Қазақстан азаматы Тұран Устюговтің үстінен қозғалған қылмыстық істі Ресейдің Ростов қаласындағы Оңтүстік округінің әскери соты қарап жатыр. Іс материалдары сотқа қаңтар айында түскен. 13 наурызға жоспарланған алғашқы сот отырысы отырысы өтпей қалды – Тұранды ол күні сотқа әкелген жоқ. Сот тыңдауы 27 наурызға қалды.
19 жастағы алматылық жігітке Ресейде террористік деп танылған ұйымның қызметіне қатысқан және террорлық іс-әрекет жасау мақсатын көздеп дайындықтан өткен деген айып тағылып отыр. Ондай айыптар жазылған Ресей заңындағы баптарда 20 жыл мерзімге дейін түрме жазасы қарастырылған. Тұранның абақтыда қамауда отырғанына жарты жылға таяды.
"БІЗ УКРАИНДАРҒА ЖӘРДЕМДЕСУІМІЗ КЕРЕК". ҮЙДЕН ҚАШУ
– "Мама, мені азаптап, өлтіргелі жатыр!" – Эльмира Жаңабаева ұлымен сөйлескен кезде оның не дегенін айтып отыр. Тұран ұшты-күйлі жоғалып кеткеннен кейін бір аптаға жетпей, 2024 жылғы 2 қазанда анасы ұлына телефон соққан. – Ол телефоннан: "Самайыма тапанша тіреп, қос аяғымнан жоғары көтеріп асып қойды, тоқ соқтырып қинады" деп айғайлады. Сосын бір күн тым-тырыс қалды, я тірі, я өлі екенін білмей отырдым.
Эльмира ұйқы-күлкіден айырылып, уайымға батты. Бірінен соң бірі келіп жатқан суыт хабар еңсесін баса берді: әуелі Тұранды 72 сағат ұстаған, кейін сот тергеу кезінде қамауда ұстау туралы шешім шығарды. Тергеушілер Қазақстан азаматына Украина жағында соғысып жүрген, негізінен ресейліктерден құралған қарулы жасақтарға – "Орыс еріктілері корпусы", "Ресей азаттығы" легионы немесе украиналық "Азов" бригадасына қосылмақшы болған деп күдік келтірді. Ресейдің федералдық қауіпсіздік қызметі Тұранның телефонынан жалдамалы әскер қатарына қосылушыға жіберілген анкеталар табылғанын айтқан (құқық қорғаушылар ол анкеталар жігіттің телефонында ресейлік арнаулы қызметтер арандату мақсатымен ашқан жалған сайттар арқылы түсіп, сақталған болуы мүмкін деп топшылайды).
– Оны тергеу абақтысына ауыстырғаннан кейін, "сен немене, бізге қарсы соғыспақшы болдың ба?" деп өлімші етіп ұрып-соққан, – деді Эльмира. – Біз адвокат тауып, оған көмекке жібердік. Тұранның қатты шошып қалғаны сонша, сөйлей алмаған.
Эльмира Жаңабаева ұлын Украинаға кету райынан қайтаруға бар күшін салғанын айтады. Оның сөзінше, Ресей Украинаға кең көлемді басқыншылық жасауға кіріскеннен кейін Тұран жаңалықтарды қалт жібермей, майдандағы жағдайды жіті бақылап жүрген.
– Біз қарсылық танытып жатқан украиндарға жәрдемдесуіміз керек дейтін, оған сенің елің емес қой, барудың қажеті жоқ деп айтатынмын. Майданға бармақшы болған оны райынан қайтару мүмкін болмады, – деді жігіттің анасы.
2023 жылдың қазанында Тұран кәмелетке толған соң, "ұлым соғысқа кетіп қала ма" деп алаңдаған Эльмираның уайымы күшейген. Ол риэлторлық компаниядағы жұмысын тастап, баласының қасында болуды ұйғарған. Тұранды психологтар мен психотерапевтерге қаратқан. Маман дәрігерлер жас жігіттің ой-өрісі дамыған, зейінді екенін, бірақ психологиялық жағынан осалдығы барын айтқан.
Эльмира Алматыға Ресейдегі мобилизация мен соғыстан қашып келген ресейліктерді іздегенін, оларды үйге шақырып, ұлымен сөйлестіргенін айтып берді. Олар Тұранға майдан шебіне жеткен соң төбеден түскен зымыран немесе дрон шабуылынан санаулы уақытта қаза табуы мүмкін екенін түсіндіріп, қандай қауіп-қатер барын ескерткен.
Анасының сөзінше, белгілі режиссер Әзиз Заиров те (былтыр қыркүйекте дүние салды) Тұранды Украинаға бару райынан қайтаруға тырысыпты, уақыт тауып, жас жігітпен ұзақ сөйлескен.
Ұлының Telegram мессенжері арқылы әлдекіммен ұзақ хат жазысып жүргенін байқаған Эльмира әлгі чатты іздеп тауып, Тұранның әлі жас екенін, ешқашан қару ұстап көрмегенін айтып, баласының әскери жасаққа қосылу жайлы өтінішін қабылдамауды өтінген.
Бұған қоса Элмира ұлының соғысқа кетіп қалмауына жәрдемдесуін сұрап, Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитетіне (ҰҚК) жүгініп, қарулы жасаққа адам жалдаумен айналысатындардың каналын бұғаттауды өтінген. Өз айтуынша, ҰҚК оған онлайн-ресурстардың ел аумағындағы жұмысын шектеу – прокуратураның араласуын қажет ететін ұзақ шаруа екенін алға тартыпты. ҰҚК қызметкерлері үйге келіп, Тұранмен әңгімелесті, бірақ оның шетелге кетуіне жол бермейтін нақты іс-әрекет жасаған жоқ деп шағынды жігіттің анасы.
Азаттық Азия редакциясы ҰҚК-ге сауалхат жолдап, Эльмира Жаңабаеваның өтінішінен кейін қандай іс-шаралар жасадыңыздар, ол айтқан әскери жасаққа адам жалдайтын telegram-каналдарды зерттедіңіздер ме, Ресей тарапынан Тұран Устюговтың ісі жөнінде қандай да бір ақпарат алдыңыздар ма деп сұраған еді. ҰҚК-ден келген хатта: "ҰҚК көрсетілген фактілерге байланысты, 172-бап (шетелдегі қарулы қақтығыстарға қатысу) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-тармағына сәйкес, өзге ақпарат жария етілмейді" деп қысқа да нұсқа жауап жазылған.
Тұран Устюгов 19 жасқа толуына екі апта қалғанда, былтыр 27 қыркүйекте үйден қашып кеткен. ҰҚК өкілдері Эльмираға "ұлыңыз сол күні қазақ-қырғыз шекарасынан өткен, ары қарай қайда бет алғаны белгісіз" деп хабарлаған. Бес күннен кейін Тұран Қырымда ұсталған. Ол Бішкектен Мәскеуге баратын ұшаққа мініп, ал Мәскеуден автокөлікпен Қырымдағы Симферополь қаласына жеткені сол кезде ғана белгілі болған.
– Біз оған Оңтүстік Кореяға билет сатып алып қойған едік. Сол елде тұратын құрбым мейрамханалар ұстайды. Сол құрбым балаңды маған жіберсеңші, жұмысқа орналастырайын, пәтер жалға алып тұруына көмектесейін деген еді. Балама: "Бір-екі жылға барып қайт, ел көресің, жер көресің, көзқарасың өзгерер" деп айтқам. Сәтін салып тұрғандай көрінген. Ал ол болса қашып кетті... – дейді Эльмира.
"МАМА, МЕНІ СОНША ЖАҚСЫ КӨРЕТІНІҢІЗДІ БІЛМЕППІН"
Ұлы тұтқындалғаннан кейін Эльмира адвокат жалдауға ақша жинап жатқаны жайлы желіде жар салды. Өзінің әшекей бұйымдарын сатты. Жиналған қаражаттың бәрін ұлын қорғауға салды.
Өзінің жиған-терген ақшасын түрмеде отырған баласына сәлем-сауқат жіберуге жұмсады. Симферопольдегі тергеу абақтысында Тұран Устюговпен бір камерада тағы үш адам – Украинаның екі азаматы мен бір қырғызстандық қамауда отыр.
– Украиналықтардың терісі сүйегіне жабысып, құр сүлдері қалған. Авитаминозға шалдыққан Қырғызстан азаматының аузы қанай береді деді. Оның анасын іздеп тауып, сөйлестім. Отбасының оған тамақ жіберуге шамасы жоғын айтты. Ол жігіттің аты-жөнін жазып алдым, оған да сәлемдеме салып тұрамын деп. Дұрыс тамақ ішсін деп, бір камерадағы төрт адамға ай сайын 60 келі сәлем-сауқат кіргізіп отырдым, – деді Эльмира.
Ол әуелгіде тергеу абақтысына сәлемдемені курьер қызметі арқылы жіберіп отырған. Кейін жергілікті тұрғындарды тауып, оларға ақысын төлеп, абақтыдағы ұлы мен оның қасындағыларға азық-түлік, дәрі-дәрмек, киім-кешекті солар жеткізіп тұрған. Әр жолы абақтыға кіргізген заттардың тізімі мен жұмсалған ақшаның мөлшерін көрсетіп, мессенжер арқылы есеп беріп отырды деді ол. Соның арқасында Эльмира қазір 15 келі болатын сәлемдеме (абақты ережесінде көрсетілген шекті салмақ) қоржынына тез пісірілетін кеспенің қанша қапшығы, неше банкі консерві, неше дана шұжық, қанша мөлшерде жеміс-көкөніс сиятынын жақсы біледі.
Эльмира Тұран мен оның қасындағы адамдарға тамақ қана емес, оған қоса жылы ішкиім, гигиена заттарын, өзге де керек-жарақ заттар сатып алып, жіберіп келген. Ұлымен бір камерада отырғандар сәлемдеме алғаннан кейін өз туыстары арқылы Эльмираға: "Тұранның анасы, рақмет. Сіз бізді құтқардыңыз!" деп сәлем айтыпты.
– Тұран маған түрмеден жазған хатында: "Мама, мені сонша жақсы көретініңізді білмеппін" деп жазыпты, – деді Эльмира толқып.
Жасөспірім шағында Тұранның тәрбиесі қиын болғанын анасы мойындайды.
– Өзім төрт жасымда әке-шешеден айырылып, жетім қалдым. Ата-анамның туыстарының тәрбиесінде болдым. Ана болу деген қандай екенін білмей өстім ғой. Көңіліне қаяу түсіріп алам ба деп қорқатынмын. Содан ба, бәлкім тым еркелетім жібердім бе деп те ойлаймын, – деді ол.
Тұранның әкесі 2020 жылы қайтыс болған. Әкесінің қазасы жасөспірімнің мінез-құлқына қатты әсер етіп, жан-дүниесі күйзелген. Эльмира балаларын асырау үшін жан аямай еңбек еткен. Тұраннан бір жас кіші ұлы Артур туабітті церебралды сал ауруына шалдыққан. Қазақстандық дәрігерлер бұл бала ешқашан жүре алмайды деген кесім айтса да, Эльмира үміт үзбей, Ресейге де, Қытайға да апарып қаратып жүріп, ұлын аяғына тұрғызған. Денесі шымыр, үй-ішін өте жақсы көретін Артур нашар еститін балаларға арналған мектепті тәмамдаған.
Тұран 9-сыныпты аяқтағаннан кейін экономика колледжіне түсіп, былтыр бітірген. Осы оқу орнында психолог болып қызмет атқаратын Қанағат Нұрмұхамбетов Тұран Устюговті философиялық әдебиетке құмар, көзқарасы жан-жақты, оқуға зерек, үздік баға алатын оқушы болды, тек психологиялық тұрғыдан осалдау еді деп сипаттады.
– Ол өзі нәзік жан иесі. Жан-дүниесі терең ондай адамдар өте сирек кездеседі. Қиындықтарға қарамастан – ол мектепте буллинге ұшырағанын, сыныптастары қорлағанын айтып берген, – адамға деген сенімін жоғалтпаған. Ол – мейірімді жан. Өлең жазады, көп оқиды. Есейген шағында спортпен мықтап айналыса бастады, ал өз күш-жігеріне сенімі нығайған соң, ол қарымта қайтара алатынын түсінді, сөйтіп, шайқасқа бару туралы ой келген, – деп түсіндірген психолог студент жігіттің ешқандай идеологияға әуес болмағанын атап айтты. – Ол Ресей жаман деп айтқан емес. Ол кішірек Украинаға басқыншылық жасалды деп айтқан. Яғни, әлсізді қорғау керек деп есептеген, өйткені бала кезінде өзіне ешім қорған болмаған. Идеясы сол – [әлсізге] болысу, – осылайша ол өзінің батылдығын танытқысы келген, – деді психолог.
АНАСЫНЫҢ АСТАНА МЕН МӘСКЕУГЕ ЖАЗҒАН ХАТТАРЫ
Эльмира Жаңабаев ұлы Қырымда тұтқындалғаннан кейін Астана мен Мәскеуге хат жазып, ұлын елге қайтарып алуға жәрдем сұрады. Қазақстанның мемлекеттік органдары бұл іске араласа алмаймыз деп жауап қатты. Ал Қазақстан парламентінің депутаттары баламның тағдырына араша түсу жөнінде өтінішімді естіді, бірақ менімен байланысқа шығуды қойды, деді Ресей түрмесінде отырған қазақстандық жігіттің анасы.
Эльмираның жазған хатына жақында Ресей президенті Владимир Путиннің әкімшілігінен жауап келген. Оның мазмұны сотталған адамды жазасын өтеуді жалғастыру үшін Қазақстанға беру мәселесін Ресей соты үкім шығарғаннан кейін ғана қарастыруға болады дегенге саяды.
Азаттық Қазақстан мен Ресей Тұран Устюговтің ісі жөнінде қандай да бір ақпарат алмасты ма, егер айыптау үкімі шыққан жағдайда оны елге қайтаруға мүмкіндік бар деген сауалхатты Қазақстанның бас прокуратурасына жолдаған. Хатқа әзірге жауап келген жоқ.
Азаттық Қазақстанның сыртқы істер министрлігіне де сауалхат жіберіп, қазақстандық дипломаттар Тұран Устюговке қандай да бір көмек көрсетіп жатыр ма, онымен кездесті ме, оның қазіргі жай-күйінен хабардар ма, қазір оның қай жерде екенін біле ме деп сұраған еді. Министрлік бірнеше абзацқа сыйғызған жауап хатында Ресейдің тергеу абақтысында отырған Қазақстан азаматының аты-жөнін бірде-бір рет атамаған.
"Қазақстан Республикасының сыртқы істер министрлігі мен Қазақстан Республикасының Ресейдегі елшілігі ұсталған Қазақстан Республикасы азаматының құқы мен мүддесін қорғау бойынша жұмыстарды жалғастырып жатыр. Жауапты дипломаттар жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдерімен, адвокатпен, қазақстандықтың анасымен және жақын туыстарымен байланыста отыр. Осы аймақта Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемесі болмағандықтан онымен адвокат тұрақты байланысып отыр. Қазіргі уақытта аталған азамат өзін қанағаттанарлық жағдайдамын деп сезінеді, денсаулығына байланысты арыз-шағымы жоқ", – деп жазған СІМ.
Устюговтің анасы өзімен дипломаттар тұрақты байланыста деген сөзді жоққа шығарды. Тергеу барысында ұлының адвокаттары бірнеше рет ауысқан. Әуелде мемлекеттік қорғаушы тағайындалған. Эльмира оған қоса тағы бір адвокат жалдағанын, бірақ ол ақшаны алысымен өз міндетін атқармай, ізім-ғайым жоғалғанын айтты. Жаңабаева қарызға батып, үшінші адвокат жалдаған.
СОТ ӘУРЕ-САРСАҢЫ МЕН АҚША ЖИНАУ
Эльмираның Тұранмен жүздесу үшін Ресейге баруға мүмкіндігі болмай отыр. Жақында ол өзіне елден шығуға тыйым салынғанын білген. Сот орындаушысының талабы бойынша, оның банктегі шоттары бұғатталған. Ол жұмыс істеген риелторлық компания Эльмираны келісім шартын бұзды деп айыптап, сотқа талап-арыз берген. Келісім шарты бойынша, риелтор жылжымайтын мүлік агенттігінде екі жыл жұмыс істеуге міндеттеме алады. Агенттікке келгенге дейін риелторлік қызметпен айналысқан Жаңабаева бір жылдан сәл астам уақыт жұмыс істеген соң, ұлының жанында болуды ұйғарып, агенттіктен кеткен. Арбитраж соты Жаңабаева агенттіктің пайдасына бір жарым миллион теңгеден астам ақша төлесін деп шешім шығарыпты.
– Эльмира Жанабаева бізде 2023 жылдың қаңтарынан 2024 жылдың ақпан айына дейін жұмыс істеді. Ақпанда ол өтініш берді, нақтырақ айтқанда, ұлының дертіне байланысты агенттікпен жасасқан келісімді бұзатыны жайлы хабардар етті. Эльмира бізден әріптестік және өкіл болатыны туралы келісімге отырғандықтан, агенттік оны оқытты. Риелтор мамандығы дейтін жоқ, ондай кәсіпке институтта оқытпайды, ал агенттіктің жанында арнаулы білім бағдарламасы бар, агенттік жұмыс істеуге келген адамды оқытады, ол адам белгілі бір мерзім жұмыс істеуге міндеттеме алады. Эльмира Жаңабаева сондай кезеңді толық жұмыс істеп өтемегендіктен, одан агенттік арнайы оқытқаны үшін төлем ақша, оған қоса келісімде жазылған шартты бұзғаны үшін айыппұл өндіріп алынды. Келісімде оған өз бетінше риелтор ретінде жұмыс істеуге я соған ұқсас қызмет көрсетуге болмайды деп жазылған, бірақ ол сол шартты бұзды, – жылжымайтын мүлік агенттігінің өкілі Камилла Дүмшебаева болған жайтты осылай деп түсіндірді.
Бұрынғы жұмыс орнының іс-әрекетіне келіспеген Эльмира Жаңабаева Конституцияда бекітіліген еңбек ету құқығы бұзылғанын айтып, Конституциялық сотқа жүгінді. Оған қоса Бас прокуратураға арыз жазды.
Ресейде "террорлық" баптар бойынша айып тағылған Тұран Устюговті биыл ақпан айында Қырымдағы Симферопольден Ресей армиясы Оңтүстік округінің әскери соты орналасқан Дон өзені бойындағы Ростов қаласына этаппен жеткізді. Анасы қамауда отырған ұлына керек-жарақты – төсек жаймасы, ыдыс-аяқ, гигиена заттарын, киім-кешек жинауға тағы да кіріскенін айтты.
11 наурызда Эльмира Ресейден адвокат жалдауға ақша жинайтынын айтып жар салды. Өзінің банктегі шоттары бұғаттаулы болғандықтан, басына түскен жағдайға түсініктік танытып, жәрдемдескісі келетіндер табылып жатса, ұлы Артурдың картасына аударуды өтінді.
Ресейдің Ростов қаласындағы тергеу абақтысында отырған Тұранға жақында адвокат барып жолығыпты. Эльмираның айтуынша, қамаудағы ұлы анасының хал-жағдайын сұраған екен.
– Адвокат оған: "Анаң сен үшін қырандай айқасып жүр" деп айтқанда Тұран жылап жіберіпті.