Accessibility links

Еуропа соты Украинаның Ресейге қарсы үш арызын қарап жатыр


Еуропаның адам құқығы соты Украинаның Ресейге қарсы арызы бойынша үш істі қарап жатыр. Арыздың екеуі - Қырымға, біреуі - Донбастан Ресейге апарылған жетім балаларға қатысты.

Страсбургтегі Еуропа кеңесі жанындағы Еуропаның адам құқығы сотына әзірше Украинаның үстінен шағымданған мемлекет жоқ. Ал Украина аннексияланған Қырым мен сепаратистер басып алған Донбастағы азаматтарының құқығын Еуропа соты арқылы жақсырақ қорғаймыз деп санайды.

Еуропаның адам құқығы соты тарихында «бір мемлекеттің екінші мемлекетке қарсы» талап-арызы бойынша барлығы 16 іс қаралған. 2008 жылғы соғыстан кейін Грузияның Ресейді сотқа бергені белгілі. Енді Украинаның үш шағымын қосқанда, мемлекетаралық талап-арыздар саны 19-ға жетті. Әдетте мұндай істер ұзақ қаралады.

ҚЫРЫМДАҒЫ АДАМ ҚҰҚЫҒЫ МӘСЕЛЕСІ

Украина үкіметінің Еуропа сотындағы өкілі Наталья Севастьянова Азаттыққа берген сұхбатында «Қырымдағы адам құқығы ахуалы нашарлай бастаған соң алғашқы талап-арызды наурыздың 13-інде – Қырымда өткен заңсыз «референдумнан» үш күн бұрын жолдағандарын» айтты.

- Түбектегі адамдардың өміріне қатер төнуі мүмкін екенін, олардың азаптауға немесе адамгершілікке жат әрекеттер мен кемсітуге ұшырау қаупі бар екенін ескерген Украина Еуропа сотына жүгінді. Ал Еуропа соты Қырым азаматтарының [Адам құқықтары мен негізгі бостандықтарын қорғау туралы] конвенцияның екінші және үшінші баптарында қарастырылған өмір сүру құқықтарының бұзылуы және азаптау мен қатыгездікке ұшырау қаупі бар деп тапты, - дейді БҰҰ-ның азаптауға қарсы комитеті Женева қаласында өткізіп жатқан Украина мәселесіне қатысты тыңдауға қатысып отырған Наталья Севастьянова.

Ол «Украина территориясының тұтастығын бұзған Ресей әуелі басқыншылық жасап, кейін аннексиялап алған соң түбекте адам құқығын жаппай бұзу басталғанын» айтады.

«ҚОРҒАНСЫЗ БАЛАЛАРДЫ ҰРЛАУ»

Украинаның Ресейге қарсы екінші арызы биыл шілдеде Донбастан жетім балаларды ұрлап, Ресейге әкету оқиғасына байланысты түсірілген. Бұл іс жария болып кетіп, қылмысты ұйымдастырғандар балаларды кері қайтарған.

- Ресей телевизиясында әлдебір көріністі жасау үшін балалар үйіндегі жетім балаларды тапаншамен қорқытып, ешқандай құжатсыз Ресей территориясына әкеткен. Ресейді жетім балаларды Украина территориясына дереу қайтаруға міндеттеуін сұрап, бірден Еуропа сотына жүгіндік. Сот бірер сағатта тиісті шешім шығарған соң балалар қайтарылды, - дейді Наталья Севастьянова.

Украина үкіметі өкілінің айтуынша, сепаратистер мен ресейлік күштер тарапынан жетім балаларды Ресейге алып кету әрекеттері тағы бірнеше мәрте қайталанғандықтан Киев ол арызын қайтарып алмаған. «Киев халықтың ең қорғансыз бөлігі - жетім балалардың тағдырына алаңдайды» дейді Наталья Севастьянова.

«ЗАҢСЫЗ ЭКСТРАДИЦИЯ»

Украинаның Ресейге қарсы арызының үшіншісі де Қырымға қатысты. Бірақ бұл іс жеке адамның - Қырым татарларының көсемі Мұстафа Жемилевтің баласы Хайсердің құқығын қорғауды көздейді.

Украина тарапының пікірінше, бұл - бұрын Украина соты болған, ал қазір өздерін Ресей соты санап, оңды-солды шешім шығарып жатқан Қырым соттарының шешімдеріне қарсы түсірілген [прецедент] арыз. Бұл іс Украина үшін аса маңызды болып саналады.

Қырым - заңсыз аннексияланған территория. Ал ондағы судьялар Ресей атынан үкім шығарып, шешімнің соңына Украина мөрін басады.

​- Бұл іс келешекте қаралатын істердің көбіне үлгі болады. Қазір Қырым автономиялық республикасында жұмыс істеп жатқан соттар халықаралық заң тұрғысынан алғанда сот деп саналмайды. Өйткені Қырым - заңсыз аннексияланған территория. Ал ондағы судьялар - Ресей Федерациясы атынан үкім шығарып, шешімінің соңына Украина мөрін басып жатқан бұрынғы украиналық судьялар. Әлемнің Ресей Федерациясынан басқа бірде-бір өркениетті елі бұл құжаттардың заңдылығын мойындамайды, - дейді Наталья Севастьянова.

«Қылмыстық іске қатысы бар» деген күдікке ілініп, Қырымдағы тергеу абақтысында отырған Хайсер Жемилевті кейін Ресейдің Краснодар өлкесіне алып кеткен.

- Ресей Федерациясы Қырым татарларын түбек аннексиясын қолдауға көндіру үшін Мұстафа Жемилевке қысым жасауға тырысты. Өйткені Қырым татарлары меджлисі ғимаратында ғана көпке дейін Украина туы желбіреп тұрды. Ресей сондықтан Мұстафа Жемилевтің ұлын қыспаққа алуға тырысты. Оның мүддесін қорғау үшін және Ресей соттарының Жемилевтің ұлына қатысты шешімдері заңсыз екенін көрсету үшін Еуропа сотына жүгіндік, - дейді Украина үкіметінің Еуропа сотындағы өкілі Наталья Севастьянова.

Оның айтуынша, Хайсер Жемилевті Ресейге әкету - заңсыз экстрадиция. Өйткені Украина Қырымды өз территориясы санайды, ал Хайсер Жемилев - Украина азаматы.

(Ростислав Хотиннің мақаласы орыс тілінен аударған - Айжан Оралғазы).

XS
SM
MD
LG