Зеленскийдің Ақ үйдегі сол кездесуінің нәтижесінде жоспарда болған минералдар келісіміне қол қойылмады және АҚШ-тың Украина қорғанысына бөлетін қолдауы тоқтап қалатындай қауіп төнді. Осыдан соң Тайвань Вашингтонға ұсыныс жасады. Әлемнің ең ірі микрочип өндірушісі – Taiwan Semiconductor Manufacturing Company (TSMC) 3 наурыз күні АҚШ-қа 100 млрд доллар инвестиция құю жоспарын жариялады. Жоспарда жаңа зауыттар, өнімді буып-түю нысандары және зерттеу орталығы қарастырылған.
Ақ үйде тұрып сөйлеген TSMC басшысы Си-Си Вей чип инвестициясына саяси қысым емес нарық талабы түрткі болғанын мәлімдеді. Бірақ баспасөз конференциясында Трамп TSMC компаниясы жалпысалалық 25 пайыз баж салығынан босатылады деп мәлімдеді.
"Тайвань ұсына алатын ең негізгі тауар – чиптер. Трамп біз туралы сөйлегенде әрдайым чип туралы айтады" деді Азаттыққа Тайваньнің бұрынғы депутаты, Хадсон институтының ғылыми қызметкері Джейсон Сюй. "Бұл – алдыңғы шепке шығып, оны жанында ұстау амалы".
Киев содан бері Вашингтонмен қарым-қатынасын қалыпқа келтіре алғанымен, осы бір оқиғалар Киев пен Тайпейдің әдістері әртүрлі екенін көрсетті. Бірақ сөйте тұра Тайвань Украинаның майдандағы және майданнан тыс қимылдарынан сабақ алып отыр.
Қытай Тайваньді өз құрамына қосу үшін әскери үстемдігін көрсетіп, дипломатиялық қысым жасап жатқан тұста 23 млн халқы бар Тайвань Украинадағы соғыстан көп нәрсе үйрене алады дейді Азаттық сөйлескен сарапшылар. Оның ішінде қоғамды соғысқа дайындау мәселесі, АҚШ президентімен қарым-қатынас құруда неден тартыну қажет екені бар.
СОНЫМЕН ТАЙВАНЬ УКРАИНАДАҒЫ СОҒЫСТАН НЕ ҮЙРЕНДІ?
Ресей Украина үлкен күшпен басып кіргелі Тайпей Киевті белсене қолдап келеді. Өйткені Тайвань үкіметі өзінің геосаяси жағдайын Украинаныкіне ұқсатады. Ұзақ уақыт бойы Тайваньға қысым көрсетіп келе жатқан Пекин бұл арал Қытайға бейбіт жолмен қосылмаса, оны күшпен басып алудан тартынбайтынын айтады.
Украинаны да, Тайваньді де бірінші болып қолдаған АҚШ. Вашингтонның Киевті дипломатиялық жолмен, әскери көмекпен және барлау деректерімен қолдағаны Украинаның Ресей екпініне төтеп беруінде үлкен рөл атқарды.
Тайвань да АҚШ-тың әскери және саяси қолдауына арқа сүйейді. АҚШ-тың Тайвань туралы заңы бар. Ол бойынша Вашингтон Тайваньді Қытай әскери агрессиясынан қорғауға тиіс.
Бірақ Трамптың кейінгі мәлімдемелері АҚШ пен Тайвань қарым-қатынасының болашағын бұлыңғыр етті. Ол Тайпейді АҚШ шалаөткізгіш индустриясын ұрлап отыр деп (мұны терістейтіндер көп) бірнеше рет айтып, Тайвань АҚШ ұсынған "қорған" үшін ақы төлеуге міндетті деген.
"Зеленский тап болған жағдай керілген арқанның үстімен жүруге тура келетінін еске салады" дейді Джейсон Сюй. "Нөмірі бірінші қағида: Тайвань Трамп пайдақор саясаткер екенін, ол қандай да бір келісім жасаса, оның өтемін алғысы келетінін түсінуі қажет".
Бірақ Тайвань шенеуніктерінің айтуынша, арал мемлекет Украинадағы соғыстан бұдан да ауқымды қорытынды жасаған.
