Accessibility links

"Вераның дауысы құлағымда қалып қойды"


Вера Гирич
Вера Гирич

2022 жылы сәуірде Азаттық тілшісі Вера Гирич Киевте қаза тапты. Ол тұрып жатқан үйге Ресей зымыраны түсті.

Вераны Украинаға барған сапарларымда бірнеше рет көрдім. Бірақ біз телефонмен көп сөйлесетінбіз.

Ол Киевтегі бюромыздың хабар тарату бөлімін басқарды, біз төрт жыл бойы күнделікті материалдарды жоспарлау бойынша көп сөйлесетінбіз.

Және біздің әңгімеміз тек жұмыс туралы емес-тін. Ол кейде жай ғана "Халың қалай?", "Не жаңалық бар?" деп сұрау үшін ғана хабарласатын.

Вера Азаттықтың Украин қызметіне 2018 жылы келді. Оны жұрттың бәрі құрметтейтін әрі жақсы көретін.

Оның соңғы жазған материалы Холокост зұлматында тірі қалған қарияның Мариуполь оккупациясынан да аман шыққаны туралы еді. Ресей 2022 жылы Украинаға соғыс ашқаннан кейін көп ұзамай Мариупольді басып алған.

Арада бірер апта өткенде Вера өзі өткізетін таңғы редакторлар жиынына қатыспады. Күтпеген жерден әріптесімнің әлдекімді сыбап жатқанын байқадым. Сол кезде жүрегім бір жамандықты сезгендей болды.

Дәл сол күні – 2022 жылғы 28 сәуірде Ресей қорғаныс министрлігі Киевке "аса дәлдікпен" әуеден шабуыл жасағанын мәлімдеді. Зымыран әскери нысанды қиратуы керек болған. Ол Вераның пәтеріне түсті.

Ресей армиясының шабуылынан қаза тапқан әріптесіміз ертесінде қиранды арасынан табылды.

Ол кезде Украинаның үлкен қалаларына зымыран тастау қалыптан тыс нәрсе болып көрінетін. Қазір оған да етіміз үйренді.

Ресей 2022 жылы Украинаға басып кіргенде Киевтің 3 миллиондай тұрғыны сияқты Вера да қаладан біраз уақытқа кетіп қалған.

Бірақ ол кейін Киев облысында Ресей оккупациялаған аймақта жарықсыз, сусыз, газсыз бір айға қалып қойған қарт әке-шешесіне қарау үшін қайтып оралды.

Ол әлеуметтік желідегі парақшасында жартылай бос қалған Киев көшелерін көрсетіп видео жариялап жүрді. Кейін тіпті иесі тастап кеткен мысықты асырап алғанын да айтты.

Вера артына ешқашан толмас бос кеңістік қалдырып кетті. Оның кәсіби біліктілігі мен адамсүйгіш қасиеті әріптестеріміз бен достарымыздың жүрегінде мәңгі қалды.

Вера арамызда жоқ екенін бірнеше ай бойы қабылдай алмай жүрдім. Ол енді ешқашан телефон шалып, "Халың қалай?", "Не жаңалық бар?" деп сұрамайды.

Вераның дауысы құлағымда қалып қойды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG