Accessibility links

Табиғи газға бай Қазақстан Ресейден құбыр тартуға ниетті. Неге?


Summary

  • Қазақстан мен Ресей жаңа газ құбырын салуға ынталы, бұл елдің Мәскеуге тәуелділігін күшейтпей ме?
  • Қазақстанда газ қоры көп болғанымен, оны өңдейтін зауыттар жетіспейді. Неге?
  • Ірі кен орындарының газы Ресейдің Орынбор зауытында өңделіп, қайта импортталады. Қазақстанда зауыт салуға не кедергі?
  • Елдің біраз аймағы Ресей газына тәуелді. Мұны қалай өзгертуге болады?
  • Газ көп, бірақ ішкі нарықта газ аз. Неге?

Өткен апта Ресейлік "Газпром" компаниясы мен Қазақстан үкіметі жаңа газ құбырын салу жөніндегі меморандумға қол қойды. Қол қою рәсіміне Қазақстан жағынан премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр, Ресейден "Газпром" төрағасы Алексей Миллер қатысқан. Іс жүзіне асса, қойнауы газға бай Қазақстан Ресейден табиғи газ құбырын тартпақ. Бұл Ресейге энергетика тұрғысынан тәуелділікті арттырмай ма?

РЕСЕЙ ЖАҒДАЙДЫ ӨЗ МҮДДЕСІНЕ ПАЙДАЛАНЫП ОТЫР МА?

Әзірге Ресейден Қазақстанға тартылуы мүмкін деген құбыр қай жерден өтетіні, құны қанша болатыны туралы мәлімет жоқ. Белгілісі – құбыр Ресейден бастау алады, яғни Ресей Қазақстанға қарай газ жөнелтеді. "Газпром" жаңалығына қарағанда, екі жақ Қазақстанда табиғи газға сұраныс артып келе жатқанын атап өткен. Бұдан бөлек екі тарап Қазақстанның Қарашығанақ кенішінен шығатын газды Ресейдің Орынбор қаласындағы зауытта өңдеуге уағдаласқан.

Газға мұқтаж Қазақстан, әскердегі қаза, Газадағы бейбітшілік — AzatNEWS l 09.10.2025
please wait

No media source currently available

0:00 0:23:37 0:00

Табиғи газға бай Қазақстан жылына шетелге шамамен 4 миллиард текше метр газ экспорттайды. Оның 95 пайызға жуығын Ресей мен Қытайға жөнелтеді. Есесіне Қазақстан тағы осынша көлемдегі газды Ресей мен Түркіменстаннан сатып алады. Ел үкіметі бұған себеп – жыл өткен сайын ел ішінде газға сұраныс артуы себеп дейді.

Қазақстан энергетика министрлігі дерегіне қарағанда, елде 3,8 триллион текше метр табиғи газ қоры бар. Соның арқасында Қазақстан табиғи газ қоры бойынша дүние жүзі бойынша 22-ші, ал ТМД-да Ресей мен Түркіменстаннан кейін үшінші орында тұр. Алайда Қазақстанда жыл өткен сайын газ өндіру азайып барады. Көрші Өзбекстанда да осындай жағдай. Ірі газ экспорттаушы ел болған Өзбекстан қазір шетелден газ сатып алуға мәжбүр. Мұнай-газ сарапшыларының айтуынша, Ресей бұл жағдайды өз мүддесіне пайдаланып отыр. 2022 жылғы қарашада Ресей президенті Владимир Путин Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстан, Өзбекстан, Ресей арасында газ одағын құруды ұсынған. Тоқаев "оған дайынбыз, бірақ бұл мәселені талдап, тексеруіміз керек" деген.

ТАБИҒИ ГАЗ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ӨЗІНЕ ЖЕТПЕЙДІ

Ресми дерек көрсетіп отырғанындай, Қазақстанда газ қоры жеткілікті. Бірақ неге Ресейге тәуелділік артты?

Қазақстандағы 3,8 триллион текше метр табиғи газдың көбі елдің батысында жатыр. Ең ірі кен орындары – Қарашығанақ, Қашаған, Теңіз.

Қазақстандағы газдың 40 пайызға жуығы табиғи газ, яғни құрамы негізінен метан. Тұрмысқа керегі де сол. Жерден аласың, аз ғана өңдейсің, қолдана бересің. Елде табиғи газ Ақтөбе облысындағы Жаңажол, Маңғыстаудағы Бейнеу, Қызылорда облысында Шығыс және Батыс Бозой, Жамбыл облысында Амангелді кен орындарынан шығады.



Жаңажолдан шыққан газда күкірт пен көмірсутек бар. Сол үшін оны өңдеп, тазартып пайдаланады. Жаңажол газы негізінен Ақтөбе мен Батыс Қазақстан облыстарына жеткізіледі.

Ал Бейнеу мен Бозойдың газы көп өңдеуді қажет етпейді, тікелей Бейнеу–Бозой–Шымкент магистралі арқылы оңтүстіктегі өңірлерге таратылады. Онда шығатын газдың 30 пайызға жуығы Қытайға экспортталады.

МӘСКЕУГЕ ТӘУЕЛДІЛІК СЫРЫ НЕДЕ?


Батыс пен оңтүстік осылай газбен қамтылады. Бірақ Орталық, Солтүстік және Шығыс Қазақстанға газ керек. Ресейге тәуелділік осы жерде басталады.

Оның үстіне елдегі газ қорының 60 пайызы ілеспе газ, яғни жерден мұнаймен бірге шығады. Оның қоспасы көп, құрамында ауыр көмірсутектер бар. Ондай газды тұрмыста қолдануға болмайды. Ол үшін күрделі өңдеу керек.

Ілеспе газ өндіретін Қазақстандағы ең ірі кен орындары – Қарашығанақ, Қашаған, Теңіз.

Қазақстан батысында өндірілетін газды Ресейдің Орынбор қаласындағы зауытқа жібереді. Ол жақта өңделген газды кері сатып алады. Мұны 2022 жылғы желтоқсанда Ресей президенті Владимир Путиннің өзі айтқан.

Қарашығанақ бір жылда өндіретін шикі газдың 40-45 пайызын Орынборға жібереді. Қалған көп бөлігі мұнай қысымын сақтау үшін жерге қайта айдалады. Орынбор зауыты Қарашығанақтан 130 шақырым жерде орналасқан.

Қазақстанда газ өңдейтін зауыт жоқ емес, бар. Бірақ олардың Қашаған мен Қарашығанақтың қоспасы көп газын тазалауға шамасы жетпейді. Толық жұмыс істеп тұрған ірі кәсіпорын біреу – Жаңаөзендегі “Қазақ газ өңдеу зауыты”. Ол жылына 1,5 млрд текше метр газ өңдейді. Қазақстан үкіметі 2030 жылға дейін батыста 4 зауыт саламыз деп уәде еткен.

Ал солтүстік, орталық пен шығысты Ресей газына тәуелді етіп тұрған себеп – құбырдың жоқтығы. Совет заманында газ жүретін құбырдың бәрі Ресейде орналасқан. Қазақстанға сол жақтан тарту тиімді. Елдің өз ішінде құбыр салу өте қымбат. 2019 жылы құрылысы біткен Сарыарқа магистралі бар. Бірақ ол да толық істемейді, өйткені онда айдайтын таза газ жетпейді. Ал таза газ Орынбордан ғана келеді.

"ИНВЕСТИЦИЯ ЖОҚ"

Бұл мәселелерді Азаттық "Қазақстан мұнай-газ кеңесінің" төрағасы Асылбек Жакиевпен талқылады.

Азаттық: "Газпроммен" жасалған бұл келісім Қазақстанның ішкі табиғи газ нарығы үшін нені білдіреді?

Асылбек Жакиев: Қазақстан жыл сайын 90 миллион тоннаға дейін мұнай өндіреді. Соның 80 пайызы бір құбыр арқылы өтіп жатыр. Ол – [Ресей арқылы өтетін] Каспий құбыр консорциумының (КҚК) құбыры. Бұл – Қазақстан үшін өте қиын. Өзіміз де араласып жүрміз, Қазақстан үкіметі бұл бағыттарды диверсификация жасау жолын қарастырып жатыр. Екі балама бағыт бар, олардың бірі – бәріміз қазір көтеріп жүрген Каспий теңізі арқылы Баку–Тбилиси–Жейхан бағытын дамыту. Бірақ бұған миллиардтаған доллар инвестиция керек. Қазақстан үкіметінің ондай мүмкіндігі жоқ. Өзім қатысқан бірнеше форум өтті, онда Қазақстан инвестиция тартуға уәде берді, бірақ, өкінішке қарай, үш жылдың ішінде көп инвестиция болған жоқ.

Бұған қоса Ақтау портының инфрақұрылымын нығайту керек. Қосымша танкерлер алу керек. Ал бір танкер бағасы ең кемі 20 миллион доллар. Бес танкер алсаңыз, 100 миллион доллар болады.

Үшінші мәселе – бір тонна мұнайды тасымалдау құны. Мысалы КҚК құбыры арқылы тасымалдаса, оның құны 20-30 доллар болады. Ал Баку–Тбилиси–Жейхан арқылы тасымал шығыны 80 доллар болады. Бұл – өте қымбат бағыт. Оның себебі – инфрақұрылым жоқ. Инфрақұрылым болса, құбыр Атырау, Кеңқияқтан бастап портқа дейін жақсы тасымалданар еді. Өкінішке қарай, Қазақстанда ешқандай инвестиция жоқ.

Дегенмен қазіргі геосаяси жағдайға байланысты осы бағытты белсенді түрде дамыту керек екенін бәріміз түсініп отырмыз.

Азаттық: Қазақстан ірі қорға ие бола тұра неге Ресейден табиғи газ импорттауға мәжбүр? Мәселен, Түркіменстаннан газды көп алу, газдандыруды жеделдету не өз газын өңдеуді жолға қою сияқты экономикалық балама неге жоқ?

Асылбек Жакиев: Қазақстан мұнай өндіру бойынша әлемдегі алдыңғы ондыққа кірді, оның 80 пайызы экспортталып жатыр деп айтамыз ғой. Ішкі нарықты қарасаңыз, мұнша мұнайды таба алмайсыз. Қазір төртінші мұнай өңдеу зауытын салайық, зауыттар желісін салайық деп жатыр. Бірақ оған пайдаланатын мұнай жоқ. Қазақстан мұнайының 80 пайызын "Теңізшевройл", Қарашығанақ және Солтүстік Каспий мұнай операторы игеріп отыр.

Ал газды алсақ, ол да солай. Ішкі нарықта газ тапшылығы бар. Сондықтан жаңа геологиялық барлау жүргізіп, жаңа мұнай-газ кен орындарын ашу керек. Мұның бәріне қаражат керек. Инвестиция жоқ. Соңғы 30 жылдың ішінде Қазақстанда мұнай мен газ саласында ешқандай жаңа кен орны ашылған жоқ. Теңіз, Қарашығанақ, Қашаған – совет мемлекетінің геологтары ашқан кен орындары. Сондықтан Қазақстанда осындай парадокс бар. "Теңізшевройл", Қарашығанақ, Қашаған кен орындары 2024 жылдың қорытындысы бойынша 53 миллиард текшеметр газ өндірген. Соның 80 пайызы қысымды сақтау үшін жерасты резервуарларына қайта жіберілген. Ал елде халық саны өсіп жатыр, сондықтан біз Ресейге тәуелді болып, сол жақтан сұрап жатырмыз.

