Accessibility links

Будапешт 2.0? Украинаға жаңа қауіпсіздік кепілдігін беруді талап ету және Ресейдің келісімдерді бұзуы


Ресей, АҚШ, Украина мен Ұлыбритания басшылары Киевке қауіпсіздік кепілдігі берілетіні туралы Будапешт меморандумына қол қойып жатыр. Венгрия, 5 желтоқсан, 1994 жыл.
Ресей, АҚШ, Украина мен Ұлыбритания басшылары Киевке қауіпсіздік кепілдігі берілетіні туралы Будапешт меморандумына қол қойып жатыр. Венгрия, 5 желтоқсан, 1994 жыл.

Ресейдің Украинаға қарсы соғысын тоқтатуды көздеген дипломатиялық әдіс-амалдар белсенді жүріп жатқа шақта Киев пен одақтастары жеткізуге тырысып отырған негізгі ой мынаған саяды: Украинаға қағаз жүзіндегі символикалық сипаты бар уәде немесе келісім емес, елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін сенімді әрі нақты іске асатын кепілдік берілсе ғана бейбітшілік баянды болмақ.

Ресейдің бұған дейін Украина жерінің тұтастығы мен тәуелсіздігін құрметтейтіні жөнінде өзіне алған міндеттемелерін елемей қойғаны осыған әкеліп отыр.

"Қауіпсіздік кепілдіктері 1994 жылғы Будапешт меморандумына ұқсас болуы мүмкін", – деді Азат Еуропа / Азаттық радиосына берген сұхбатында АҚШ-тағы Демократияны қорғау қорының өкілі Клиффорд Мэй.

"Оған Ресей қол қойған. Америка қол қойды. Ұлыбритания қол қойды. Онда тараптардың бәрі Украинаның аумақ тұтастығын құрметтейтін болады деп айтылды. Бұл қауіпсіздік кепілдігі сол мәтін жазылған қағаздың құнына да татымай қалды", – деп есептейді Мэй.

Будапешт меморандумы – Ресейдің әскери агрессиясы салдарынан бұзылған кемінде алты халықаралық келісімнің бірі. Олардың қатарында Ресей президенті Владимир Путиннің өзі қол қойған 2003 жылғы шекара келісімі, Қырымдағы Ресей әскери-теңіз базасының сақталуы қарастырылған 2010 жылғы Харьков келісімі және Донбасстағы қарулы қақтығысты тоқтатуды көздейтін 2014-2015 жылдардағы Минск келісімдері бар.

Ресей Украинаға қатысты іс-әрекетінде бұзған келісімдер

1. БҰҰ жарғысы

2. Алматы декларациясы (1991 жылы қол қойылған)

3. Ресей мен Украина арасындағы достық пен ынтымақтастық туралы 1997 жылғы келісім

4. Шекара туралы екіжақты келісім (2003 жыл)

5. Харьков келісімі (2010 жыл)

6. Минск келісімдері (2014-2015 жылдар)

Мұның бәрі осылардан аузы күйген Украинаны өз қауіпсіздігіне сенімді болатындай кепілдік берілмейінше, Ресеймен бейбіт келісім жасасу мәселесінде айрықша сақтық танытуға итермелейді.

18 тамызда Вашингтонда өткен келіссөздерде АҚШ президенті Дональд Трамп Украинаның НАТО-ға кіру мүмкіндігін жоққа шығарды, бірақ ол Еуропа елдері "қорғаныс қамтамасыз еткісі келеді... және біз оларға бұл істе көмектесеміз" деп мәлімдеді.

Бұған қоса Трамп Еуропа елдері "қорғаныстың алдыңғы шебін" қамтамасыз ететінін, оған АҚШ та "қатысатынын" айтты. Алайда оның егжей-тегжейі әзірге белгісіз.

Әскер жіберу мәселесі

Еуропа елдері соғысып жатқан тараптар арасында бітім немесе бейбіт келісім жасалғаннан кейін Украинаға әскер жіберу жоспары жайлы биылғы наурыздан бастап айтып келеді. Ұлыбритания мен Франция оған қатысуға дайын екенін мәлімдегенімен, ол операцияның егжей-тегжейі жарияланған жоқ.

Еуропа елдерінің саяси басшылары бұл миссияға АҚШ-тың қатысуы міндетті шарт екенін үнемі ашық айтып жүр. Енді Трамп әскери көмек, оның ішінде авиациялық қолдау да көрсетілетін болады деп мәлімдеді.

Еуропалық әскери жоспарлаушылар бұл мәселені талқылау үшін осы аптада америкалық әріптестерімен кездеспек. Axios дерегінше, келіссөздерді басқару АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубиоға жүктелген.

Brussels Freedom Hub талдау орталығының негізін қалаған Роланд Фройденштайн Вашингтондағы келіссөздерді "күнде қайталанатын көрініске" теңеді, өйткені "шынтуайтында мардымды нәтиже байқалмайды" дейді ол.

"Мәселе еуропалық әскер Украина жерінде қандай деңгейде болады және онда болуын Америка қаншалықты қолдайды дегенге тіреледі", – деді Фройденштайн Азаттыққа берген сұхбатында.

Мәскеу Украинада НАТО әскерінің болуына үзілді-кесілді қарсы екенін бірнеше рет мәлімдеген.

НАТО-Lite

Өткен аптада Трамп пен Путин Аляскада кездескеннен кейін, АҚШ-тың арнайы өкілі Стив Уиткофф CNN арнасына берген сұхбатында келіссөздер барысында Украинаға НАТО хаттамасының 5-бабына ұқсас қорғаныс кепілдіктерін беру мүмкіндігі талқыланды деп айтқан. Ол бапта егер НАТО-ның әлдебір мүшесі қарулы шабуылға ұшыраса, альянстың өзге мүшелерінің бәрі мұны өздеріне жасалған шабуыл деп қабылдап, жәрдемдесуге қажет деп тапқан іс-әрекет жасайтыны жазылған.

Бұл кепілдік әскер орналастырмай-ақ жұмыс істей алар еді. Бірақ, тағы да айтайық, оның егжей-тегжейі әзірге белгісіз. 5-бап іс жүзінде қалай жұмыс істейтінін "жұрт түсінуі керек" деп ескертеді Клиффорд Мэй.

"НАТО келісімінің 5-бабында егер НАТО-ға мүше бір елге шабуыл жасасаңыз, бұл альянс мүшелерінің бәріне шабуыл жасағаныңыз деп саналады, және теориялық тұрғыдан НАТО мүшелері түгелдей жауап қатуға тиіс. Дәл солай болады деуге кепілдік бар ма? Оған сенімді емеспін және мені осы алаңдатады", – дейді Мэй.

Бұл осы пікірталастағы өзекті мәселеге қайтадан әкеп тірейді: Украинаға кейін бұза салу түкке тұрмайтын құр уәделерден өзге, шын мәніндегі сенімді қауіпсіздік кепілдігін қалай беруге болады?

Фройденштайн Трамптың "қауіпсіздік кепілдіктері жайлы өте жалпылама әрі бұлыңғыр түрде айтқанын" атап, сондықтан "АҚШ-тың Украинаға нақты не ұсынбақшы екені жайлы ештеңе білмейміз" дейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG