Украина балалары 1 қыркүйекті бомба мен әуе дабылының астында қарсы алды. Ресей президенті Владимир Путин Қытайдағы саммитте Украина соғысы жайлы айтты. Ал Украина өздері жасаған "Фламинго" ракетасын қолданғаны айтылды. Соғыстағы ахуал.
1 қыркүйекке қараған түні Ресей Украинаға 90 дронмен соққы жасады. Украина әуе күштері дрондардың 76-сы атып түсірілді немесе "радардан жойылды" дейді.
"Алты нысанға он дрон тиді" делінген Украина әуе күштерінің мәлімдемесінде. Шабуыл әдеттегідей, Запорожье, Херсон облыстарына жасалды. Херсон облысында кейінгі бір тәулікте 13 адам жараланып, бір адам қаза тапқан.
Бұған дейін Украина әуе күштері Ресей 142 дрон шабуылдағанын хабарлаған еді. Ал өткен аптада Ресей Украинаға 537 дрон және 45 зымыранмен соққы жасап, Киевте қаралы күн жарияланған.
Ал Ресей қорғаныс министрлігі 31 тамызда әуе қорғаныс күштері Украинаның елу дронын жойды дейді. Ведомствоның хабарлауынша, дронның басым бөлігі Ресейдің мұнай-газ өңдеуші зауыттары орналасқан Краснодар мен Самара ұшқан. Краснодар өлкесіндегі Кропоткин қаласында электр станциясына жасалған шабуылдан қаланың кей аудандары жарықсыз қалғаны айтылды.
УКРАИНАДАҒЫ 1 ҚЫРКҮЙЕК
2025 жылғы оқу жылы Украина үшін қиындықтармен басталды. Ресейдің басқыншылығы білім беру жүйесіне үлкен әсер етіп жатыр. Әсіресе шығыс және оңтүстік Украинада жағдай қиынырақ, оқушылардың тек үштен бірі толықтай мектепте оқиды, бір бөлігі онлайн, қалғандары аралас форматта білім алады. Украина билігі оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, білім сапасын жақсарту және патриоттық тәрбиені күшейту үшін жаңа бағдарламалар жасаған.
2025 жылғы 1 қыркүйекте Украинада шамамен 3,5 миллион оқушы оқуын бастайды. Оның 400 мыңы қашықтан білім алуын жалғастырады. Бұл туралы білім және ғылым вице-министрі Надежда Кузьмичева мәлімдеді.
Ресми мәлімет бойынша, қашықтықтан оқитын балалардың көбі – Ресей шабуылына жиі ұшырайтын Харьков облысында. Донецк облысынан көшіп кеткен не әлі сол жерде тұратын балалар да қашықтықтан оқымақ. Луганск облысы толықтай қашықтықтан оқытуға көшті. Херсон облысында жағдай сәл жақсырақ: балалардың көпшілігі онлайн оқиды, бірақ облыстың 8 мектебі толық күн не аралас оқыту үшін ашылады. Запорожье облысында да көптеген оқушылар қашықтан оқуға мәжбүр.
Украинадағы мектептерде қашықтықтан оқыту 2022 жылдан басталған соғысқа байланысты мәжбүрлі шешімге айналды. Соғыс кезінде балаларға білім беруді жалғастыру үшін кей қалаларда жер асты мектептері салынған. Мысалы, Харьков қаласында жер астындағы жеті жаңа мектеп ашылып, алты метрополитен станциясы оқу орындарына айналдырылды. Бұл шаралар 6 мыңнан астам оқушының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жасалған.
Запорожье облысында да жер астындағы мектептердің құрылысы жалғасып жатыр. 2025 жылдың соңына дейін 200-ге жуық осындай мектеп ашу жоспарланған. Ал Киевтегі бастауыш сынып оқушылары дәстүрлі алғашқы қоңырау мерекесіне қатысты. Балаларды ата-аналары дәстүрлі киімдермен мектепке алып келді. Кейбір мектептерде оқушыларға төтенше жағдайларға арналған сөмкелер берілген.
Кейінгі 18 айда 1300-ден астам мектеп қирағанымен, елге төнген қауіп балалардың білім алуына кедергі келтірген жоқ. Дегенмен соғыс оқу процесіне кері әсер етеді. Әуе дабылдары кезінде оқушылар бункерлерге эвакуацияланады, сабақтар тоқтатылады немесе онлайнға ауысады. Киевтегі кейбір мектептерде генераторлардың жарығымен сабақ жалғасады.
