БИЛІКТЕГІ ПАРТИЯ ЖЕҢІМПАЗ АТАНДЫ
Грузияның орталық сайлау комиссиясы (ОСК) сайлау учаскелерінен түскен дауыстардың есебін жинақтап, парламент сайлауының алдын ала қорытынды дерегін жариялады.
ОСК хабарлауынша, жиынтығы 3111 сайлау уческесінің 3109-ында (99,93%) сайлау бюллетендері толық саналып біткен. Ал қалған екеуіне келсек, Марнеулидегі сайлау учаскесінде дауыс беру қорытындысы жойылды, ал Душетиде хаттама толтырылған жоқ деп мәлімдеді ОСК төрағасы Георгий Каландаришвили.
Бұл жолы Грузия азаматтары ұлттық парламентті бұрынғыдай аралас жүйе емес, толық пропорционал жүйе бойынша дауыс беріп сайлады.
Заң бойынша, саяси партияларға сайлау блоктарына бірігуге тыйым салынған. Ал оппозициялық партиялар алауыздық жетегінде кетіп, сайлауға бір тізім бойынша түсу мүмкіндігін уыстан шығарып алды дейді сарапшылар.
Олардың айтуынша, "Грузин арманына" бақталас бірнеше партияның бірегей күш болып жұмылмай, әрбірі көрпені өзіне қарай тартуы сайлаушылардың дауысын шашыратып, билік партиясы мұны бәсекелестерінің алдын орап кетуге ұтымды пайдаланған.
Сайлаудың ресми алдын ала қорытындысына сәйкес, "Грузин арманы" партиясы 53,92 пайыз дауыспен бәсекелестерінің бәрінен озған. Ресейде бизнес жүргізіп байыған миллиардер Бидзина Иванишвили негізін қалған бұл партия кейінгі 12 жылдан бері Грузияда билік басында отыр.
Парламентке бес пайыздық межені еңсерген батысшыл төрт оппозициялық күш: "Өзгерістер үшін коалициясы" (11,04 пайыз), "Бірыңғай ұлттық қозғалыс" партиясы (10,16 пайыз), "Қуатты Грузия" (8,8 пайыз) және "Гахария Грузия үшін" партиясы (7,8 пайыз) да өтті. Оппозициялық партиялар дауыс беру қорытындысы бұрмаланды деп отыр.
Сонымен, сайлаудың ресми қорытындысына сай, 11-шақырылымдағы Грузия парламентіндегі 150 орынның 89-ы "Грузин арманы" партиясының еншісіне тисе, "Өзгерістер үшін коалициясы" – 18, "Бірыңғай ұлттық қозғалыс" партиясы – 17, "Қуатты Грузия" – 14, "Гахария Грузия үшін" партиясы – 12 орын иемденеді.
ОСК-ның алдын ала мәліметіне сәйкес, шетелде ашылған 67 сайлау учаскесіндегі дауыс беру қорытындысы бойынша, оппозициялық "Өзгерістер үшін коалициясы" бірінші болып тұр, оған сайлаушылардың 33,32 пайызы қолдау білдірген.
Шетелдегі сайлаушылардың 13,33 пайызы "Грузин арманына" дауыс беріп, биліктегі партия төртінші орын иеленді.
Елдің премьер-министрі Ираклий Кобахидзе бұған байланысты сөзінде шетелде тұратын Грузия азаматтары елдің қалай дамып жатқанын толықтай білмей отыр деп мәлімдеді.
"Жалған ақпарат, пропаганда жүріп жатыр. Елде не болып жатқанын көзіңізбен көрмесеңіз, онда сол үгіт-насихаттың ықпалына оңай түсуіңіз мүмкін", – деді Кобахидзе.
"Грузин арманы" партиясы Тбилиси мен елдің басқа да ірі қалаларында көп дауысқа қол жеткізе алмады деген ақпарат айтылды. Бірақ партия өкілдері оны шындыққа сай емес деп терістеді.