Тайвань сыртқы істер министрінің орынбасары У Чжи-чжуннің Азаттыққа айтуынша, Украинадағы соғысқа дейін Ресей президенті Владимир Путиннің Украина жөніндегі сөзі мен қадамдарын елемегендер көп болған. Дәл қазір Қытай басшысы Си Цзиньпин де Тайваньға деген амбициясын білдіріп, сол жолмен келе жатыр; халықаралық қауымдастықтың мұны байқамауы "аңқаулық" болар еді дейді ол.
Вице-министрдің сөзінше, Тайвань қазір "бүгін емес" саясатын ұстанып отыр. Бұл саясат аясында Тайпей Еуропадағы және өзге аймақтардағы серіктестерімен тығыз жұмыс істеп, Қытайды әскери қадамнан тартынуға итермелеуді көздеп отыр.
ТАЙВАНЬ ЫҚТИМАЛ ҚАҚТЫҒЫСҚА ҚАЛАЙ ДАЙЫНДАЛЫП ЖАТЫР?
Бұл саясаттың бір тармағы қоғамды Пекин қысымына төтеп беруге дайындауға бағытталған. Қытай бұл аралды үйден қашқан баладай көреді: оны қайтарып алғысы келеді.
Тайвань президенті Лай Циндэ 2024 жылы "Бүкіл қоғам төзімділігі комитетін" құрды. Бұл комитет елді табиғи және адам қолымен жасалған апатқа дайындауы қажет. Мұның ішінде Қытайдың ықтимал экспансиясы не блокадасы да бар. Бұл қадам елде азаматтық қорғаныс ұйымдары мен олардың мүшелері санының артуымен тұспа-тұс келді. Мұндай ұйымдар алғашқы медициналық жәрдемнен бастап эвакуациялау жоспарына дейін үйретіп, соғыс кезінде ұрысқа дайын болуға жаттықтырады.
Қоғамды және азаматтарды дайындау 14 наурызда жаңа деңгейге көтерілді. Президент Лай Циндэ Қытайды "шетелдік жау күші" деп жариялап, қауіптің артуына және тыңшылық оқиғалары (оның ішінде Тайвань әскеріндегі жағдайлар да бар) легіне байланысты ұлттық қауіпсіздік шаралары күшейтілетінін мәлімдеді.
"Қытай демократиялық Тайваньнің еркіндігін, әралуандығын және ашықтығын пайдаланып жатыр. Олар қылмыстық топтарды, баспасөз құралдарын, комментаторларды, саяси партияларды, тіпті қызметтегі және зейнетке шыққан әскерилер мен полицейлерді арбап, солардың қолымен елге бүлік салып, бірлігімізді бүлдіргісі келеді" деді Лай теледидар арқылы халыққа жолдауында.
Атлант кеңесінің штаттан тыс ғылыми қызметкері, АҚШ теңіз әскерінің отставкадағы контр-адмиралы Филип Юдің Азаттыққа айтуынша, "Украинадағы соғыс азаматтық қорғаныс дайындығымен бірге стратегиялық инфрақұрылымдарды қорғау қаншалық маңызды екенін көрсетті".
Мәскеудің басқыншылық соғысы басталғанда Ресей танкілерінің Киевке бет алғанын көрген едік. Бірақ Тайваньнің жағдайында соғыс мүлдем басқаша өрбуі мүмкін.
Әрине, Тайвань бірінші кезекте Қытайдың әскери шабуылына дайын болуы қажет. Дегенмен Пекин бұл аралды құрсауға алып, тұншықтыру әдісін қолдануы да мүмкін. Мұндай жағдайда Тайпей сауда-саттық жүргізе алмай, азық-түлік тапшылығына душар болып, Пекинге бағынуға мәжбүр болады.
Қытай сондай-ақ карантин жариялап, Тайваньнің әуе және теңіз қатынасын шектеп тастай алады және мұны әскер емес құқық қорғау органдарының көмегімен іске асыруы мүмкін. Бұл жағдай да сауда-саттыққа соққы жасалады.
Мұндай қадам іске асса, Тайвань халықаралық қолдауды жұмылдыруда қиыншылыққа тап болып, ықтимал әскери шабуыл қарсаңында әлсіз болып қалмақ.
"Арал мемлекет ретінде энергия көздерінің 97 пайызын теңіз импортынан алатын Тайваньға үлкен қауіп-қатер төнеді" деді Ю.
ТАЙПЕЙДІҢ ТРАМП ЖӨНІНДЕГІ СТРАТЕГИЯСЫ ҚАНДАЙ?
Трамп әзірге Тайвань жөніндегі саясатын нақтыламады және қақтығыс жағдайында бұл елге АҚШ әскерін жіберу-жібермеу жөнінде жауап беруден бас тартты.
Сайлауалды науқан кезінде Трамп Тайвань қорғанысқа көбірек қаражат жұмсауы қажет екенін мәлімдеген. Тіпті қорғаныс бюджетін ЖІӨ-нің 10 пайызына жеткізуге үндеген. Арал мемлекет мұны қаперге алды.
Тайвань кейінгі жылдары қорғаныс бюджетін арттырып, міндетті әскери қызметті төрт айдан бір жылға созды. Дей тұрғанмен, елдің қорғанысқа бөлетін ақшасы ЖІӨ-нің 2,45 пайызын ғана құрайды. Тайвань премьер-министрі Чжо Жунтай әскери бюджетті ЖІӨ-нің 10 пайызына жеткізу мүмкін емесін айтты.
Оның үстіне оппозиция бақылауындағы Тайвань парламенті қаңтарда үкімет шығынын қысқартуды мақұлдап тастаған. Бұл қорғаныс қаражатын арттыруды одан әрі қиындатады.
Бірақ сөйте тұра, Тайвань үкіметі Вашингтонның шағымдануына жол бермеу үшін барын салып отыр.
Трамптың келісім жасағыш қасиетін қаперге алған Тайвань АҚШ-тан үлкен сомаға қару-жарақ алуы мүмкін екенін меңзеп отыр. Тайпей сондай-ақ бұл елден келетін газ импортын арттыруға да ниетті екенін білдірді. Кейбір зерттеушілердің айтуынша, бұл ұсынысты іске асыру АҚШ кемелері мен өңдеу терминалдарын қажет етеді. Ал ол өз кезегінде Тайвань үшін Қытайдың ықтимал агрессиясынан қосымша қорған болмақ.
Бірақ Тайваньнің ең қуатты ұсынысы стратегиялық маңызы бар шалаөткізгіш өндірісі болуы мүмкін. Осы айдың басында үлкен инвестиция туралы жоспарын жариялаған TSMC әлем бойынша озық шалаөткізгіштің 90 пайыздан астамын өндіріп отыр. Бұл өнім смартфондар мен жасанды интеллектіде, озық технологиялы қару-жарақта қолданылады.
Шалаөткізгіш өндірісі секілді стратегиялық маңызы жоғары салалар кемде-кем. Ал Тайваньдағы TSMC пен өзге де чип өндірушілер АҚШ-тың Nvidia секілді алпауыт компанияларымен серіктес.
100 млрд долларлық инвестиция туралы жоспар Тайвань ішінде қарсылық тудырды. Әлемнің ең басты шалаөткізгіш өндірушісі болғаны Тайваньнің АҚШ үшін стратегиялық маңызын арттырып, Қытайдың ықтимал шабуылынан қорған болып келген. Стратегиялық өндірісті АҚШ-қа көшіру осы қорғаннан айыра ма деп алаң бар.
TSMC АҚШ-та озық технологиялы чиптерін өндіре ме, жоқ па, бұл жағы әлі белгісіз. Бірақ Джейсон Сюй Тайваньнің бұл саладағы үстемдігін пайдаға жаратуын дұрыс қадам деп санайды.
"Бұл – компромисс. Бұл – біз үйренетін маңызды сабақ" деді Сюй. "Бұл – төрт жыл бұрынғыдан бөлек Америка. Әлемнің өзі де төрт жылғы бұрынғыдан өзгеше. Біз прагматика болуымыз керек".
ПІКІРЛЕР