"ҮЙДЕ БАЛАЛАР ГАЗЕТКЕ ҚОЛ ТИГІЗСЕ ҚОРҚАТЫН БОЛДЫҚ"
Түркіменстанда цензураның жіті бақылауымен шығатын газеттерден шынайы жаңалықтар оқу әсте қиын болғандықтан халық оларды көбіне басқа қажетіне жаратуды жөн көреді.
Президент Сердар Бердімұхаммедов пен оның әкесі, бұрынғы президент Гурбангулы Бердімұхаммедовті мақтап-мадақтайтын материалдардан көз сүрінетін, күнделікті шығатын мемлекеттік газеттерді жұрт әжетхана қағазы ретінде немесе әртүрлі зат орауға я от тұтатуға пайдалануды әдетке айналдырған.
Бұл жағдай өкіметтің төзімін тауысса керек, енді мемлекеттік қызметшілерді билік басындағы отбасының "фотосуреттері бар газет-журнал парақтарын сақтауға" мінндеттеп, жазбаша қолхат беруге мәжбүрлей бастаған. Бұл жөнінде осындай құжатқа қол қойған, мемлекеттік органдарда жұмыс істейтін бірнеше қызметкер айтып берді деп хабарлады Азаттықтың Түркімен қызметі – Азатлық радиосы.
Орталық Азииядағы халқы кедей, авторитар билік жүйесі орнаған, еркін баспасөзге іс жүзінде тыйым салынған елде әдетте мемлекеттік қызметшілер мен оқушыларды мемлекеттік газеттерге жазылуға міндеттейді.
Елдің батысындағы Балқан уәлаятының тұратын мемлекеттік қызметші (аты-жөнін атамауды өтінді) Азатлык тілшісіне өзі тұрып жатқан қалада жаңа жылдан бастап мемлекеттік қызметшілерге мемлекеттік газеттерді "былғамау" туралы бұйрық түскенін айтты.
Бұл талаптың орындалуын қадағалау үшін билік газеттің әр бетінде QR-код басылуы мүмкін екенін мәлімдеген. Балқан уәлятында тұрған тағы бір мемлекеттік қызметшінің сөзінше, мұндай код басылған жағдайда шенеуніктерге газет жаздырып алған қай адамның оны "жосықсыз" пайдаланғанын табу қиындық туғызбайды.
"Енді біз үйде балалардың газетке қол тигізуінен қорқатын болдық. Егер кішкентай бала президенттің суретін жыртып я бүлдіріп тастаса, көшеге бір жерге лақтырып тастаса, жұмыстан қуылуымыз мүмкін", – деді өз аты-жөнін атамауды өтінген мемлекеттік қызметші.
Мемлекеттік қызметшілер арасында мәжбүрлі түрде жазылған газеттерді оқитындар аз.
Жауын-шашын болған күндері сырттан келген соң шешіп қойған аяқ киімнің астына газет төсеу әдетке айналған. Табысы шамалы тұрғындарға әжетхана қағазын сатып алу қалтаға салмақ салатындықтан, олар бұл мақсатқа газетті пайдалануды жөн көреді.
ТӘУЕЛСІЗ БАҚ ЖОҚ ЕЛ
"Шекарасыз тілшілер" (RSF) сияқты баспасөз құқығын қорғайтын ұйымдар үнемі Түркіменстанды сөз еркіндігі ахуалы сұмдық жағдайда қалған елдер қатарына жатқызады.
2022 жылы 67 жастағы Гурбангулы Бердімұхаммедов президенттіктен кетіп, іс жүзінде бұл қызметті 43 жастағы баласы Сердарға өткізіп бергеннен кейін де елдегі жағдай өзгерген жоқ.
Үлкен Бердімұхаммедов бәз-баяғыдай, елде маңызды шешім қабылдайтын негізгі тұлға саналады. Түркіменстанда тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралы деген атымен жоқ, ал журналистикасы "тек режимді дәріптеуден аса алмайды" деп жазған RSF.
Үкімет өзгеше ойлайтындарды аяусыз басып-жаншуды жалғастырып жатыр – сын айтқандарды қуғын-сүргінге салып, ұрып-соғып, азаптап, түрмеге тығып, кейде тіпті өлтіріп тастайды. Билікке сын айтқандардың көбі қуғыннан бассауғалап шетелге кеткен.
Былтыр Азаттықтың Түркімен қызметі – Азатлық радиосының бұрынғы тілшісі 35 жастағы Құдайберды Аллашов едәуір уақытқа созылған дерттен көз жұмды. Жақтастары оның ажалы билік қысымының салдарынан болды дейді.