Accessibility links

Telegram және ФСБ: Мессенжер туралы жаңа зерттеу нені аңғартты?


Ресейлік "Важные истории" басылымы Telegram мессенжері жайлы зерттеу видеосын жариялап, әлеуметтік желінің Ресей қауіпсіздік қызметіне қатысы барын, мессенжердегі жазбалар сырт көзден қорғалмағанын мәлімдеді. Компанияның өзі не дейді? Мессенжер расымен қорғалмаған ба?

ЗЕРТТЕУШІЛЕР НЕ ДЕЙДІ?

Күнделікті хат-хабар алмасып, жаңалық оқып жүрген Telegram желісінің Ресейдің қауіпсіздік қызметі ФСБ-мен байланысы бар дейді "Важные истории" басылымы. Зерттеуші журналистер жүздеген миллион қолданушының дерегі осы арнайы қызметтің бақылауында болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Бірақ Telegram-ды құрған Павел Дуров бірнеше жыл бұрын Ресейден қысым көріп кеткенін мәлімдеген.

2024 жылғы сәуірде америкалық журналист Такер Карлсонға берген сұхбатында Дуров мессенжердің қалай пайда болғанын баяндаған .

"Telegram-ды" құру идеясы біз әлі Ресейде жүргенде пайда болды: қарулы полицейлер менің үйіме келіп, ішке кіруге тырысты, себебі мен оппозициялық пабликтерді өшіруден бас тартқанмын" деді Дуров сол кезде.

"Телеграм – ең қауіпсіз мессенжер, өйткені ондағы ақпаратты Ресейдің және басқа ешбір елдің билігіне бермей қойғаны үшін Павел Дуров көп қысым көрді" деген сөз құр аңыз дейді ресейлік "Важные истории" басылымы.

Журналистер сөзінше, Дуровтың 2014 жылы біржолата кеткелі Ресейге қайта бармадым дегені де жалған. Олар жарияға шығып кеткен Ресей шекара қызметі базасынан 2015–21 жылдар аралығында Дуровтың елге 50 мәртеден астам кіріп-шыққанын көрген. Сапардың көбі Telegram-ға қатысты маңызды оқиғалармен тұспа-тұс келген.

Басылым тілшілері сөйлескен сарапшының айтуынша, Telegram екі қолданушы арасындағы хаттарды тікелей шифрламайды, яғни тұйық шифр қолданбайды. Ақпарат ортадағы сервер арқылы өтеді. Мессенжер сол бөгде сервер арқылы үшінші тұлғаға IP мекенжайды, онда айтылған әңгімені оқуға мүмкіндік береді.

"Telegram Ресей билігі елді нағыз цифрлық диктатураға айналдырып үлгерген кезде пайда болды. [Елде] тамақ жеткізуден бастап әуе билеттерін сатуға дейін, әр байланыс операторы мен әрбір сервис деректерді сақтап, арнайы қызмет органдарына тапсыруға міндетті" дейді "Важные истории" зерттеушілері.

Telegram-ның негізін қалаушы Павел Дуров. Джакарта, Индонезия, 2017 жыл.
Telegram-ның негізін қалаушы Павел Дуров. Джакарта, Индонезия, 2017 жыл.

Журналистер Telegram-ның инфрақұрылымына Кариб теңізіндегі Антигуа мен Барбудо деген арал мемлекетте орналасқан Global Network Management (GNM) деген компания жауапты екенін анықтаған. Алайда бұл компания іс жүзінде Ресейде орналасқан. Оның иесі — Ресей тумасы Владимир Веденеев.

"Дуров мессенжері Ресейде қандай да бір инфрақұрылымды пайдаланады дегенді әрдайым жоққа шығарып келді. Алайда АҚШ-тағы сот процесі материалдарына қарағанда, Telegram серверлеріне қызмет көрсететін және оның трафигіне ие компания іс жүзінде Ресейде орналасқан. Бұл туралы сотта тікелей Владимир Веденеевтің өзі айтқан" дейді "Важные истории" журналисі Роман Анин.

Журналист АҚШ сотындағы тергеу кезінде Владимир Веденеевпен болған диалогтан үзінді келтірді:

– GNM-де қанша адам жұмыс істейді?
– 12 адам.
– Олар қайда орналасқан?
– Екеуі Антигуада, алтауы Ресейде. Қалғандары Азия мен Еуропада.
– GNM-нің кеңселері бар ма?
– Біз Антигуада кеңсе жалдаймыз, ал Ресейде, Санкт-Петербург қаласында өз ғимараттарымыз бар.

Сотта Веденеев Дуров пен Телеграмның сенімді өкілі екені де айтылған. Оның бұрын иелік еткен және қазір басқарып отырған компаниялары Ресейдің қауіпсіздік құрылымдарынан, атап айтқанда ФСБ-дан мемлекеттік тапсырыстар алған.

"Бұл Telegram серверлерінің бір бөлігі ФСБ-мен жұмыс істейтін ұйымдардың қолында екенін көрсетеді, осы серверлер арқылы қолданушылар дерегі билікке берілуі техникалық тұрғыда мүмкін" дейді зерттеу авторлары. Алайда Telegram-ның баспасөз қызметі зерттеуде айтылған уәждерді жоққа шығарды.

"Telegram-дағы барлық сервер тек Telegram-ға тиесілі және оны Telegram қызметкерлері басқарады. Оған рұқсатсыз қол жеткізу мүмкін емес. Telegram-ның Ресейде қызметкерлері де, серверлері де жоқ. Telegram жеке хат-хабарларды үшінші тарапқа ешқашан берген емес және оның шифры бір де бір рет бұзылған жоқ" деді Telegram баспасөз қызметі.

ПАВЕЛ ДУРОВ КІМ?

41 жастағы Павел Дуров әуелі "ВКонтакте" желісін құрып, көпке танылды. 2014 жылы ол Ресейдің Федералды қауіпсіздік қызметі Украинадағы "Еуромайдан" тобы ұйымдастырушыларының жеке дерегін беруді талап еткенін мәлімдеп, мұны миллиондаған қолданушыға жасалған қылмыс деп атаған. Өтінішті орындаудан бас тартып, көп өтпей шетелге көшіп кеткен.

Павел пен ағасы Николаймен бірге Тelegram желісін 2013 жылы жасап шыққан. 900 млн-нан астам қолданушының көбі ТМД елдерінде тұрады. Желі Үндістан мен АҚШ-та да танымал.

40 жастағы Павел Дуров былтыр тамызда Парижде ұсталып, төрт тәулік қамауда отырып, қаржылай кепілдікпен босап шыққан. Оған Франция билігі платформа арқылы "Қылмыстық топтарға қызмет көрсетуге жағдай жасады", "Балаларға қарсы зорлық сипатындағы материалдарға жол берді" деген және тағы үш айып тағып, тергеу жүргізіп жатыр.

Ол бірер күн бұрын америкалық журналист Такер Карлсонға тағы да сұхбат беріп, мені не үшін айыптап жатқанын әлі күнге дейін түсінген жоқпын деген.

TELEGRAM ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАН

Қазақстанда Telegram-ды қолданушылар саны 8,5 миллионнан асқан. Желіде қазақстандық нөмір арқылы тіркелген 17 мың арна, 2300 топ бар.

Америкалық Freedom House үкіметтік емес ұйымы 2023 жылғы есебінде Қазақстанның құзырлы органдары WhatsApp және Telegram мессенжеріндегі көп адам отыратын чаттарға қол жеткізе алады деп жазған.

"Биліктегілер кейде жоспарланып жатқан іс-шаралар туралы мәліметтер алу және қысым көрсету мақсатында, оның ішінде алдын ала ұстау мақсатында белсенділердің хат-хабарын тыңдайды. Арнайы қызмет органдары WhatsApp және Telegram желілеріндегі топтық чаттарға қол жеткізе алады, өйткені белсенділердің айтуынша, олар тек сонда жарияланған материалдарға қатысты қиындықтарға тап болған. Биліктегілердің жабық чаттарға қалай енетіні белгісіз, бірақ бұл топтарда ақпарат берушілер бар немесе полиция ұсталған белсенділердің телефондарына қол жеткізеді деген болжам бар" деді ұйым екі жыл бұрын.


Freedom House таратқан бұл ақпарат шыққан уақытта ішкі істер министрлігі аталған жабдықты интернеттегі алаяқтық пен түрлі қылмыспен күрес үшін қолданатынын айтқан.

ҚАЙ МЕССЕНЖЕР ҚАУІПСІЗ?

Әлемде қолданушысының дерегін ешқашан, ешкімге бермейтін, жүз пайыз сенімді мессенжер жоқ дейді IT-маман Данияр Мұқанов. Сарапшының сөзінше, әлеуметтік желінің өзі қауіпсіз болғанымен, кемшілік телефонның өзінде болуы мүмкін.

– Сіздің телефоныңыздың өз осал тұсы болуы мүмкін. Ондай жағдайда сіз оған қандай қауіпсіз мессенжер қойсаңыз да, ол оқылады. Оны ешқалай қорғай алмайсыз, – деді ол Азаттыққа.

Мұқановтың айтуынша, жаңа жарық көрген әлеуметтік желі бастапқыда құзырлы органдардың көзіне түсе бермеуі мүмкін, бірақ қолданушылары миллионнан асқан кезде билік оған назар аударады.

– Бұл - үлкен саясат. Одан ешкім қашып құтыла алмайды. Дуров мырза "мемлекеттік органдармен жұмыс істеймін, бірақ соттан қағаз келсе ғана беремін, есікті ашық қалдырмаймын" дейді. Оның жұрт алдындағы ұстанымы осы. Бірақ "Важные истории" басылымының айтуынша, ФСБ-да ашып қойған есік бар. Бірақ ол есік тек ФСБ-ғана ашылып тұрған жоқ. DarkNet-ке кіріп, біреуге ақшасын берсеңіз, ол сізге WhatsApp-тағы да, Telegram-дағы да, Signal-дағы да жазбаларды шығарып береді, – дейді IT-маман.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG