17 қазанда Ақ үйде АҚШ президенті Дональд Трамп пен Украина басшысы Владимир Зеленский кездесті. Кездесуден кейін Зеленский баспасөз конференциясын өткізді.
Украина басшысы Трамппен кездесудің "өте өнімді" өткенін атап өтіп, Америка жағына осы кездесу үшін алғыс айтты. Алайда алысқа ұшатын қару бойынша ешқандай мәлімдеме болмайтынын жеткізді.
"АҚШ эскалацияны қаламайды" деді кездесуден шыққан Зеленский журналистерге. Ол Трамппен әуе қорғаныс жүйесі мен атысты тоқтату шарттарын талқылағанын айтты.
Зеленский "Томагавк" ракетасына қол жеткізу бойынша келіссөз жалғасады деді.
Зеленскийдің баспасөз мәслихаты кезінде Трамп әлеуметтік желіде Украина басшысымен кездесу жылы, шынайы жағдайда өткенін жазды.
"Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездесу өте қызықты әрі жылы өтті, бірақ мен оған, президент Путинге айтқанымдай, адам өлтіруді тоқтатып, келісімге келетін уақыт келді деп айттым. Қантөгісті тоқтату керек. Олар қай жерде тұр, сол жерде тоқтауы керек. Екеуі де жеңгендерін айтсын, тарих шешсін! Ендігәрі атыс, өлім, ақшаны шашу болмасын. Егер мен президент болғанда бұл соғыс басталмас та еді. Апта сайын мыңдаған адам өліп жатыр. Жетер, отбасыларыңа оралыңдар" деді Зеленский.
Оның бұл жазбасы Трамптың өткен айдағы Киев әскері Мәскеудің күштерін Украина жерінен тықсыруға қабілетті деген мәлімдемесіне қайшы.
Кездесуден кейінгі баспасөз жиынында Зеленский Трамппен "Томагавк" пен украиналық дрондарды талқылағанын растады, бірақ екеуі де оның жай-жапсарына тоқталмады.
"Кездесуден кейін АҚШ-тың "Томагавк" ракетасын беру мүмкіндігі жөнінде не ойлайсыз?" деген сұраққа Зеленский "мен реалистпін" деп қысқа қайырды.
"Біз ол жөнінде айтпауға келістік, себебі ешкім де оны қаламайды. Айтқым келгені, АҚШ эскалацияны қаламайды" деді Зеленский.
Украина президенті журналистермен жиында Украинаның мыңдаған дроны барын, бірақ "Томагавк" ракетасы жоғын айтты.
"Бұл басқа бір технологиялық соғыс. Сен "Томагавк" ракетасын қолданып қана қоймайсың. Егер әскери нысандарды көздегің келсе, мыңдаған дрон керек. Олар бірге жүреді" деді ол.
Зеленскиймен кездесуден кейін бірнеше сағаттан соң журналистердің сұрақтарына жауап берген президент Трамп Украина мен Ресейді "қазіргі соғыс сызығында" тоқтатуға шақырды.
"Олар соғысты қазіргі соғыс сызығында тоқтатуы тиіс деп санаймын. Қалғаны тым күрделі. Ешқашан да оның түбіне жетпейсіз" деді Трамп. Ол өзінің пікірін Украина мен Ресей басшыларына жеткізгенін айтты.
Зеленскийдің Вашингтонға сапары алдында Трамп Путинмен телефонмен сөйлескенін (Кремльдің бастамасымен болған) және екі ел басшылары Будапеште кездесуге келіскендерін айтқан.
Трамптан "Ресей президенті әдейі созбалақтап отыр деп алаңдамайсыз ба?" деп сұраған кезде "иә" деп жауап берді.
"Өмір бойы ең үздіктермен ойнадым және өте жақсы ойнадым. Сондықтан иә, сәл уақыт [ұтқысы келген болуы мүмкін], бәрі жақсы болады" деді Трамп. "Ол келісім жасағысы келеді деп ойлаймын" деді.
Кей сарапшылар Трамптың көзқарасына Путин әсер еткен болуы мүмкін деп шамалайды.
"Мұндай нәрсе бұған дейін де болған және бұл жолы жағдай басқаша болады де айтқым келеді, алайда басқаша болады деуге негіз жоқ" деді CNN-ге америкалық бұрынғы дипломат Ричард Хаасс.
"Бейбітшілікті қалаған Трамптыкы дұрыс. Оның талап етіп жатқаны дұрыс, бірақ оның өзінің жеке саясаты өзінің мақсатына нұқсан келтіріп отыр, себебі ол Владимир Путинге тиісті дәрежеде қысым жасап жатқан жоқ. Ал Путин уақыт өз жағымда деп ойлайды" деді Хаасс.
Трамп пен Путиннің телефонмен сөйлесуі Ресей әскерінің Украинаның азаматтық және энергетикалық инфрақұрылымдарын үздіксіз атқылап жатқан шақта Вашингтонда Америкадан ракеталар мен әуе қорғаныс жүйесін сатып алуға күш салып жүрген украин делегациясы үшін күтпеген жайт болды.
Бұған дейін Мәскеу Вашингтонға Украинаға "Томагавк" ракетасын бермеуді ескерткен, ал Путин бұл АҚШ пен Ресей арасындағы эскалацияның жаңа кезеңі болмақ деп айтқан.
17 қазанда Путиннің Еуропадағы санаулы одақтастарының бірі Венгрияның премьер-министрі Виктор Орбан Ресей басшысымен сөйлесіп, оған Будапеште кез келген саммит өткізуге көмектесуге уәде берген.
"Дайындық қызу жүріп жатыр" деп жазды ол Facebook. Ол осылайша Венгрия Путинді халықаралық қылмыстық сотының шешіміме сәйкес тұтқындамайтынын да хабар бергендей болды.
Еурокомиссиясының өкілі Олоф Гилл Брюссельде журналистерге блок Украинаға тұрақты бейбітшілік әкелуге көмектесетін, сол процесті жылжытатын кез келген кездесуді жылы қабылдайды деді.
Украинадағы соғысты 24 сағатта бітіруге уәде берген Трамп атысты тоқтату бойынша келіссөзде ілгерілеушіліктің болмағанына талай реніш білдірген.
Аляскадағы Путинмен алғашқы самиттен бөлек Трамп Ақ үйге оралғалы бері Ресей басшысымен кемінде сегіз рет телефонмен сөйлескен. Ал Ақ үйдің арнайы уәкілі Стив Уиткофф Путинмен Мәскеуде кемінде бес рет кездесті.
Трамптың Путинге көзқарасы – жалпы Мәскеудің соғысына қатысты ұстанымы – кейінгі айларда айтарлықтай өзгерді. Себебі Ресей майдандарда алға жылжып, украиналық елді мекендер мен қалаларды қиратуын тыйған жоқ.