Accessibility links

Грузиядағы шеру, премьердің сес көрсетуі және экс-президенттің үндеуі. Тбилисиде не болып жатыр?


Грузия премьер-министрі Ираклий Кобахидзе үкіметке қарсы шерушілерге сес көрсетіп, тоқтамаса қамалатынын айтты. Демалыс күндері ел астанасы Тбилисиде ірі наразылық акциясы өткен.

"Бірқатар адам қамалды. Ең әуелі төңкеріс талпынысының ұйымдастырушылары қамалды" деді Кобахидзе 5 қазан күні журналистерге. Бұл тұста жұрт еуропашыл қарсылық акциясына жиналған еді. "Ешкім жазасыз қалмайды... Мемлекет пен құқық қорғау органдарына қарсы зомбылығы үшін әлі талай адам жазаға кесіледі".

Грузия ішкі істер министрлігі мәлімдеме жасап, "Қоғамдық тәртіп мен қауіпсіздік қатер төндірмес үшін қажет шараның барлығын қолданамыз" деді.

4 қазан күні Тбилисиде өткен наразылықтың кемі бес ұйымдастырушысы ұсталған. Олардың арасында белсенділер Паата Бурчуладзе мен Муртаз Зоделава да бар.

70 жастағы танымал опера әншісі Бурчуладзе ұсталғанға дейін ішкі істер министрлігіне үндеу арнап, оларды халық үніне құлақ асуға және билік басындағы "Грузин арманы" партиясының жетекшілерін қамауға шақырды.

5 қазанның кешінде Грузияның мемлекеттік қауіпсіздік қызметі Тбилиси сыртындағы құпия жерден ірі көлемде қару-жарақ, оқ-дәрі және жарылғыш заттар тапқанын мәлімдеді.

Мекеменің сөзінше, бұл заттарды 4 қазан күні бүлік ұйымдастыру мақсатында қолдану пиғылы болған. Сол күні елде жергілікті сайлау өткен. Халықаралық ұйымдар дауыс беру үрей мен қысымға толы жағдайда өткенін айтты.

Оппозициялық күштердің басым бөлігі сайлауға бойкот жариялады. Сөйтіп, "Грузин арманы" партиясы даулы муниципалитеттің бәрінде жеңіске жеткенін мәлімдеді.

Еуроодақтың сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы өкілі Кая Каллас 5 қазан күні сайлау процесін сынап, оның "қарсы үнді жаппай жаншу жағдайында" өткенін айтты.

"Тәуелсіз БАҚ-қа айлар бойы рейд жүргізу, азаматтық қоғамға қарсы заңдарды қабылдау, оппоненттер мен белсенділерді қамау, сайлау заңын билік партиясына қолайлы етіп өзгерту сайлаудың бәсекелі өту мүмкіндігін едәуір азайтты" деді ол. "Оппозицияның едәуір бөлігі сайлауға бойкот жариялады, дауыс берушілер саны салыстырмалы түрде аз болды".

"Сайлаудан кейінгі кезеңде сабыр сақтауға және ұстамдылық танытуға үндейміз, билікті азаматтардың жиналу және пікір білдіру еркіндігіне деген құқығын сақтауға шақырамыз"деді Кая Каллас пен Еуроодақтың ұлғаю жөніндегі комиссары Марта Кос ортақ мәлімдемесінде.

Еуроодақты айыптау

Кобахидзе Еуроодақты Грузияның ішкі ісіне араласты деп Еуроодақ елшісі Павел Герчинскийдің сөзін мысал етті.

"Өздеріңіз білетіндей, шетелден келген нақты адамдар осының барлығына, яғни конституциялық құрылысты құлатуға бағытталған жария әрекетке тікелей қолдау білдірді" деп келтірді грузиялық баспасөз Кобахидзенің сөзін. "Осы тұрғыда Еуропа одағының Грузиядағы елшісіне ерекше жауапкершілік жүктеледі. Ол өзін одан аулақ ұстап, Тбилиси көшелерінде болып жатқанның бәрін қатаң айыптауға тиіс".

Кая Каллас пен Марта Кос ортақ мәлімдемелерінде Еуроодақ "Грузиядағы Еуроодақ рөлі туралы жалған айыптарды терістейді және айыптайды, сондай-ақ Еуропа одағының Грузиядағы елшісіне қарсы жеке шабуылдарды айыптайды" деді.

Батысшыл наразылардың көздегені – былтыр басталған шерулерді жалғастыру. Ол шерулер парламент сайлауындағы бұрмалаудан және биліктің Еуроодаққа қосылу жөніндегі келіссөздерден бас тартуынан туған. Оппозиция сондай-ақ ел үкіметінің ресейшіл болып жатқанын сынап отыр.

Кейінгі айларда ауыр репрессиялардан кейін наразылық үні басылғандай болған.

"Грузин арманының" ресейшіл бағыты

"Грузин арманының" Ресейге жақындай түсуі, соның ішінде Кремль заңдарына ұқсас нормаларды енгізуі Грузияның бұрынғы серіктестері АҚШ пен Еуроодақтың наразылығын тудырып, салдарынан көптеген ортақ бастамалар тоқтап қалған.

Грузия өкіметі оппоненттер мен баспасөзді басып-жаншығанын, наразыларға қатыгездік көрсеткенін жоққа шығарады.

Шерушілер өкімет талабына бағынар емес, ал ұйымдастырушылар наразылықты жалғастыруға үндеп отыр. Өкіметке қарсы жұрт 5 қазанның кешінде жиналған, бірақ қайсыбір шерушінің ұсталғаны туралы хабар тарамады.

Грузияның бұрынғы президенті, осыған дейін "Грузин арманы" партиясына қарсы бейбіт жиындар бастаған Саломе Зурабишвили кез келген зомбылыққа қарсы екенін айтып, билікті 4 қазан күнгі президент әкімшілігіне шабуылды "қолдан жасады", оппозицияны қаралағысы келді деп айыптады.

"Грузияның еуропашыл болашағына үндейтін бейбіт шерудің 310-күнінде Руставели даңғылында тұрмын. Биліктің президент сарайын басып алу туралы "қойылымы" – арандату. Біз оған үндеген жоқпыз, біз еркін әрі ашық сайлауға, Еуропашыл Грузияға үндейміз" деп жазды ол 4 қазан күні X желісінде.

5 қазан күні Зурабишвили жақтастарын өкіметке қысым көрсете беруге шақырды.

"Нағыз ашық парламенттік сайлау өтетін күн туады. Сол күні біз өз таңдауымызды білдіреміз... Барлығыңызды бірге шығуға, бейбіт наразылық аяқталғанша тұруға шақырамын" деді ол.

XS
SM
MD
LG