Accessibility links

Зеленский АҚШ-қа барды. Трамппен кездесу кезінде "Томагавк" ракетасын жеткізу талқылануы мүмкін


Украина президенті Владимир Зеленский.
Украина президенті Владимир Зеленский.

Украина президенті Владимир Зеленский Вашингтонға жеткенін хабарлады. 17 қазанда Ақ үйде ол АҚШ президенті Дональд Трамппен кездеседі.

Зеленскийдің Telegram-арнасында АҚШ-қа ұшып барғаннан кейін ұшақ баспалдағында жазылған видеожазба бар. Бейсенбі күні "Интерфакс-Украина" әуе рейстерін бақылайтын сервиске сүйене отырып, Украина президентінің Эндрюс әуе базасына қонғанын жазған.

Бейсенбі күні Зеленский АҚШ-тың энергетикалық және қорғаныс компанияларымен кездесетінін хабарлаған еді.

"Бұл біздің қорғанысымызды нығайтатын өте мықты қаруларды шығаратын өндірушілер" деді Украина басшысы.

Трамппен алдағы кездесу туралы айтқан Зеленский Ақ үй басшысының Газа секторындағы атысты тоқтату бойынша бейбіт жоспарын атап өтті.

"Таяу Шығыста сәтті жүзеге асқан соғысты тежеу импульсі Ресейдің Украинаға қарсы соғысын тоқтатуға көмектеседі деп үміттенеміз" деп жазды Зеленский.

Оның сөзінше, Мәскеу "Томагавк" ракетасын естігеннен кейін "диалогты жалғастыруға асығып жатыр".

АҚШ-та бірнеше күннен бері жүрген украин делегациясы 16 қазанда Трамптың Украина мәселесі бойынша арнайы уәкілі Кит Келлогпен кездесу өткізді.

"Украина мен АҚШ президенттерінің кездесуі алдындағы маңызды әңгіме – негізгі басымдықтар мен басымдықтарды келісу. Нақты шешімдер болады деп үміттенеміз" деп жазды Ермак.

Бейсенбі күні Дональд Трамп Ресей президентімен телефонмен ұзақ әңгімелесті. Кейін Трамп Зеленскиймен келіссөз жүргізетінін және Путинмен Венгрия астанасы Будапеште кездесетінін мәлімдеді.

Жұма күні АҚШ және Украина басшыларының келіссөзі кезінде талқыланатын басты тақырыптардың бірі – Украинаға Америка қаруын, оның ішінде алысқа ұшатын қанатты "Томагавк" ракетасын жеткізу мәселесі болмақ. Мәскеу "Томагавк" ракетасын жеткізу соғысты ушықтырып, Ресей мен АҚШ қарым-қатынасын салқындата түседі деп мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG