Accessibility links

"Путин дегеніне жетті, ал Трамп ше?" Аляскадағы саммиттің түйіні


Анкоридждегі саммит: қаңтарда Ақ үйге оралғалы бері Ресей басшысы Владимир Путинмен алғаш рет кездескен АҚШ президенті Дональд Трамп. 15 тамыз 2025 жыл.
Анкоридждегі саммит: қаңтарда Ақ үйге оралғалы бері Ресей басшысы Владимир Путинмен алғаш рет кездескен АҚШ президенті Дональд Трамп. 15 тамыз 2025 жыл.

Владимир Путин халықаралық саясат сахнасына оралғысы келді. Дональд Трамптың діттегені – бейбітшілік келісімі.

Ресей басшысы дегеніне жетті, ал АҚШ президенті – жоқ. Әзірге жеткен жоқ.

Трамп пен Путиннің 15 тамыз күнгі кездесуі кейінгі жылдардағы ең маңызды оқиғалардың бірі болуы керек еді: Америка-Ресей қатынасы үшін, Екінші дүниежүзілік соғыстан бергі Еуропадағы ең ірі құрлық соғысы және халықаралық қауіпсіздік тұрғысынан алғанда да.

Өзінің келісім жасау шеберлігіне сенімді Трамп 42 айдан бері жалғасып келе жатқан, нәтижесінде миллионнан астам украин және ресейлік сарбаз бен мыңдаған бейбіт тұрғын жараланған немесе қаза болған Ресейдің Украинаға қарсы соғысын бітіргісі келген.

Өз әскерінің Украинаның тас-талқанын шығаратындығына сенімді Путин Америка жерінде әлемдік телеарналардың назарына ілініп, Трамппен қол алысып, терезесі тең дәрежеде келіссөз жүргізіп, осылайша халықаралық оқшаулаудан арылғысы келген.

Путин мен Трамп. Анкоридж 15 тамыз 2025 жыл.
Путин мен Трамп. Анкоридж 15 тамыз 2025 жыл.

Ақыры Украинадағы қантөгісті тоқтату бойынша ешқандай келісім жасалмады. Путин айтып жүрген қарулануды бақылау туралы жаңа келісім жөнінде де ештеңе айтылған жоқ. Трамп айтқан бизнеске жаңа инвестиция туралы да тырс еткен хабар жоқ.

«ЖАҚСЫ ЕШТЕҢЕ БОЛҒАН ЖОҚ, ЖАМАН НӘРСЕ ДЕ»

Бәлкім, қандай да бір келісімдер әзірге жарияланбаған болар, дайындық сатысында шығар. Саммиттен кейінгі сұхбаттарында Трамп келісім алдағы уақытта жасалуы мүмкін екенін меңзеді.

"Егер жариялауға тұрарлық кішігірім нәрсе болса, Трамп міндетті түрде айтатын еді. Тіпті сондай нәрсенің айтылмауы шынымен де келіссөздің өнімсіз болғандығын айғақтай түседі" деді Вашингтондағы Гудзон институтының сарапшысы Люк Коффи.

"Трамп жұрт алдында ештеңе деген жоқ. Ол Еуропа басшыларымен кеңесуге уақыт бөлуге дайын екенін, оларға жаңа ақпараттарды жеткізуге ықыласты екенін мінберде тұрып білдірді. Қандай да бір келісім жасалғанға дейін тоқтамайтынын жеткізді" дейді Коффи.

16 тамызда саммиттен кейін бірнеше сағаттан соң Трамп пен Украина президенті Владимир Зеленский телефонмен бір сағат сөйлескен. Оған кейінірек Еуропадағы басшылар да қосылды. Зеленский АҚШ-тың Украина қауіпсіздігіне кепілдік беруіне қатысты "оң белгілер" барын айтты. Ол сонымен бірге 18 тамызда Вашингтонға баратынын хабарлады.

"Путинді қалай қабылдағанын ескерсек және тағы бір саммитті Мәскеуде өткізу ықтималдығы туындаған кезде Кремль мұны АҚШ-пен қатынасты қалпына келтіру ретінде көрсетуге тырысып жатыр"деді Ақ үйдің ұлттық қауіпсіздік кеңесінің бұрынғы мүшесі Стивен Фланаган.

"Путиннің мығым әрі тұрақты бейбітшілікке қол жеткізу үшін соғыстың бастапқы негізгі себептерін жою қажеттігі туралы айтқаны Ресей Украинаға қатысты қатаң позициясын өзгертпегенін дәлелдейді. Путин Киевте бұдан да сөзшеңдеу үкімет болғанын және оккупацияланған жерлерді мойындағанын қалайды" деді Фланаган.

Саммитке бара жатқанда Трамп "жер алмасу" ықтималдығын айтқан: оккупацияланған украин облыстарын атысты тоқтатуға алмастыру немесе өзге де шарттар. Зеленский мұны "қызыл сызық" деп мәлімдеді.

Украина мәселесіне келгенде Еуропадағы саясаткерлер 1938 жылғы "Мюнхен келісіміндегідей" (батыстағы одақтастардың Гитлердің ығына жығылып, жер беруі) немесе "Ялтадағыдай" (советтік басшы Иосиф Сталин, АҚШ президенті Франклин Рузвельт және Ұлыбритания премьері Уинстон Черчилльдің соғыстан кейін Еуропаны бөлісуі) жағдай қайталана ма деп қауіптенген. Анкориджде жер алмасу бойынша ешқандай мәлімдеме жасалған жоқ. Трамп айтып жүрген Ресейге қарсы жаңа санкция де жарияланбады.

"Жақсы да, жаман да ешнәрсе болған жоқ. Украинаны сатып жіберді дейтіндей "Мюнхен" де, "Ялта" да болған жоқ" деді АҚШ-тың Украинадағы бұрынғы елшісі Уильям Тейлор Азаттықтың Украин қызметіне берген сұхбатында.

Анкоридждегі наразылық. 15 тамыз 2025 жыл.
Анкоридждегі наразылық. 15 тамыз 2025 жыл.

ҚЫЗЫЛ КІЛЕМ МЕН ҚОЛ АЛЫСУ

"Киев үшін бұдан да жаман болуы мүмкін еді" дейді халықаралық қатынас жөніндегі Еуропа кеңесінің Шығыс Еуропа, Ресей және Орталық Азия бойынша сарапшысы Штефан Майстер.

"Олар бәлкім, бір нәрсе жөнінде келіскен шығар. Бірақ келіскенде ол жөнінде айтылар еді" деді ол.

"Трамп украиналықтарға нашар келісімді таңатындай жаман адам болуға дайын емес. Путин де Трамптың жеңісі үшін талаптарынан бас тартуға әзір емес" деді Ақ үйдің ұлттық қауіпсіздік кеңесінің бұрынғы кеңесшісі, бейбітшілік жөніндегі Карнеги қорының зерттеушісі Эрик Чиарамелла.

2022 жылы ақпанда Ресей Украинаға басып кіргелі бері Путин Батыс пен әлемнің қалған бөлігінен аластатылған саясаткерге айналды. Ол оқшауланды, АҚШ санкциясына ілінді, Халықаралық қылмыстық соттың ордеріне байланысты қамау қаупі төнді. Трампқа дейін АҚШ-ты басқарған Джо Байден Путинмен кездесуден бас тартқан.

Ал енді Америка жерінде құрметпен қарсы алу, қызыл кілем, АҚШ президентінің жылы қабылдауының өзі Кремль үшін жеңіс болды.

"Путин әрине, бұл кездесуде дегеніне жетті. Оны қызыл кілеммен қарсы алды. Қолын қысты. Ұшақтан шыққан кезде тіпті Трамп шапалақтады да. Бұл оны әлемдік басшы қалпына келтірді" деді Сан-Диего штатындағы университет сарапшысы, Украинадағы мемлекеттік басқару бойынша сарапшы Михаил Алексеев.

Мюнхен конференциясының бұрынғы жетекшісі Вольфганг Ишингер де осыған ұқсас пікір айтты.

"Путин Трамппен бірге қызыл кілемде жүру құрметіне ие болды, ал Трампқа ештеңе түскен жоқ. Қауіп расталды: атыс тоқтаған жоқ, бейбітшілік келісімі де жасалмады. Ешқандай прогресс жоқ. Жаңа санкция да жоқ. Украиналықтар үшін ештеңе жоқ. Еуропаның қатты көңілі қалды. Путиннің пайдасына қарай есеп 1 : 0 болды" деп жазды Ишингер X желісінде.

XS
SM
MD
LG