СЕНІМГЕ СЕЛКЕУ ТҮСІРГЕН КЕМШІЛІКТЕР
Грузияда 26 қазандағы парламент сайлауына дауыс беру "тең жағдайда өтпеді, қысым мен шиеленіскен ахуалдың көлеңкесінде қалды" – Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ), Еуропа кеңесі, Еуропарламент және НАТО-ның бірлескен халықаралық бақылаушылар миссиясы мәлімдемесінде осылай деп айтылған.
Бақылаушылардың мәлімдеуінше, жалпы дауыс беру процесі жақсы ұйымдастырылған, бірақ "шиеленіскен жағдай" мен "тең емес ойын шарттары" сайлау нәтижесіне деген сенімге селкеу түсіреді. Бақылаушылар Грузиядағы сайлау процесі халықаралық демократиялық принциптерге жеткілікті дәрежеде сай болған жоқ деп есептейді.
ЕҚЫҰ дауыс сатып алу, екі рет дауыс беру, күш көрсету және қорқытып-үркіту сияқты сайлау кезінде тіркелген заңсыз жайттарды айыптады.
Еуропарламент делегациясының басшысы Антонио Лопес-Истурис Уайт Тбилисидегі баспасөз мәслихатында биліктегі "Грузин арманы" партиясы сайлау қарсаңында дұшпандық риториканы, оған қоса сайлауды "бұрмалауға және манипуляция жасауға талпынған" түрлі астыртын әрекеттер жайлы теориялар мен "ресейлік жалған ақпараттар" таратуды қолданған деді.
ЕҚЫҰ миссиясының жетекшісі Паскаль Ализар сайлаушылардың көбі дауыс берді, әртүрлі саяси партиядан бақылаушылар да көп болды деді, ол мұны жүйенің өскен және дамыған белгісі деп санайды.
"Демократия сөзсіз дамып жатыр", – деді Ализар Азаттықтың Грузин қызметіне.
ОППОЗИЦИЯ РЕСМИ ҚОРЫТЫНДЫҒА КЕЛІСПЕЙДІ
Бұған дейін оппозиция күштері сайлауға дейін және сайлау күні заңсыздықтар болғанын алға тартып, ресми қорытындыны мойындаудан бас тартқан. Оларды дауыс беру кезіндегі бұрмалаушылықтар, күш қолдану, әкімшілік ресурсты пайдалану, сайлаушыларды сатып алу сияқты фактілерді алға тартқан жергілікті коммерциялық емес ұйымдар қолдады.
Грузия президенті Саломе Зурабишвили қазіргі сайлау қорытындысын "толықтай бұрмаланған" деп атады.
"Ресейдің халқымызға, елімізге қарсы арнайы операциясының, гибрид соғысының куәсі және құрбаны болдық", – деді президент Зурабишвили. Ол сайлау қорытындысына келіспейтіндердің бәрін 28 қазан кешке ел астанасындағы Руставели даңғылына акцияға шығуға шақырды.
Премьер-министр Кобахидзе президент қарсылығына қарамастан, үкімет қайта жасақталып, парламент өз жұмысын бастайды деп мәлімдеді. Ол оппозицияның жаңа парламент жұмысына кедергі келтіретін ресурсы жоқ деп айтты.
"Грузин арманы" партиясы сайлау науқаны кезінде оппозицияны "сыртқы күштердің тапсырмасымен Грузияны қақтығысқа тартуға тырысып жатыр" деп айыптаған. Билік партиясы бұл сайлауда "Бейбітшілік, ұлттық бірегейлік, дәстүрлі құндылық және экономика дамуы үшін" деген ұранды негізгі месседж ретінде пайдаланды.
Оппозиция Грузияның қазіргі билігін "елді халықаралық қауымдастықтан оқшаулап, кремльшіл саясат жүргізіп отыр" деп айыптап жүр. Оппозиция күштерінің ұраны – "Халыққа қамқорлық, жемқорлықпен күрес, Еуроодақ пен НАТО-ға қосылу, Ресейдің ықпалына жол бермеу".
Грузия парламентін сайлаудың ресми қорытындысы шықпай жатып, Еуропада Кремльге бүйрегі бұратын саясаткер саналатын Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан "Грузин арманы" партиясына құтты болсын айтып үлгерді. Ресми Тбилиси Венгрия премьері 28-29 қазанда Грузияға сапармен келеді деп хабарлады.
ПІКІРЛЕР