УКРАИНАНАЫҢ ЖАҢА ҚАРУЫ ЖӘНЕ ЗЕЛЕНСКИЙДІҢ ЕСКЕРТУІ
Украина өзі жасаған алысқа ұшатын "Фламинго" қанатты зымырандарын соғыста алғаш рет қолданған. Бұл туралы Украина басылымдары жазды. "Милитарный" порталы дерегінше, "Фламинго" ұрыс даласындағы алғашқы соққысын 30 тамызда аннексияланған Қырымда, Армянск маңында орналасқан шекара бекеті мен Ресей федералды қауіпсіздік қызметінің патрульдік катерлеріне жасаған. Бұл ақпаратты "Крымский ветер" телеграм арнасы да растап, "шабуыл салдарынан қаза тапқандар мен жараланғандар бар, казарма толық өртеніп, 6 катер жойылды" деп жазды. Украина қарулы күштері "Фламинго" туралы ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Ресей тарабы да жай дрондардың атып түсірілгенін ғана хабарлады.
Украина тарабы АҚШ мемлекеттік департаменті мақұлдаған 825 миллион доллар тұратын қару-жарақты күтіп отыр. Бұл келісімге 3,350 ERAM (Extended Range Attack Munition) зымыраны, GPS навигациялық жүйелер мен оларды қолдануға оқыту және техникалық қолдау кіреді. Оны сатып алуға Украинаның НАТО-дағы серіктестері Дания, Норвегия және Нидерланд қаржылай қолдау жасады.
Қарудың алғашқы партиясы қыркүйектің соңына дейін Украинаға жетуі тиіс және алыс қашықтыққа ұшатын бұл зымырандар Ресейдің ең түкпіріндегі нысандарға соққы бере алады.
Ал Украина президенті Владимир Зеленский Ресей президенті Путинге АҚШ президенті Дональд Трамптың соғысты тоқтатуға қойған дедлайнын еске салды.
"Екі апта бұрын Вашингтонда дәл осы уақытқа қарай ресейліктер нақты келіссөздерге, көшбасшылар деңгейіндегі кездесуге дайын болуы керегі айтылған. Украина, әрине, бұған дайын. Бірақ Ресей келісімге емес, соғысты жалғастыруға тырысып жатыр. Путин Қытайға жасаған сапары кезінде де қулыққа басып отыр. Бұл – оның спорттағы №1 әдеті" деп мәлімдеді Владимир Зеленский.
18 тамызда Дональд Трамп Вашингтонда Зеленскиймен және Еуропа лидерлерімен кездесу кезінде "бір-екі апта ішінде" Ресей мен Украина арасында бейбіт келісімге қол жеткізу мүмкіндігі туралы айтқан еді. Ал бір апта бұрын Трамп "егер қыркүйектің басында атысты тоқтату туралы келісім жасалмаса, Ресей үшін өте ауыр салдары болуы мүмкін" деп мәлімдеді.
ПУТИННІҢ ҚЫТАЙҒА САПАРЫ
Ресей президенті Владимир Путин 31 тамыздан бері Қытайда жүр. Бұл күндері Тяньцзиньде өтіп жатқан Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) саммитіне 20-дан астам мемлекет басшысы жиналды. Путин Қытайға төрт күндік сапармен келді. Оның мұншалық ұзақ шетелдік сапарын көмекшісі Юрий Ушаков та "сирек болатын жағдай" дейді.
Мәскеу мен Киевте таңғы сағат 7 болып жатқанда Путин Қытайда ШЫҰ саммитінде сөзін қағаздан оқып үлгерді.
"ШЫҰ бүкіл еуразиялық құрлықта ынтымақтастық пен өзара сенім атмосферасын нығайтуға елеулі үлес қосып отыр. Бұл өз кезегінде Еуразияда тұрақтылықтың, қауіпсіздіктің және бейбіт дамудың жаңа жүйесін қалыптастыруға саяси әрі әлеуметтік-экономикалық алғышарттар жасауға көмектесіп жатыр. Мұндай жүйе ескірген еуроцентрлік және еуроатлантикалық үлгілердің орнына келуі тиіс" деді Путин сөзінде.
Еуроатлантикалық әлем моделі – бұл негізінен Батыс Еуропа мен Солтүстік Америкаға сүйенген халықаралық жүйе. Ол Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қалыптасып, кейін Қырғи-қабақ соғыс аяқталған соң күшейе түскен еді.
Путин Қытайда сөйлеген сөзінде өзінің 11 жыл бұрынғы көзқарасын тағы қайталады. Оның сөзінше, Украиндағы соғыс 2014 жылғы мемлекеттік төңкерістен басталған.
"Бұл дағдарыс Ресейдің Украинаға шабуыл жасауы нәтижесінде туындаған жоқ, ол 2014 жылғы Украинадағы мемлекеттік төңкерістен туындады. Бұл төңкеріс Батыс тарапынан қолдау тауып, ынталандырылды, содан кейін қарулы күштер арқылы Украинадағы кей аймақтар мен халықтардың төңкерісті қабылдамаған қарсылықтарын басуға әрекеттер жасалды" деді Путин Тяньцзиньдегі ШЫҰ мемлекет басшылары саммитінде.
Ол соғыстың екінші себебі — "Батыстың Украинаны НАТО-ға тартуға тырысуы" деді.
Путин 3 қыркүйекте Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 80 жыл толуына арналған Пекиндегі әскери шеруге қатысқан соң еліне қайтады.
ПІКІРЛЕР