Accessibility links

Өзбекстандағы парламент сайлауы және өзгерісті кейіптеу


Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев парламент сайлауында “қызу бәсеке” болады деп мәлімдеді. Бірақ кейінгі 15 жылда биліктің айналасындағы сол баяғы партиялар жеңіске жетіп келеді. Ал оппозициялық саяси партиялар сайлауға жіберілмей келеді.

Биыл бүкіл әлемде өтетін сайлаулардың бірнешеуін еркін әрі әділ өтпейді деп болжауға болады. Соның бірі — 27 қазанға жоспарланған Өзбекстан парламентінің сайлауы.

Орталық Азиядағы халқы ең тығыз орналасқан елдің билігі әлемді сайлау әділ өтетініне сендіруге күш салып жатыр.

Бүкіл елде өтетін жергілікті сайлаудан бөлек, Өзбекстанның қос палаталы ұлттық заң шығарушы органы жаңа аралас жүйе бойынша сайланады. Жаңа жүйе мажоритарлы жүйе, аудандық деңгейдегі бәсеке мен саяси партиялардың пропорционалды өкілдігінен тұрады.

Жаңа жүйені жақтаушылар “парламенттің төменгі палатасындағы 150 орынның жартысын пропорционалды жүйе бойынша сайлау (қалған 75 орын партия өкілдерінен сайланады) партия құрылымының қолына салынған дәрі сияқты” дейді.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев алдағы сайлауда “мықты бәсеке” болады деп болжады. Бірақ бір мәселе бар.

“Сайлауға түсіп жатқан партияның бәрі – биліктің “қалтасындағы” партиялар. Билік жаңа саяси партиялардың құрылуына кедергі жасап отыр”, — дейді Ұлыбританиядағы Central Asia Due Diligence зерттеу орталығының негізін қалаушы Әлішер Ильхамов.

"БАЯҒЫ ЖАРТАС..."

Өзбек халқы жаңа парламентке 2019 жылы дауыс берген. Бұл елдегі елеулі өзгерістермен тұспа-тұс келді.

Мирзияев билікке келгелі 35 миллион халқы бар ел бұрынғы авторитар президент Ислам Каримовтың тұсындағы изоляциядан шықты. Өзбекстан экономикасында жекешелендіру мен шетелдік инвестицияға мүмкіндіктер пайда болды. Виза саясаты түбегейлі өзгеріп, туризм қарқынды дами бастады. Билікті сынайтын блогерлер мен тәуелсіз ақпарат құралдары үшін кішкене, бірақ байқалатын еркіндік туды.

Өзбек жүйесінде ең аз өзгеріске ұшыраған элемент қайсы?

Авторитар президент Каримовтың кезіндегідей саясат тек таңдаулы адамдарға ғана арналған клуб болып қалды.

Ислам Каримовтің Самарқандағы ескерткіші.
Ислам Каримовтің Самарқандағы ескерткіші.

Содан бері бес жыл өтті. Қазіргі жағдай Өзбекстанда сыни көзқарас пен қарсы пікір алаңы қайтадан тарылып келе жатқанын көрсетеді.

“Шекарасыз тілшілер” ұйымының ақпарат құралдарының еркіндігі жайлы 100 балдық шкаласында Өзбекстан 2019 жылдан бері 46,48-орыннан 37,27-ге түсті. Өйткені Мирзияевтің “жылымығы” кезінде пайда болған блогерлердің кейбірі қатаң түрме жазасына кесілді.

Ендеше 27 қазанда өтетін сайлау бұл тенденцияны неге өзгертуі керек?

Осы айдың басында Diplomat журналында жарияланған оптимистік мақалада Өзбекстандағы билікшіл талдау ұйымы — прогрессивті реформалар орталығының негізін қалаушы Миршохид Асланов “саяси ландшафтыда қызу белсенділік жүріп жатыр” деп жазды.

Сарапшының пікірінше, алдағы сайлау елдің дамушы саяси тарихында жаңа бөлім басталады деген белгі бола алады. Асланов өзі басқаратын талдау орталығы жүргізген сауалнамаға сүйенеді. Сауалнама қорытындысына сәйкес, халық ашықтық, экономикалық реформалар, сот жүйесінің тәуелсіздігі мен қоршаған ортаны қорғау сияқты салаларда өзгерістер болғанын қалайды.

“Сайлауға түсіп жатқан бес партия осы көңіл-күйді жақсы пайдаланып отыр. Олар прогресті қалайтын халықтың көңілінен шығатын мәлімдемелер жасап жатыр”, — дейді сарапшы.

Бұл жақсы, Ташкенттен түскен хабарлар да кандидаттардың плакаттары ілініп, жақсы көрініп тұрғанын растайды. Ташкент қалалық кеңесінен орын алу үшін қос бірдей халық әртісі сайлауға түсіп жатыр.

Өзбек сайлаушылардың қаншауы Аслановтың сипаттамасынан “әлеуметтік әділдік” үшін күресуге уәде беріп, өзін жұмысшы тап пен әлжуаз топтардың қорғаны етіп көрсетуге тырысқан бес партияның бірін таниды?

Дауыс берушілердің қаншауы “Адолат” социал-демократиялық партиясын біледі?

Парламент құзыретінің шектеулі екенін ескерсек, партиялардың бұлай мұқият таңдалуы кей бақылаушыларда сайлау назар аударуға тұрмайды деген ой туғызуы мүмкін.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының бақылаушылар миссиясы сайлау туралы алдын-ала есебінде алысқа ұзаған жоқ, бірақ партия тіркеуге қойылатын талаптардың ауырлығын, оларды көбіне тіркеуден бас тартып, қызметін тоқтатып немесе жиын өткізуге тыйым салуға құқықтық негіздер көп екенін сынады.

Өзбек парламенті.
Өзбек парламенті.

Бұл туралы Қыдырназар Аллақұловтан артық білетін адам жоқ. Ол – Мирзияевтің сыншысы, көп жылдан бері оппозициялық “Шындық, прогресс, бірлік” партиясын тіркей алмай келеді.

Осы уақыт ішінде Аллақұлов, оның туыстары мен жақтастары тұрақты қудалауға ұшыраған. Бұрын университет ректоры болған Аллақұлов өзін полиция ұстаған кездердің бірінде жыныс мүшесінен электрошокермен ұрғанын айтқан.

Аллақұловтың ұлы, партиялас серігі Шерзод қазір түрмеде отыр.

Парламентте Мирзияев пен басқа да саяси салмағы бар тұлғаларды сынайтын адам жоқ.

Мирзияев “Жаңа Өзбекстан” деп атаған дәуірде тәуелсіз ойларымен көзге түскен қос депутат өз орындарынан бас тартты.

Қыдырназар Аллақұлов
Қыдырназар Аллақұлов

Gazeta.uz жаңалықтар сайты Дониер Ганиевті “Өзбекстан халқы үшін маңызды, кейде аса өзекті тақырыптарда ашық пікір білдіретін аз депутаттың бірі” деп сипаттайды. Ол тамызда парламенттен кететінін мәлімдеді.

Ганиев Telegram арнасына парламенттегі рөлін жалғастыру өзіне де, сайлаушыларға да пайда әкелмейтінін жазды.

Ганиевпен бірге Өзбекстан либералды-демократиялық партиясы атынан сайланған Расул Көшербаев қызметінен даумен кетті.

Ол 2022 жылы желтоқсанда өзіне мемлекеттік бюджетке қатысты сұрақ қоюға мүмкіндік берілмегеннен кейін, парламент жиындарын «шоу» деп атады. Көшербаев партиядан шықты. Бірақ кейін үкімет кеңесшісі қызметіне тағайындалды.

Бұл — былтырғы референдум нәтижесінде қабылданған жаңа конституцияға сай өтетін және Мирзияев 2023 жылы шілдеде жаңа президенттік мерзімге сайланғаннан кейін (конституциялық өзгерістерден кейін президент құзыреті бес жылдан жеті жылға ұзарды) болатын бірінші сайлау.

27 қазанда Қарақалпақстан парламентіне де бірінші сайлау өтеді. Қарақалпақстан — Өзбекстан құрамындағы номиналды түрде автономды республика. 2022 жылы Қарақалпақстанда конституцияға ұсынылған өзгерістерге қарсы жаппай тәртіпсіздік болып, билік оны күшпен басқан.

Бұл дағдарысқа әртүрлі деңгейдегі саяси өкілдіктің дұрыс жүзеге аспауы әсер етті. Бірақ билік бұл жағдайдан сабақ алғанға ұқсамайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG