Accessibility links

Таяу Шығыста "бейбітшілік таңы атты" деген Трамп енді Ресейге "көңіл бұратынын" айтты


АҚШ президенті Дональд Трамп ХАМАС тұтқынындағы израильдіктердің босатылуына байланысты Израиль парламентінде сөз сөйлеп тұр. 13 қазан, 2025 жыл.

Summary

  • АҚШ президенті Дональд Трамптың Таяу Шығысқа сапары бейбітшілік орнатуға бағытталған бастамаларға, соның ішінде Израиль мен ХАМАС арасындағы 20 тармақтан тұратын жоспарға арналды.
  • Украина президенті Владимир Зеленский Украинаға шабуылдар күшейгенін айтып, енді Ресейді ауыздықтау жайына көңіл бөлуге шақырды.
  • Трамп үшін басты мәселе — Ресейді қыспаққа алу. Себебі Ресей дипломатиялық тұрғыдан оқшауланған Израильге қарағанда Қытай мен Солтүстік Кореяның күшті қолдауына ие.

АҚШ президенті Дональд Трамп Таяу Шығыста соғыс тоқтап, "тарихи таң" атты деді. Кей сарапшылар бұл оқиға аймақ дипломатиясына бетбұрыс әкеліп, Ресейдің Украинаға қарсы соғысын тоқтату талпынысына жаңа серпіліс әкеле ме деп үміттенеді.

АҚШ басшысы Таяу Шығыста бейбітшілік орнатуға қатысты көзқарасын 13 қазанда Израиль парламенті — кнессетте сөйлеген сөзінде айтты. Трамптың бастамасымен болған келісім аясында АҚШ террорлық ұйым деп таныған ХАМАС қозғалысы тұтқынға алған адамдарын босатып, Израиль парламентіндегі бұл жиын соның құрметіне арналды.

"Бүгін аспан ашық, мылтық үні естілмейді, сирена тоқтады, қасиетті жерге бейбіт күннің шуағы қайта түсті" деді Трамп. Оның сөзін оппозиция депутатының айқайы ғана бөлді.

ХАМАС тұтқынынан босаған израильдің Гай Гильбоа Далал ауруханаға барар жолда жұртқа қол бұлғап отыр. Израиль, 13 қазан, 2025 жыл
ХАМАС тұтқынынан босаған израильдің Гай Гильбоа Далал ауруханаға барар жолда жұртқа қол бұлғап отыр. Израиль, 13 қазан, 2025 жыл

Трамп Украинадағы соғысқа да тоқталып: "Бұл мәселе оңай шешіледі деп ойладым. Ол Израильмен тізе қосып сәтті жүзеге асырған істен әлдеқайда жеңіл болады деп ойлағанмын" деді АҚШ президенті.

ХАМАС тұтқынында болған 20 адамның босатылуына орай Тел-Авивте шамамен 65 мың адам жиналды.

"Қатты қуанып тұрмын. Тұла бойымды шаттық кернеп тұр. Қазір қандай күйде екенімді сөзбен жеткізу қиын. Түні бойы ұйықтай алмадым" деді босатылған тұтқын Нимрод Кохеннің анасы Вики Кохен.

АҚШ президенті Дональд Трамп Израильдегі "Бен Гурион" әуежайында ұшақ трапынан қол бұлғап тұр. 13 қазан, 2025 жыл.
АҚШ президенті Дональд Трамп Израильдегі "Бен Гурион" әуежайында ұшақ трапынан қол бұлғап тұр. 13 қазан, 2025 жыл.

Бұған жауап ретінде Израиль де 2 мыңдай тұтқынды босататынын жариялады.

Газа қаласындағы журналист Усама әл-Кахлут Азат Еуропа/Азаттық радиосының "Фарда" қызметіне берген сұхбатында аймақта "қуаныш пен шаттыққа толы" ахуал қалыптасты деді. "Жұрт екі жылға созылған соғыс, қантөгіс пен қашып-босу азабы ақыры аяқталды ма деп қуанып жатыр" деді ол.

Алайда аты-жөнін атағысы келмеген Газаның басқа бір тұрғыны: "Ең үлкен арманым — Газадан кету. Маңайың түгел күл-талқан болып жайрап жатқанын өз көзіңмен көргенде, өміріңнің қалған бөлігі осындай қираған жерде өткізгің келмей, түңіліп кетесің" деді.

УКРАИНА ҮМІТІ

Иерусалимнен екі мың шақырымдай шалғайда жатқан Киевтің бейбітшіліктен үміті оянғандай болды. Трамп инаугурация кезінде айтқандай, "бейбітшілік орнатушы және біріктіруші" рөлін жалғастырып, бірден шешімін табу мүмкін болмаса да, бейбіт келіссөз жүргізуден шегіне қоймас деп үміттенеді.

Трамп Таяу Шығыс сапарына шығардан бірнеше сағат бұрын әлеуметтік желіде Украина президенті Владимир Зеленский "Бір аймақтағы соғысты тоқтату мүмкін болса, онда басқа соғысты да тоқтатуға әбден болады, соның ішінде Ресейдің соғысын да" деп жазды.

Зеленскийдің айтуынша, "әлем Таяу Шығыста бейбітшілік орнатуға күш салып жатқанын ашық пайдаланған" Ресей Украинаға әуе шабуылын күшейтіп жатыр.

Шабуылдың үдей түсуі Трамп Таяу Шығыста белгілі бір нәтижеге жеткенімен, төрт жылға жуық жүріп жатқан Ресейдің Украинаға басқыншылығын тоқтату жөніндегі келіссөз қарқыны бәсеңдегенін көрсетеді.

ТАЯУ ШЫҒЫС ПЕН УКРАИНА СОҒЫСЫНЫҢ АЙЫРМАШЫЛЫҒЫ

Әрине, бұл екі қақтығыстың айырмашылығы көп. Израиль дипломатиялық тұрғыда оқшау қалған, сондықтан АҚШ-тың қолдауына тәуелді. Шынында да, Израиль — әлемдегі АҚШ-тан ең көп көмек алатын мемлекет.

Көп сарапшының айтуынша, Трамп осы ықпалын жеке арналар арқылы пайдаланып, Израильді өзінің 20 тармақтан тұратын бейбітшілік жоспарына келісуге итермелеген. Сонымен қатар, Израиль премьері Беньямин Нетаньяхуға ашық қысым жасалған, әсіресе өткен айда Израильдің АҚШ-тың негізгі одақтасы Катардағы ХАМАС нысанына әуеден соққы жасағаннан соң қысым тіпті күшейді.

Лондондағы Chatham House зерттеу орталығының АҚШ бағдарламасының жетекшісі Лорел Рапп 10 қазандағы подкастта осыған қатысты "Нетаньяхудың Дохадағы әуе соққысы үшін катарлықтардан кешірім сұрағанын көрсеткен көріністер өте әсерлі болды" деп атап өтті.

РЕСЕЙГЕ "ҚОЛДАНАТЫН ТЕТІК ҚАЛМАДЫ"

Ал Ресейдің жағдайы мүлде басқаша: ол Қытайдың экономикалық, ал Солтүстік Кореяның әскери қолдауына сүйеніп отыр. Ресей бұрын-соңды болмаған халықаралық санкциялардың бірнеше кезеңіне төтеп берді және ымыраға келуге әзірлік байқатпады.

Кремльдің пропагандасы Ресей майдан алаңында жеңіске жетіп жатқанын айтуын жалғастырып келеді. Десе де Мәскеу көп шығынға ұшырап жатыр.

"Таяу Шығыстағы бейбітшілік бастамалары Украина мен Ресей жағдайына тікелей әсер етеді деп ойламаймын. Тіпті олар санкцияларды күшейтеміз немесе қысымды арттырамыз деп сендірсе де, бұл айтарлықтай әсер етпейді. Мәселе мынада — біз оларға соншалық қатты санкция салдық, енді қолданатын тетік те қалмады деуге болады" деді Вашингтондағы Defense Priorities зерттеу орталығының сарапшысы Бен Фридман Азат Еуропа/Азаттық радиосына.

Трамп АҚШ пен оның одақтастары Мәскеуге қысымды күшейтетін бірнеше шараны ұсынды, оның ішінде Ресейдің мұнай экспортын шектеуге бағытталған қадамдарға ерекше назар аударды

Ол Ресей мұнайын сатып алатын елдерге қайталама тарифтер енгіземіз деп қорқытты және Үндістанға салған 25 пайыздық тарифті соның мысалы ретінде келтіріп, оны басқа елдерге де қолдануға болатынын айтты. Трамп Еуропа елдерін де солай жасап, Ресей мұнайын сатып алуды тоқтатуға шақырды.

"Шексіз қысым тетіктері бар деп айтқым келмейді, бірақ бейбіт келісімге келмеген жағдайда Ресейге қарсы қолдануға болатын ықпал ету құралдары әлі де көп" деді АҚШ-тың НАТО жанындағы елшісі Мэттью Уитакер 10 қазанда Азат Еуропа/Азаттық радиосына берген сұхбатында.

Бірақ ол Трамптың ұстанымын қайталап, Еуропа елдері де көбірек әрекет етуі тиіс екенін айтты.

Кремль Трампқа үмітпен қарайды, АҚШ Ресейге санкция салуға асықпайды | Соғыс жаңалықтары
please wait

No media source currently available

0:00 0:06:38 0:00

"АҚШ не істейді деп сұраудың орнына, бәріміз не істейміз деген сұрақ қойған жөн болар еді, өйткені Еуропаның рөлі шешуші маңызға ие" деді ол.

АҚШ-тың ықпалды сенаторы Линдси Грэм, Ресейдің қазба байлықтардан түсетін табысын азайту үшін қайталама тарифтерді көптеп енгізуді көптен бері қолдап келеді. Ол 12 қазанда мәлімдеме жасап, АҚШ-тың Украинаға "Томагавк" қанатты зымырандарын жеткізуін тағы бір қысым тетігі ретінде атады.

"Украин сарбаздарының қолында көбірек қару болғанын қалаймын, өйткені бұл соғыстың [Ресей президенті Владимир] Путин үшін бағасын арттырады. Оның мұнай зауыттарын шабуылдаңдар, Ресейдің ішіне терең еніңдер" деді ол NBC телеарнасының Meet The Press бағдарламасында.

Трамп мұндай мүмкіндікті жуырда сөз еткен, бірақ әзірге нақты шешім қабылдаған жоқ. Кремль мұны едәуір шиеленіс тудырып, қарсы әрекетке итермелейтін қауіпті қадам деп ескертті.

Израиль–Газа процесінен тағы бір айырмашылық мұнда да анық көрінеді: Таяу Шығыста Вашингтон мұндай қарсылыққа тап болмайды және АҚШ қауіпсіздік тұрғысында мұндай көп тәуекелге бармайды.

Фридманның айтуынша, соғыс басталған кезде Вашингтон керісінше өз қолындағы ықпал ету тетіктерін пайдаланып, Украинаны шегінуге көндірмек болған.

"ӘЛЕМДЕГІ ЕҢ КҮРМЕУІ ҚИЫН ҚАҚТЫҒЫС"

Бұл әсіресе биыл ақпанда Ақ үйде Трамп пен Зеленский арасында болған келіспеушіліктен кейін, АҚШ Украинаға аса қажет әскери барлау деректері мен жабдықтарды уақытша тоқтатқан кезде анық байқалды.

Дегенмен, содан кейін екі басшы қарым-қатынасты жақсартуға біраз күш салды. Трамптың Таяу Шығыс сапары қарсаңында Зеленский де телефон арқылы сөйлесіп, "Томагавк" зымырандарын жеткізуге тағы да өтініш білдірген.

Тамыз айындағы Трамп пен Путин саммиті бейбітшілік процесінің динамикасын едәуір өзгертті. Аляскада Трамп Путинді жылы қабылдағанымен, ешқандай ымыраға келмеді және Зеленскиймен кездесуден бас тартты.

"Менің ойымша, [Путин] бұл кездесуден көп нәрсе ұтқан жоқ. Керісінше, сол оқиғалар тізбегі Трамп әкімшілігін оған қарсы бұрып жіберді деуге болады" деді Фридман.

"Ол мені ренжітті, қатты ренжітті" деді Трамп қыркүйекте Ұлыбританияға жасаған мемлекеттік сапары кезінде Путин туралы.

13 қазанда Ресей Трамптың Таяу Шығыс дипломатиясын сынға алды. Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Трамптың жоспары болашақ Палестина мемлекетінің мәртебесіне қатысты "нақты әрі айқын тұжырым жасамағанын" айтты.

"Біз Дональд Трамптың бейбітшілік жоспары тек Газа секторына қатысты екенін байқадық. Онда мемлекеттілік туралы айтылған, бірақ тым жалпылама" деді Лавров араб елдерінің журналистеріне. "Бұл тәсілдерді нақтылау қажет, соның ішінде Батыс жағалауда не болатынын анықтау маңызды".

2023 жылғы 7 қазанда ХАМАС Израильге шабуыл жасап, соның салдарынан 1200-ден астам израильдік қаза тауып, шамамен 250 адам тұтқынға түскеннен кейін аймақта дүрбелең басталған. Дональд Трамп Израиль мен ХАМАС-қа осы соғысты тоқтатуға бағытталған 20 тармақтан тұратын бейбіт жоспарды қабылдатқаны үшін мақтауға ие болды.

Енді оның алдында Украинадағы соғысты тоқтату міндеті тұр. Трамптың өзі оны "әлемдегі күрмеуі ең қиын халықаралық қақтығыс" деп атаған.

XS
SM
MD
LG