Accessibility links

Жемқорлықтан арылудың бес шарты


Тендер кезіндегі жемқорлыққа қарсы акция плакаты. Киев, 12 наурыз 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Тендер кезіндегі жемқорлыққа қарсы акция плакаты. Киев, 12 наурыз 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Қаржылық донорлар сыбайлас жемқорлық жайлаған елге көмек берерде қатты ойланады. Жемқорлықпен күрес ұйымдары Украинаны коррупциядан тазалауға керек бес түрлі кеңес береді.

Еуропа Одағы (ЕО), АҚШ және Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) Украинаға миллиардтаған доллардың қаржылай көмегін беруді қарастырып жатыр. Бірақ олар Киевтен әуелі жемқорлықты тыюды талап етіп отыр.

ЕО-ға мүшелікке өтуден үміткер елдер бұл халықаралық ұйыммен ынтымақтастық шартына қол қойғанда жемқорлыққа қарсы арнайы реформа жасауға да міндеттенді.

Халықаралық қаржы институттары мен Transparency International сияқты үкіметтік емес ұйымдар жемқорлықты жою үшін бірнеше шара атқару керек екенін айтады.

1. Мемлекеттік сектордың жауапкершілігін арттыру қажет

ЕО-ға мүшелікке өтуді көздейтін елдердің ынтымақтастық туралы шарттарында мүдделер қақтығысы болмас үшін мемлекеттік қызметкерлерден активтерін жариялауды талап етеді.

Transparency International ұйымының ЕО мәселелері жөніндегі директоры Карл Доланның айтуынша, әлдебір басшы өзі акционерлік ететін фирмаға оңтайлы шешім қабылдау арқылы табыс тапса, бұл «мүдделер қақтығысы» болады.

«Ең алдымен негізгі реформалардың төменнен басталғанына көз жеткізу керек. Мемлекеттік секторды реформалау үшін төменгі деңгейде дайындық болуы тиіс. Мемлекеттік қызметкерлердің активтерін жариялап отыруын міндеттейтін жүйе жасалып, ол декларациялардың қаншалық рас-өтірік екендігін тексеруге мүмкіндік берілуі керек» дейді Карл Долан.

2. Мемлекеттік сатып алу ашық әрі бәсекелес жағдайда өтуі керек

Карл Доланның айтуынша, лауазымды тұлғалар тиімді келісім-шарттарды қоғамның жіті бақылауынсыз өз беттерінше жасаса беретін болса, бұл жемқорлыққа себепші болады.

«Бизнес өкілдерімен келісім-шарт жасасуда саясаткерлер мен мемлекеттік қызметкерлерге неғұрлым көп еркіндік берілген сайын жемқорлық та соғұрлым
Жемқорлыққа қарсы шеру өткізген белсенділер. Киев, 17 қаңтар 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Жемқорлыққа қарсы шеру өткізген белсенділер. Киев, 17 қаңтар 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
артады. Сондықтан бұл процестің бәрі ашық жүруі керек және бәрі бәсеке жағдайында болуы тиіс» дейді Карл Долан.

Дүниежүзілік сауда ұйымының «Мемлекеттік сатып алу келісімі» – мемлекеттік сатып алу мәселелерін құқықтық тұрғыдан реттейтін басты халықаралық құжат.

Жариялылық және ешкімді алаламау принциптеріне негізделген бұл келісімнің соңғы нұсқасы сәуірдің 6-сында күшіне енді. Бұл құжат министрліктер мен үкіметтік мекемелердің үкіметтік келісім-шарттарды шағын бизнес өкілдерімен де жасасып, олардың түрлі мемлекеттік тендерлерді жеңіп алуына мүмкіндік береді.

Қазір Молдова, Черногория, Украина осы шартқа қосылу жөнінде келіссөз жүргізіп жатыр. Бұл шарт – ХВҚ жобаларының ішіндегі ең маңыздысы.

