Accessibility links

Түркіменстанда мұғалімдер мақта теруге міндеттелді


Түркіменстанда жаңа оқу жылы қарсаңында мұғалімдер мақта теруге жіберілді. Елде мемлекеттік қызметкерлер, студенттер мен әскери қызметкерлерді экспортқа шығатын маңызды өнім — мақта жинау науқанына тарту үрдіске айналған.

Түркіменстанның солтүстік шығысындағы Лебап қаласында жазғы демалыстан оралған мектеп мұғалімдері тосынсыйға тап болды.

Оларға жаңа оқу жылына дайындалудың орнына 20 тамызда басталатын мақта жинау маусымына баруды тапсырған.

«Мемлекеттік мекеме басшылары мемлекеттік қызметкерлердің бәрі мақта жинауға қатысуы керек. Одан бөлек, апта сайын үкіметке мақта жинауға көмектесетін жұмысшылар жалдауға ақша жинап береді», — дейді Лебаптағы аты-жөнін жарияламауды сұраған мектеп мұғалімі.

Ол жағдайды «құлдыққа» теңейді.

Түркіменстан билігі жыл сайын мақта жинау маусымына ондаған мың мемлекеттік қызметкер, студенттер мен әскери қызметкерлердің еңбегін пайдаланады. Мақта — мұнай мен газдан кейінгі ең ірі табыс көзі.

Билік мемлекеттік қызметкерлерді мақта жинау маусымында күштеп жұмысқа жегеді. Құқық қорғау топтарының дерегінше, студенттерді "оқудан шығарамыз, қатаң шара қолданамыз" деп қорқытады, ал мемлекеттік қызметкерлерге "жұмыстан қуамыз" деп қоқан-лоқы көрсетеді.

Қалталы азаматтар ауыр жұмыстан сытылып кету үшін шенеуніктерге пара береді немесе өз орнына жұмысшы жалдайды.

Азаттықтың дереккөздерінің айтуынша, өткен маусымда пара көлемі — 115–140 доллар, ал жұмысшы жалдау — күніне 8,50–14 доллардан болған. Түркіменстанда көп адамның мұндай ақша төлеуге мүмкіндігі жоқ. Елдегі орташа жалақы мөлшері – 200-400 доллар.

Түркіменстан ондаған мың мемлекеттік қызметкерді мақта алқаптарына жіберді
Түркіменстан ондаған мың мемлекеттік қызметкерді мақта алқаптарына жіберді

Лебап уәлаятының билігіне жақын ақпарат көзі Азаттыққа билік мақта жинауға баратын мұғалімдер мен мемлекеттік қызметкерлердің тізімін жасап қойғанын айтты.

Ол сондай-ақ мақта жинау науқанының шығындарын жабу үшін әр мемлекеттік қызметкер аптасына 17 доллардан төлеуі керек деген ақпаратты растады. Мемлекет бұл ақшаға мақта жинауға қосымша жұмысшылар жалдайды.

«Билік қызметкерлердің қаржылық жағдайын ойламай, талап қояды», — дейді Түркменабат өңірінің әкімшілік орталығындағы тұрғын үйді басқару компаниясының қызметкері.

«Адамдар қорыққаннан жақ ашпай отыр. Олар жұмыстан шығарып жібереді, [шенеуніктердің айтқанын істемесек], табыссыз қаламыз деп уайымдайды. Бәрі қорқып отыр», — дейді ол.

Түркіменстан — авторитар, жабық әрі репрессивті мемлекет. Онда сөз бостандығы тұншықтырылып, тәуелсіз ақпарат құралдары қудалауға ұшырайды. Мақта жинаудан бас тартқаны үшін жазаланды делінген адамдар туралы ақпарат алу қиын.

Түркіменстан билігі өзіне қарсы пікір айтып, сынаған қарсыластарын қысымға алып, жақ аштырмайды.

АПТАП ЫСТЫҚ ПЕН АУЫЗ СУ ТАПШЫЛЫҒЫ

Мақта — Түркіменстанда мұнай мен газдан кейін экспорт көлемі бойынша екінші орында тұрған маңызды шикізат. Түркіменстан әлемдегі ең ірі мақта өндірушілердің ондығына кіреді. Былтыр 580 мың гектар жерден 1,25 миллион тонна мақта жинау жоспарланған.

Мемлекеттік ақпарат құралдары үкімет шетелден мақта жинауға жүздеген трактор мен басқа да техника сатып алды деп жиі жазады. Бірақ әлі күнге дейін мақтаның көп бөлігі қолмен жиналады.

Түркіменстан азаматтарды күштеп жұмысқа жегу шарасын мақта жинау науқанынан тыс кезде де қолданады.

Балқан облысында мектеп мұғалімдері мен дәрігерлер шілде мен тамыздағы демалыстарын далада арамшөп жұлып өткізген. Мемлекет оларды жұмыстан тыс уақытта шаруаларға көмектесуге мәжбүрлеген.

Азаттықтың ақпарат көздерінің айтуынша, мұғалімдер 10 күн, дәрігерлер, медбикелер мен жергілікті аурухананың басқа да қызметкерлері 15-20 күн жұмыс істеуге міндеттелген.

Балқан ауданы Берекет ауылының дәрігері 2 тамызда 12 сағат бойы аптап күн астында жұмыс істегендерін, ал шенеуніктер жұмысшыларға тіпті, ауыз су беруге жарамағанын айтты.

«Күнде таңғы 7-ден кешкі 7-ге дейін жұмыс істейміз», — деді дәрігер фермадағы ақысыз міндетті жұмысын сипаттап.

«Кейінгі кездері ауа температурасы 45 градустан асып жүр. Ал билік өкілдері тіпті, су да бермейді. Үйден үш литрлік бөтелкемен су әкелеміз. Ол суымыз түске дейін ғана жетеді», — деді ол.

Азаттық тілшілері Балқан уәлаятының билігінен пікір алуға тырысты, бірақ редакция өтініші жауапсыз қалды.

Түркіменстанда мақтау жинау науқаны тамызда басталып, желтоқсанның басына дейін созылады
Түркіменстанда мақтау жинау науқаны тамызда басталып, желтоқсанның басына дейін созылады

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен АҚШ үкіметі Түркіменстанды азаматтарды күштеп еңбекке жеккені үшін жиі сынайды.

АҚШ мемлекеттік департаментінің 2024 жылға арналған адам саудасы жайлы баяндамасында “Түркіменстан үкіметі ересектер мен балаларды жыл сайын мақта жинау маусымына тартып, қоғамдық жұмыс пен шараларға қатысуға міндеттеп, мәжбүрлі еңбекті пайдаланып отыр” делінген.

Орталық Азияның мақта өнеркәсібіндегі мәжбүрлі еңбекті тоқтату жолында күресіп жүрген Cotton Campaign үкіметтік емес ұйымы халықаралық сән брендтері мен көтерме саудагерлерді Түркіменстан мақтасына бойкот жариялауға шақырды.

Кезінде Өзбекстанға қарсы да осындай халықаралық бойкот жарияланған. Соңында Ташкент мақта алқаптарында бала еңбегін пайдалануын тоқтатты.

Түркіменстанда мақта жинау маусымы тамызда басталып, желтоқсанның басына дейін созылады.

XS
SM
MD
LG