықтимал.

Естеріңізге сала кетсек, Азаттық радиосының журналистік зерттеуінде аутор бұрыннан бері мәлім болған ақпарат бұлақтарына және шынайы адамдардың берген куәліктеріне сілтеме жасай отырып, Дубосеково разъезі маңындағы әйгілі шайқасқа қатысты советтік насихатшылардың аңыз шығарғаны жайлы фактіні келтірген. Дәл сол сұрапыл соғыс кезінде саяси жетекші Василий

Саяси жетекші Клочковтың әйгілі сөзі – 28 гвардияшы-панфиловшылардың ескерткішінен көрініс. Алматы, 23 ақпан 2010 жыл.

Клочков айтыпты-мыс дейтұғын, кейіннен бүкіл майданның ұранына айналған: «Ресей - кең байтақ, бірақ шегінерге жер жоқ. Артымызда Москва!» деген сөздің қалай пайда болғаны туралы да нақты деректер жазылған.

Советтік насихаттың қағидасы бойынша, Қазақстан мен Қырғызстанда құрылған Панфилов дивизиясының 28 сарбазы шешуші шайқаста түгелдей мерт болған, бірақ кем дегенде немістердің 30 танкісін тоқтатқан. Алайда кейін белгілі болғанындай, әлгі сарбаздардың алтауы майданның бұл бөлігінде болған ұрыстан тірі қалған болып шықты. Олардың кейбіреулері тұтқынға түскен, ал біреуі тіпті аз ғана уақыт басқыншылар билік құрған Украинада неміс полицайы болып жұмыс атқарған.
Бір айта кететін жайт, Дубосеково разъезі маңындағы ерлік жайындағы аңыз осыдан бірнеше жыл бұрын сейілгенімен, Қазақстандағылар советтік насихат үлгісінен айрылғысы келмейді.

Әйткенмен, Азаттық радиосындағы «бүлікшіл» мақаланың да, дәл осы парламенттік репортаждың да ауторы негізінен Қырғызстан мен Қазақстан тұрғындарынан жасақталған Панфилов дивизиясының Мәскеу түбіндегі қанды шайқастағы рөлі мен шешуші маңызына да, Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан елдердің жеңісінің маңызына да күмән келтірген емес.

ДЕПУТАТТЫҢ ҮРЕЙІ

Парламенттің 3-наурыз күні болған осы отырысында депутат Виктор Рогалев та «тарихты ревизиялау» әрекетін тоқтатуды талап етіп, Қазақстанның мәдениет және ақпарат министрі мен білім және ғылым министріне қайрылды. Пікірталас туғызған мақалаға бұл депутат қатаңдау баға берді.

Атап айтқанда Виктор Рогалев: «жақында Қауіпсіздік кеңесінің отырысында сөз сөйлеген мемлекет басшысы біз өткен соғыстың

Депутат Виктор Рогалев Мәжілістің жалпы отырысында сауал жасап отыр. Астана, 3 наурыз 2010 жыл. Қазақстан парламентінің баспасөз-қызметінен алынған сурет.

қорытындысын қайта қарап, тарихты біреулердің пайдасы үшін бұрмаламақ емеспіз деп тағы да атап өтті. Былай қарасаң барлығына да түсінікті сияқты еді. Бірақ арада бірнеше күн өтіп үлгерген жоқ, Интернет сайттарының бірінде опат болған біздің батырларымызды мазақ еткен мақала шықты. Мақалада аутор түсініксіз ақпарат көздеріне сілтеме жасай отырып, 28 панфиловшы-батырдың ерлігіне күмән келтіреді, осы қорқынышты қан-қасапта опат болған сарбаздардың абыройын төмендеткісі келеді», - деді.

Виктор Рогалев парламенттегі әріптестеріне әлгі мақаланың мазмұнын айтып жатқысы келмеді, «...бұл мақаласымақта аутор батырларға кір жаққысы келген, шамасы бұл біреулерге керек болар. Ең қорқыныштысы, мақаланың соңында ол советтік насихаттың ауыр белгісі ретінде Алматы қаласындағы 28 панфиловшылар атындағы ескерткішті бұзуға жанама түрде тұспал жасайды. Және осы жерде өзге елдердің бізге жат тәжірибелеріне сілтеме жасайды. Ал енді бұнысы заң бұзушылыққа жақындау тұр» деді депутат.

Депутат Виктор Рогалев та Уәлихан Қалижан сияқты «бүлдіруші» интернет-сайттың атын атаған жоқ, әйтсе де «Интернет-сайттың басшылары мен редакторларына, өткен соғыстың тарихы жайында әлдебір даулы материалдар берер алдында оның таза шындық екендігіне көз жеткізіңдер», - деп кеңес айта кеткенді де жөн көрді.

Депутаттар министрлер мен премьер-министрге «азаматтарға патриоттық тәрбие беру жұмысын күшейту» және «Ұлы Жеңістің әлемдік тарихи маңызы мен оған қазақстандықтардың қосқан үлесі жайында ғылыми-практикалық конференциялар ұйымдастыру» туралы ұсыныстар жасады.

XS
SM
MD
LG