3. Жемқорлықты анықтап, қылмыскерлерді жазалау керек

Халықаралық донорлар ондаған жылдар бойы әлдебір елге (Ауғанстанға не Шығыс Еуропа, Африка мен Латын Америкасы елдеріне) көмек көрсетерде ең алдымен сол мемлекетте жемқорлықты анықтап, әділ жазасын беретін сот
Білім беру жүйесіндегі жемқорлыққа наразы шерушілер. Киев, 31 наурыз 2010 жыл. (Көрнекі сурет)
Білім беру жүйесіндегі жемқорлыққа наразы шерушілер. Киев, 31 наурыз 2010 жыл. (Көрнекі сурет)
жүйесінің қалыптасуына баса мән беріп келеді.

Доланның айтуынша, бұған қоса жемқорлықпен күресетін толықтай тәуелсіз әрі жұмысын жақсы атқаруға жеткілікті ресурстары бар мекеме құру арқылы бұл істі барынша ілгерілетуге болады.

Еуропа қайта құру және даму банкінің ЕО-мен және ХВҚ-мен арадағы қарым-қатынасты реттеу бойынша директоры Алан Руссоның айтуынша, салмақты институттар бәсекелі бизнеске лайықты жағдай жасай алады.

«Сол себепті біз Украина басшылығымен бизнес туралы есеп беретін, омбудсмендікіндей функциялары бар институт құруға арналған жемқорлықпен күрес жобалары бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Бизнес өкілі «мемлекеттік мекемеден зәбір көрдім» десе, бәсекелестер «бизнестік құрылымнан құқай көрдім» деп арызданса, мұны тәуелсіз орган өзінше тергеп, кінәлі мекемелерге санкция салу туралы бастама көтере алады» дейді Руссо.

4. Саяси партияларды қаржыландыру ашық түрде жүруі керек

Жемқорлықпен күрескер белсенділердің айтуынша, ауқатты азаматтар, бизнесмендер мен мүдделі топтар сайлау науқандарын жасырын түрде қаржыландыру арқылы сайлауға ықпал ете алады – ал бұл саяси жемқорлыққа жол ашады.

Саяси партияны қаржыландырғандар соның арқасында билікке келген басшылардың заңсыз, әрі шектен тыс қолдауына ие болады.

Transparency International ұйымының өкілі Карл Доланның айтуынша, саяси партияларды қаржыландырудың ашықтығын қамтамасыз ететін құқықтық негіз болуы маңызды.

«Украинада жемқорлықпен күресте қолға алынуы тиіс реформаларға көз жіберсек, онда әлемнің басқа бөліктерінде де, тіпті ЕО-да да жиі кездесетін проблема бар. Оларда саяси партияны қаржыландыру жүйесі жария емес» дейді сарапшы.

5. Ақпаратпен қамтамасыз ету қажет

Мамандардың айтуынша, тексеруші журналистер, азаматтық қоғам және ақпарат жеткізушілер белсенді жұмыс істемейтін елді жемқорлық жайлайды.

Сөз бостандығы туралы заңдар азаматтардың жемқорлық фактілерін өздері
Украинадағы жемқорлық жайлы жазған журналист Татьяна Чернобиль белгісіз біреулердің шабуылына ұшырап, ауруханада жатыр. Киев, 25 желтоқсан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Украинадағы жемқорлық жайлы жазған журналист Татьяна Чернобиль белгісіз біреулердің шабуылына ұшырап, ауруханада жатыр. Киев, 25 желтоқсан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
айқындап, өздері нақты талап қоюына мүмкіндік береді.

Оңтүстік және Орталық Америкада жұмыс істейтін Evidence and Lessons from Latin America атты ұйым қарапайым халықтың жемқорлықты бақылап отыруына мүмкіндік жасап келеді.

Гуманитарлық көмек көрсетумен айналысатын Халықаралық құтқару комитеті өкілдерінің айтуынша, Ауғанстанда жұмыс істеп жатқан гуманитарлық көмек ұйымдары өзара ақпарат алмасуды жеңілдету арқылы аз ғана ресурстарды тиімді жұмсаудың жолдарын үйренген.

Вашингтонның Ауғанстанды қайта құру жөніндегі арнайы бас инспекторы Джон Сопконың айтуынша, көмек қаржы ұрланбас үшін және басқа мақсаттарға жұмсалып кетпес үшін АҚШ-тың үкіметтік мекемелері ЕО, БҰҰ агенттіктерімен және өз арасында ақпарат алмасып отыруы керек.

Рон Синовицтің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.
XS
SM
MD
LG