Accessibility links

"Келінизация" немесе отбасындағы әлімжеттік


Тәжік қалыңдық. Көрнекі сурет
Тәжік қалыңдық. Көрнекі сурет

Тәжікстандағы жас әйелдер "қиын ене" тақырыбын жиі көтере бастады. Олар отбасындағы үстемдік пен әлімжеттік құбылысына "келінизация" деп ат қойды.

Әлеуметтік желілер шыққалы бері тәжікстандық әйелдер интернеттегі әртүрлі топтар мен форумдарда күйеуінің отбасымен, әсіресе, жас жұбайлардың өмірін адам төзбестей ететін енелермен қарым-қатынастың қиындығын айтады. Қалыңдықтың барған жерінде кездестіретін барлық қиындықтарын олар "келінизация" деп атайды.

"ТАҢҒЫ БЕСТЕ БАСТАЛАТЫН ҚЫЗМЕТ"

Келінизацияның барлық қиындықтарын басынан кешкендердің бірі Зебоның туған жері - Худжанд. Ол Тәжікстан астанасында екі жылдан бері тұрып жатыр. Зебо өз жағдайын Азаттықтың Тәжік редакциясына айтуды ұйғарған.

- Бірінші кезең - бір жылдан үш жылға дейін, ене әрбір істен ілік іздеуді қойып, сабасына түскенше жалғасады. Үнемі қызмет көрсетуің керек және қандай жағдай болса да үйдегі үлкен әйелмен тайталаспайсың. Худжандта әрбір екінші үйде осылай. Мен сұлулық салонында жұмыс істегенмін. Бізге келген әйелдер осындай әңгімелерді айтатын. Енеммен бірге үш-ақ жыл тұра алдым. Одан кейін күйеуім екеуміз бөлек шығып, пәтер жалдадық. Ал жолдасымның ағасының екі әйелі болды. Ақырында енемнің қысымына шыдамай екеуі де бірінен кейін бірі қашып кетті, - дейді ол.

Нан жауып жатқан келін. Көрнекі сурет
Нан жауып жатқан келін. Көрнекі сурет

Зебоның айтуына қарағанда, мұндай отбасыларда ене келіннің қашан тұратынын, қалай киінетінін, кіммен және қайда жұмыс істеу керектігін, жас жұбайларға қалаға қашан шығуға болатынын, қашан және қанша бала көтеру керектігін де шешеді.

Енесінің талабы бойынша, дәстүрге сай Зебо ұйқыдан таңғы сағат бесте тұратын болған. Үйді жинап, барлығына таңғы ас әзірлеп, соның арасында жұмыс алдында өзін де ретке келтіріп жүрген. Ал кешке жұмыстан соң осының бәрі қайталанып келген.

ҚАЙТА ТӘРБИЕЛЕУ мен АЖЫРАСУ

- Өмір енемнің айтқаны бойынша өтеді. Оны тыңдамасаң, онда бұл отбасындағы ең ауыр қылмыс болып саналады. Бұл ажырасуға дейін жетуі мүмкін, - дейді Зебо.

Біз сөйлескен әйелдер келінизациядағы ең басты кезең - бірінші балалы болу екенін айтады. Тұңғыш бала ұрпақ жалғастырушы ұл болса, жақсы. Онда ене келінге дұрыс қарауы мүмкін. Егер көпке дейін бала көтере алмаса, бұл барлық отбасы мүшелерін алаңдатып, күнделікті келінді түтіп жеуге себеп болады деген сөз.

Бала туу күйеу жігіттің отбасындағы келін үстінен жүргізілетін биліктің бекуіне де ықпал етуі ықтимал.

Тәжікстандағы үйлену тойы. Көрнекі сурет
Тәжікстандағы үйлену тойы. Көрнекі сурет

- Барлығы жаңа түскен келін қашан босанады деп күтеді. Келін айтқанды тыңдамаса, ажырасам деп қорқытуға болады. Ал балалы болғаннан кейін оған: "Баламен енді кімге керексің?", "Жұрт бетіңе түкіреді, тізеңді құшақтап қаласың" деп ескерткендей болады, - дейді Зебо.

Күйеу жігіттің отбасы тарапынан жасалатын қадағалаудың қаттылығы сондай, олар жас жұбайлардың қалауына қарамай, кейде жүкті етпейтін дәрі ішуді немесе керісінше, түсік жасауды талап етеді.

Күйеулер аналарының айтқанымен келіспесе де, бір үйде тұрғасын, моральдық және материалдық тәуелді болғасын, әдетте, ештеңе істей алмайды. Бұдан өзге ененің жағында қоғамдық пікір және "келін бағынуы қажет" деген ойдағы махалланың үлкендері бар. Яғни, бұл отбасылық-қоғамдық деңгейдегі әлімжеттік.

ҚАЙДА БАРСАҢ ДА, КЕЛІНИЗАЦИЯ

Егер басқа үй немесе пәтерге көшіп, бөлек отау болып шығу бақыты бұйырса, бұл ененің бақылауынан құтылу деген сөз емес. Өйткені мұның бәрі ененің мінез-құлқына байланысты.

Бірақ келіннің шаруаға мығым екенін, ұлының "сенімді қолда" екенін көрген кейбір енелер ары қарай жас отбасының өміріне араласпайды. Өзінің де, келінінің де қартайғанына қарамастан, келіні өзі ене атанып жас келін түсіріп жатса да, бақылауын қоймайтын енелер бар.

Жыл сайын байқатпай қанаушы-енеге айналу келінизацияның бір бөлігі.

Психологиялық тұрғыдан қатардағы жауынгерден "дембелге" айналу барлық әйелге бірдей оңайға соқпайды. Жаңа түскен келінді түсініп, оны қолдаудың орнына кейбір енелер оларға бұрын өздері душар болған жағдайды тудырады.

Біз 45-50 жас аралығындағы әйелдерді сөзге тарттық. Олардың кейбірі арада қанша жыл өтсе де, кейбірінің енелері бақилық болса да, әлі күнге бұл туралы ашып айтудан қорқады. Олар мұндай әңгімені жария етудің қажеті жоқтығын, «қоғам мен махалла түсінбейтінін» айтады.

БӨЛЕК ШЫҒУ - ТӘУЕЛСІЗДІК ФАКТОРЫ

Келінизациядағы әлімжеттікке байланысты көптеген ата-ана қыздарын тұрмысқа берер алдында жігіттің жеке үйі бар-жоғына қарайды. Бұл қазіргі негізгі талаптардың бірі.

Бүгінде көптеген қыздардың жұмысы мен білімі бар. Еркін. Олар мұндай қарым-қатынасқа шыдай алмайды. Бұл отбасындағы қақтығыс пен ажырасуға әкеп соқтырады.

Тәжікстанның әйел және отбасы комитетінің дерегі бойынша, елдегі тіркелген әрбір үшінші неке ажырасумен аяқталады. Қыздың ата-анасы жағдайдың осылай болуы мүмкін екенін ескертеді.

Оқи отырыңыз: Жас белсенді "келіндер клубын" ашпақшы

- Меніңше, жас жұбайлар бөлек тұруы керек. Мысалы, біздің отбасымызда солай. Құдайға шүкір, менің ата-анамның түсінігі бар. Ағам үйленген. Біз оның өміріне араспаймыз. "Келінизация" туралы естідім. Тек елдің солтүстігінде емес, Душанбеде де мұндай оқиғалар көп. Көршілерімнің көбі осындайды басынан өткерген, - дейді қоғам белсендісі Феруза.

Бұған байланысты басқа да пікірлер бар. Қыздарды көнбіс әрі сабырлы болуға шақыратындар да бар.

- Қыз бала өз үйінен кетіп, бөлек тәртіп пен дәстүр қалыптасқан жаңа үйге келеді. Осыны түсініп, өзінің перзентіндей қабылдап, бір-біріне көмектесу керек. Енелерін туған шешесіндей жақсы көріп, жақсы өмір сүріп жатқандар да бар ғой, - дейді көз дәрігері Мухаббат.

Дәстүрлі қазақ отбасыларындағы келінді жұмсау салты мен әсіре консервативтік көзқарасты енелер туралы Қазақстан қоғамы да аракідік талқылап тұрады. Тәжікстандағы "келінизация" туралы мәселе көтерген әйелдердің сөзіне қосыласыз ба? Форумға жаза отырыңыз. Азаттық үшін оқырман пікірі әркез маңызды.

(Азаттықтың Тәжік қызметінің мақаласы негізінде әзірленді)

XS
SM
MD
LG