Азаттық: Қазақстан неге әлі күнге дейін өз табиғи газын толық көлемде дайындап, өңдей алмай отыр? Неге Қарашығанақ газы ел ішінде өңделмей, Орынборға жөнелтіледі? Бұған нақты не кедергі?

Асылбек Жакиев: Мұндағы бірінші мәселе – совет кезінен қалған логистика. Екіншіден Қарашығанақтың қасында қосымша газ өңдеу зауытын салу құны өте қымбат. Жоба бойынша оның шығыны 6 миллиард долларға дейін жетуі мүмкін. Әрине, бұл – үлкен шығын, оны кім төлейді деген мәселе бар. Қазақстан америкалық "Шеврон", италиялық ENI, англиялық Shell компанияларына "инвесторлар қаражат салсын" дегенді айтып жатыр. Ал инвесторлар "тарифтер өте жоғары, тиімділігі жоқ" деген уәж келтіреді. Шетелдік инвесторлар мен Қазақстанның энергетика министрлігі келіссөз жүргізіп жатыр, бірақ мәселе бағаға келіп тіреледі.

Бізге өзіміздің газ өңдеу зауытымыз керек. Бұл мәселе жыл соңына дейін шешілуі де мүмкін. "Қазмұнайгаз" ұлттық компаниясы "өзіміз қаражат тауып, өз ақшамызға зауыт саламыз" деп мәлімдеген. Білетін болсаңыз, "Қазақгаз" Атырауда 1 миллиард текше метрлік газ өңдеу зауытын салып жатыр. Жоспарда Атырау облысында Қарашығанақ газын өңдейтін Катардың UCC Holding компаниясымен бірлескен 2,5 миллиард текше метрлік зауыт салу мәселесі бар. Бірақ ол жүзеге аса ма, жоқ па, ол жағы белгісіз.

Азаттық: "Газпроммен" мұндай келісім жасасу арқылы Қазақстан Ресейге одан әрі тәуелді бола түспей ме?

Асылбек Жакиев: Еуразия экономика одағындағы келісім бойынша, 2026 жылдың соңына дейін мүше мемлекеттер бір энергетика одағына бірігеді. Бұл – әрине өте қиын мәселе. Себебі Ресейдің жанармайы Қазақстандағыдан екі есе қымбат. Энергетика одағына кірген соң Қазақстандағы бензин де қымбаттайды, бұл әрине әлеуметтік мәселе тудырады. Нарық болған соң оның пайдалы жақтары да бар шығар. Бірақ мұнда энергетикалық тәуелсіздік мәселесі туындайды.

Салаға АҚШ-тың, Еуропаның инвестициясы көп келіп жатқан жоқ. Өкінішке қарай, геосаяси жағдайға байланысты көп тәуекел бар. Қазақстан тасымал жағынан Ресейге көп тәуелді болғандықтан, батыстың компаниялары Қазақстанға инвестиция жасауға қорқып жатыр.

Азаттық: Украинадағы соғыс басталған соң Еуропа Ресейдің энергетикалық орбитасына қалай қатты байланғанын, одан шығуға қаншалық тырысып жатқанын көріп отырмыз. Жаман айтпай жақсы жоқ, сондай жағдай бола қалса, Қазақстан бұл шырмаудан шыға ала ма?

Асылбек Жакиев: Қазақстанның бір артықшылығы – көрші елдердің барлығымен қарым-қатынасымыз жақсы. Ресей, Қытай, Батыс Еуропа, АҚШ – барлығымен қарым-қатынасымызды сақтап отырмыз. Бізге өте қиын, әрине, бірақ осы стратегияны әрі қарай жалғастыру керек. Энергетика мәселесінде, басқа да жайттар бойынша Ресейге көп қарайлаймыз, бірақ диверсификация стратегиясын әрі қарай жалғастыруымыз керек.

XS
SM
MD
LG