Accessibility links

 
Сауалнама Украинаның Еуропаны таңдағанын көрсетті

Сауалнама Украинаның Еуропаны таңдағанын көрсетті


Украина парламент сайлауындағы дауыс беру туралы жүргізілген экзит-полл нәтижесін көрсететін сурет.
Украина парламент сайлауындағы дауыс беру туралы жүргізілген экзит-полл нәтижесін көрсететін сурет.

Экзит-полл нәтижесі Украина парламентіне батысшыл партиялар өтетінін көрсетті. Ел президенті Петр Порошенко жаңа үкіметті жасақтау келіссөздері басталатынын мәлімдеді.

Украина президенті Петр Порошенко парламент сайлауында батысшыл партиялардың айқын жеңгенімен құттықтап, жаңа үкіметті жасақтау жөніндегі келіссөздер қазанның 27-сінен басталатынын айтты.

Кеше, қазанның 26-сі күні кешке ұлттық телеарнадан сөйлеген президент Порошенко парламент сайлауына дауыс бергендердің 75 пайыздан астамы «Украинаның Еуропаға бет алған бағытын айқын қолдағанын» мәлімдеді.

Украинадағы парламент сайлауы барысында жүргізілген экзит-полл нәтижелері бойынша, жаңа парламентте батысшыл партиялар басымдыққа ие болмақ. Дауыс беру нәтижесі бойынша алдын-ала жүргізілген сауалнамаға қарағанда, Жоғарғы Радаға барлығы жеті партия өтеді: Президенттің «Петр Порошенко блогы» сайлаушылардың шамамен 23 пайыз даусын жинап, алға шыққан. Екінші орында премьер-министр Арсений Яценюктің басшылығындағы «Халық майданы» блогы 20 пайызға жуық дауыспен тұр. Львов мэрі Андрей Садовый басқаратын «Самопомощь» бірлестігі 11 пайызбен үшінші орынға шыққан.

Украина президенті Петр Порошенко ұлттық телеарнадан сөйлеп тұр. Киев, 26 қазан 2014 жыл.
Украина президенті Петр Порошенко ұлттық телеарнадан сөйлеп тұр. Киев, 26 қазан 2014 жыл.

Төртінші орында шамамен 10 пайыз дауыспен құрамына көпшілігі бұрынғы президент Виктор Януковичтің Аймақтар партиясының өкілдері кіретін «Оппозициялық блок» тұр. Одан кейінгі орындарда Олег Ляшконың радикалдық партиясы, Юлия Тимошенконың «Батькивщина» партиясы мен әсіреоңшыл «Свобода» партиясы орналасқан.

Украина президенті өзінің «Петр Порошенко блогы» мен Арсений Яценюктің «Халық майданы» блогын алға шығарған экзит-полл нәтижелері Украинаның шығысындағы қақтығыстарды «саяси әдістермен» шешуді сайлаушылардың қолдағанын көрсетеді дейді.

Порошенко өз блогына «Халық майданы» блогы басты серіктес болатынын және конституцияға «түбегейлі өзгерістер» енгізу үшін парламентте басым көпшілікке ие болатынынан үмітті екенін білдірді.

ВИДЕО: Сайлау учаскесіндегі дауыс санау барысы

Украинадағы дауыс санау
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:23 0:00

Украинада қазанның 26-сында өткен кезектен тыс парламент сайлауына 29 партия қатысқан. Ел тарихында алғаш рет Жоғарғы Радада коммунистер болмайын деп тұр.

Орталық сайлау комиссиясы дауыс берудің алғашқы алдын-ала нәтижелерін бүгін жариялай бастайды.

Сайлау учаскесінде комиссия мүшелері бюллетеньдерді санап жатыр. Киев, 26 қазан 2014 жыл.
Сайлау учаскесінде комиссия мүшелері бюллетеньдерді санап жатыр. Киев, 26 қазан 2014 жыл.

Бұған дейінгі президент сайлауындағыдай емес, кезектен тыс парламент сайлауында дауыс беру белсенділігі төмендеу болды – сайлаушылардың 51 пайызы қатысқан. Ресей биыл наурызда өзіне қосып алған Қырымда және ресейшіл сепаратистерге қарсы операция жүргізіліп жатқан Украинаның шығысында 4,5 миллионнан аса адам бұл сайлауда дауыс беруге қатыса алмады.

Сайлауға ЕҚЫҰ-ның 700 өкілі бақылау жасады.

Орталық сайлау комиссиясының өкілдері қазанның 26-сында дауыс беру барысында «сайлау әділ әрі ашық өтіп жатыр, бірлі-жарым ғана заң бұзушылық тіркелді» деп мәлімдеген.

Президент Порошенко биыл тамыз айында Украинаның жаңа саяси бағытын айқындау үшін елде мерзімінен бұрын парламент сайлауын өткізу туралы жарлық шығарған.

XS
SM
MD
LG